Мәдениет

Жас драматургтер жеңісі

Байқау

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының ұйымдастыруымен өткен ІІІ республикалық үздік драматургия байқауы қорытындыланды.

Биыл байқауға 23 туынды келіп түскен. Оның ішінде балаларға арналған пьесалардың саны — 9, жасөспірімдерге арналғаны — 14. Ұйымдастыру талаптарына сай шығармалар онлайн түрде автордың тегі көрсетілмеген сандық ретпен сарапталды. Осы жолғы байқау қатысушыларының шығармаларын театртанушы Амангелді Мұқан, жазушы, драматург Думан Рамазан және М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының «Әдеби драма» бөлімінің қызметкері, драматург Қолғанат Мұрат бағалады.
— Аталған байқау драматургтер мен театр арасында байланыс орнатып, жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдауға зор ықпал етеді. Байқауға бұған дейін еш жерде жарияланбаған, театр сахнасында қойылмаған, заңды және жеке тұлғалар сатып алмаған қазақ және орыс тілдеріндегі түпнұсқа пьесалар қабылданды. Драматург ретінде қатысушылардың шығармаларына жоғары баға беремін. Олар өз пьесаларында қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді арқау еткен. Мәселен, жеңімпаздар қатарынан көрінген Наурызбай Асылбековтің «Тоқылдақ» драмасын, Манарбек Қыдырбайұлының «Қыран», «Қасқыр мен жеті лақ» атты ертегілері балаларға түсінікті тілде жазылған. Тілі жеңіл, мағынасы қызықты. Оқырманын бір оқығаннан баурап алатын шығармалар. Бүгінде жастар әлеуметтік желінің ағынымен жүріп, қалай уақыт жоғалтқанын байқамай да қалады. Оның да зиянды тұстарын ескеруіміз керек. Қатысушылар арасында жасанды интеллектіні пайдаланғандар да болды. Драматург әрі жазушы болғандықтан, жас қаламгерлердің жұмысын сараптап, әділ бағасын бердік, — дейді қазылар алқасының мүшесі драматург  Қолғанат Мұрат.
Байқауға қатысқан қаламгерлерді марапаттау рәсімінен бұрын театр және өнер майталмандары қазіргі қазақ драматургиясының өзекті мәселелері туралы ой қозғады. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Елтай Кемал елімізде жастар театрларын көбейтіп, жас драматургтар бас қосатын үйірмелер ашу жөніндегі ұсынысын айтты. Театр тек касса жинау үшін жұмыс жасамай, көрерменіне ой саларлық дүние сахналауға тиіс деген пікірін білдірді.
Іс-шара барысында Ақтөбе туралы өлең-жырлар оқылып, театр актрисасы Жанар Қанымқұлова әннен шашу шашты.
Нәтижесінде балаларға арналған ертегі (5-10 жасқа дейін) номинациясы бойынша ақтөбелік Сағадат Ордашеваның «Мама-музей» ертегісі үздік деп танылып, 1-орын мен 350 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады. Ал жүлделі 2, 3-орын «Қыран» және «Қасқыр мен жеті лақ» ертегісінің авторы көкшетаулық Манарбек Қыдырбайұлына бұйырды. Сондай-ақ жасөспірімдерге арналған драма (18 жасқа дейін) номинациясы бойынша алматылық Ольга Малышеваның «Айдол» драмасы топ жарып, жеңімпаз атанды. Жүлделі 2-орынға ақтөбелік Наурызбай Асылбековтің «Тоқылдақ» драмасы, 3-орынға Ақмола облысы Бұлақсай ауылының қатысушысы Аян Салдатханның «Ғарышкер» драмасы лайық деп танылды. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлық табысталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button