«Волонтерлер фабрикасы»

Жаңа жоба
С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Волонтерлер фабрикасы» атты жаңа жобаның басталуына орай жиын өтті.
Іс-шараға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ержан Талғатұлы, облыстық волонтерлер кеңесінің төрағасы Нұрбек Жалғасбаев,облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалин,
«Волонтерлер фабрикасы» жобасының жетекшісі Еркеболат Тағанов пен бір топ волонтер қатысты.
Волонтерлік фронт офистің үйлестірушісі Жоламан Асанұлының айтуынша, «Волонтерлер фабрикасы» — бұрын-соңды болмаған жоба. Бұл жоба аясында қаламыздағы 40 мектеп пен 10 колледжде тәжірибелі волонтерлер жасөспірімдерге ментор болып, волонтерлік қызметтің қыр-сырын түсіндіріп, оқу орнындағы осы саланың дамуына үлес қосады.
— Жобаның негізгі мақсаты — өңір жастары арасында волонтерлік мәдениетті насихаттау, дамыту, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жастарды қоғам өміріне бейімдеу, волонтерліктің қыр-сырын үйрету. Осы мақсатта біз әуелі өз арамыздан менторларды іріктеген болатынбыз. Барлығы 16 ментор іріктеуден өтті. Осында отырған әр ментордың кемінде екі жылдан көп тәжірибесі бар. Жауапкершілігі мықты. Жобаның маңызы мен міндеті түсіндірілді. Тәжірибелі волонтерлер ертеңгі күні бұл шаруаны абыроймен атқарып шығуға уәдесін берген, — деді «Волонтерлер фабрикасы» жобасының жетекшісі Еркеболат Тағанов.
Жоба жыл соңына дейін жалғасады. Менторлардың білім беру ұйымдарындағы атқарған іс-шаралары қорытындыланып, «Үздік ментор», «Үздік іс-шара», «Үздік волонтерлік топ» анықталмақ.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



