Туған жерін әнге бөлеп жүр

Өнер
Тынымсыз еңбек — өнердің де, өмірдің де заңы. Бала кезінен өнерге құштар, ән десе, ішкен асын жерге қоятын Орынбасар Жеңісов бүгінде аудандағы мәдени шаралардың көркін ашып жүр.
Ол Н.Байғанин атындағы аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып қызмет етеді. Әріптесіміз әрдайым заманның талабына сай, жастардың талғамындағы әндерді орындап, репертуарын жаңартып, үнемі ізденісте жүргенді ұнатады.
«Талапты ерге нұр жауар» демекші, қыркүйек айында Орынбасар Жеңісов бір емес, екі бірдей өнер байқауына қатысып, екеуінен де жүлделі орын алып келді. Алдымен әнші-композитор Дулат Айтжановтың шығармашылығына арналып, көршілес Мұғалжар ауданында өткен «Айрық айшықтары — 2025» облыстық ән байқауында ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында өткен «Жұбанның әлдилейді Ақжайығы» атты аймақтық ән байқауында да бақ сынады. Атынан көрініп тұрғандай, бұл байқау ақиық ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 105 жылдығына орай ұйымдастырылды. Біздің облыс атынан қатысқан Орынбасар Жеңісов байқауда оза шауып, І орынға ие болды.
Талантымен, ізденімпаздығымен танылған әріптесіміз әлі де талай жетістіктерге жетеді деп сенеміз.
Л.ШАДМАНОВА,
Н.Байғанин атындағы
Темір аудандық Мәдениет үйінің қызметкері.



