Өшпес ерлік насихатшысы

Шығыстың қос шынары атанған қазақтың батыр қызы Әлия мен Мәншүктің аты аталса, Ғалымжан Байдербестің де есімі қоса аталады. Облыстық мемлекеттік архивте Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Әлиятанушы ғалым Ғалымжан Байдербестің туғанына 90 жыл толуына орай «Әлия ерлігі — өшпес тарих» тақырыбында танымдық сағат өткізілді.

Мақсат — қазақтың батыр қыздары Әлия, Мәншүктің ерлігін ұлықтап, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезім мен адамгершілік сананы биік қойған Ғалымжан Ермағанбетұлының еңбек жолын болашақ ұрпаққа құжаттардың негізінде таныстыру, насихаттау және архив қорын тарихи маңызы бар жеке тектік құжаттармен толықтыру.
Іс-шараға Ғ.Байдербестің қызы Ақмарал Ғалымжанқызы мен немересі Әмина, Ә.Молдағұлова атындағы мемориалды музейдің директоры Ж.Мақсұтова, «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығының директоры Б.Тупенова, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы М.Тасқалиев, №77 орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Қаумешов және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тарих факультетінің 1-курс студенттері мен Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай Кеңес Одағы Батырлары топтамасының жеке тектік қорларында ерлікке сай еңбегі баяндалған тарихи маңызы бар құнды құжаттар негізінде «Батыр қыздың тұғыры биікте» және батыр туралы 40 жылдан астам зерттеу жүргізген Ғалымжан Ермағанбетұлының жеке құжаттары, ғылыми еңбектері, кітаптары, марапаттары, фотосуреттері және жеке жазбалары қамтылған «Мен Әлиянің әлемінде жүрмін» атты фото-құжаттық көрмелер таныстырылды. «Әлия рухын асқақтатқан» атты еңбек жолына шолу жасалып, бейне-слайдтар, бейнероликтер көрсетілді.
Мекеме басшысы М.Төлебай іс-шараны қорытындылап, қонақтарға сый-сияпат табыстап, алғысын білдірді.
Еркін БАҚТИЯРОВ,
Ақтөбе облысы мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері.



