Ақтөбеде нәресте өлімі азайған

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина мамандарымен және тұрғындармен кездесті. Жиын барысында министр денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзекті мәселелерді ортаға салды.

— Жалпы еліміз бойынша денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер байқалады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикада орташа өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа жетті. Ал Ақтөбе облысы бойынша бұл көрсеткіш — 75,18 жас. Сондай-ақ биылғы 8 айда халықтың жалпы өлім-жітім көрсеткіші республика көлемінде мың тұрғынға шаққанда 2,7 пайызға төмендесе, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 4,3 пайызға азайды. Нәресте өлімі де азайып отыр. Мәселен, Қазақстан бойынша мың балаға шаққанда нәресте өлімі 20,2 пайызға төмендесе, Ақтөбе өңірінде бұл көрсеткіш — 40,8 пайыз, — деді Ақмарал Әлназарова.
Министрдің айтуынша, мұндай нәтижеге Мемлекет басшысы мен Үкіметтің денсаулық сақтау саласына көрсетіп отырған тұрақты қолдауының арқасында қол жеткізіліп отыр. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын жақсарту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, әсіресе, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға баса көңіл бөлінуде.
Жиында дәрігерлер мен тұрғындар саладағы шешімін күткен түйткілді сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Министр медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, кадр тапшылығы, ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыру сынды мәселелерге қатысты нақты жауап беріп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын айтты.
Кәмшат ҚОПАЕВА.









