Құтқарушылар отбасы

Сапаровтар отбасында ерлі-зайыптылардың екеуі де азаматтық қорғаныс саласында көп жылдан бері қызмет етіп келеді. Облыс тұрғындарын қауіп-қатерден құтқарып жүрген бұл отбасы — көпке үлгі.
Отағасы Ақтөбе қаласындағы №4 өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Есімжан Сапаровтың бұл салада қызмет етіп жүргеніне он жылдан асқан.
— Мен Қобда ауданының перзентімін. Оқуымды аяқтаған соң осы бөлімге келіп жұмысқа орналастым. Қазір қарауыл бастығымын. Қарамағымда онға жуық қызметкер бар. Біздің міндетіміз — өртке, басқа да төтенше жағдайға тап болған тұрғындарға көмек көрсету. Біздің жедел тобымыз күндіз-түні қандай жағдай болса да, адамдарға қол ұшын созуға әзір. Мәселен, өрт сөндіру бөліміне күніне ондаған қоңырау түседі. Біз қоңырау түскен бойда сол мекенжайға «ұшамыз». Бұл жерде, ең бастысы, адам өмірін құтқару. Сондықтан біз ыждағаттылықпен, үлкен жауапкершілікпен сол қиындыққа тап болған тұрғындарға көмектесіп, жағдайға сай тез әрекет етуге тырысамыз, — дейді Есімжан Сапаров.
Ол 2022 жылы Ақтөбе қаласындағы Алтын Орда шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйде болған өрт кезінде кішкене қызды жалыннан құтқарып, үлкен ерлік көрсеткен. Есімжан ештеңеге қарамай, бүлдіршіннің өміріне араша түсу үшін жетінші қабатқа автобаспалдақпен көтеріліп, қызды төменге түсіріп алады. Дәл осыған ұқсас оқиға 11-шағын ауданда да болды. Бұл жерде бір үйдің екі кішкентай баласы өрт болған аумақта қалып қойған. Құтқарушылар өрт болған үйге лезде жетіп, екі кішкентай баланы өрттен аман алып шықты. Бұл жерде де Есімжан әріптестерімен бірге ыждағаттылықпен әрекет етіп, балаларды төтенше жағдайдан аман алып қалды.
Есімжанның келіншегі Айдана Сапарова аталған бөлімде радиотелефонист болып жұмыс істейді. Оның бұл салада еңбек еткеніне 14 жыл болған.
— Жолдасым екеуміз бір салада қызмет етіп жүріп, отбасын құрдық. Бүгінде Азиза есімді қызымыз бар. Отбасында үлкен әжемізбен, ата-анамызбен тұрамыз. Осындай қиын салада еңбек ету — біз үшін үлкен абырой. Біздің бұл мамандықты таңдаудағы басты мақсатымыз — азаматтарды қауіп-қатерден сақтау, қиын жағдайға түскен адамдарға көмектесу, — дейді Айдана.
Ол 2010 жылы Қызылордадан Ақтөбеге келіп, аталған бөлімге жұмысқа орналасқан. Қазір Айдана — азаматтық қорғау сержанты. Бұған дейін «Мінсіз қызметі үшін» медалін алған.
— Менің міндетім — тұрғындардан хабарлама қабылдап, құтқарушыларды шақырту орнына жіберу, оқиғаның мән-жайын анықтау. Негізі, қоңырау қабылдап, жауап беру уақыты бір минуттан аспайды. Мәселен, бөлімге бір өрт туралы онға жуық қоңырау түсуі мүмкін. Сондықтан біз осы уақыт ішінде көшелердің атауы мен орналасқан жерін, әлеуметтік маңызы бар нысандарды, тұрғын үйлердің неше қабат екенін, пәтердің нөмірін, өрт басталған уақытын — барлығын есте сақтауымыз қажет, — дейді ол.
Д.ҚАЗИХАН.



