Мереке

Сынақпен шыңдалған маман

Құтқарушы болу — жай ғана қызмет емес, үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін абыройлы міндет. Төтенше жағдайлардың алдын алып, апаттың зардабын жою, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету — олардың күнделікті атқаратын кәсібі.
Облыстық төтенше жағдай департаменті жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Нұрбол Бозшин — осындай қайсар жандардың бірі. Ол бұл салада 2007 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп келеді. Бейбіт күннің батырларының бірі Нұрбол халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қалтқысыз еңбек етіп жүр. Өндірістік және тұрмыстық қауіптің алдын алу, тосын жағдайларда жедел шешім қабылдап, зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсету — оның басты ұстанымы.

— Менің негізгі мамандығым — қаржыгер. Бірақ жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін құтқарушы болуды таңдадым. Алғашында мекемеге жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Кейін құтқарушы, сүңгуірші болып қызмет еттім. Қазір құтқарушылар жасағын басқарамын. Жалпы, бұл салада жұмыс істеу оңай емес. Мұнда физикалық және психологиялық тұрғыдан мықты жандар ғана тұрақтап қалады. Уақыт өте келе тәжірибе жинайсың, кәсіби шыңдаласың. Ең бастысы, қиын сәттерде тез әрі дұрыс шешім қабылдай білу керек, — дейді ол.
Нұрбол Бозшин құтқарушы мамандығы тек кәсіби дайындықты ғана емес, үлкен жүректі, темірдей төзімді, мол тәжірибені талап ететінін айтады. Осы саланың барлық сатысынан өткен маман ретінде жұмысының қыр-сырымен бөлісті.
— Қандай жағдайға да психологиялық тұрғыдан дайын болуымыз керек. Жұмыстағы ең қиын сәттердің бірі — көлік апатында жаншылып қалған адамдарды шығару. Көз алдыңда денесі қысылып, қансырап жатқан жанды жұлқып бірден шығара алмайсың. Қате, шалыс қадам ол адамға керісінше зиян келтіруі мүмкін. Ал жаны қиналған адам айқайлайды, қасындағы туыстары дауыс көтереді. Осындай кезде шыдамдылық танытасың. Ал сүңгуір болған кезде кішкентай балаларды судың астынан алып шығу ауыр тиеді. Алайда мамандығың болғаннан кейін барлығына психологиялық тұрғыдан дайын боласың. Қазір жасақтағы жастарға өзімнің тәжірибемді айтып, бөлісіп отырамын. Мәселен, терең суға сүңгиін деп тұрған жастың қолына қалам беремін де, «мынау — қалам, жаны жоқ, зиянын тигізбейді. Судың астындағы адамның денесі де сондай, сондықтан денені байқағанда саспау керек деймін. Себебі біздің облыстағы өзен-сулардың асты лай, қараңғы, батқан адамды тек қолмен қармап жүріп іздейсің. Ал тәжірибесі аз жас мамандар осындай кезде шошып қалады, — дейді Нұрбол Бозшин.

Нұрбол Бозшин сүңгуір болу үшін үлкен тәжірибе керек екенін айтады. Жай ғана суға жүзуді білу жеткіліксіз. Құтқарушы-сүңгуірлер үш кластан тұрады. Ең жоғарысы — бірінші класс. Олар 25 метрден жоғары тереңдікке сүңги алады. Ал екінші кластағылар — 25 метрге дейін, үшінші кластағылар 12 метрге дейін сүңгуге рұқсат алады. Судың астында жұмыс істеу — адам ағзасына ауыр жүктеме. Қысым жоғары, ауа жетіспейді, көру мүмкіндігі аз. Бұл жағдай сүңгуірден тек физикалық дайындықты ғана емес, ерекше зейін мен салқынқанды болуды талап етеді.
— Тереңге сүңгу үшін бірнеше жылдық тәжірибе қажет. Себебі судың астындағы қысым құлаққа күш түсіріп, мұрыннан қан кетуі мүмкін. Жаңа келген жас мамандар бірден сүңгуге жіберілмейді. Алдымен жаттығады, содан соң ғана нақты тапсырмалар беріледі, — дейді ол.
Нұрболдың өзі де сүңгуірлікті алғашында оңай қабылдамаған. Бірақ жылдар өте келе жинаған тәжірибесінің арқасында өз ісінің шеберіне айналған. Қазір ол жас мамандарға білгенін үйретіп, әріптестерімен бірге күн сайын тәуекелге барып, адам өмірін сақтауға атсалысып жүр.
Ел тыныштығы мен адам өмірінің амандығы үшін еңбек етіп жүрген Нұрболдай мамандардың еңбегі қай кезде де құрметке лайық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button