Несептас ауруы Бұл қандай кесел?
Несептас ауруы (уролитиаз) — көп тараған кеселдердің бірі. Ертедегі Мысырда, біздің дәуірімізге дейінгі 3,5-4 мың жыл бұрын өмір сүрген адам мумиясынан бүйрек тасы табылған. Несеп тасы ауруы урологиялық аурулардың ішіндегі бүйрек пен несеп жүйесінің қабыну ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Экологиялық және әлеуметтік өзгерістерге байланысты біздің елімізде бұл аурудың таралу ерекшелігін зерттеу, көбею себептерін анықтау, диагностикасын және емдеу тәсілдерін жетілдіру, аурудың метафилактикасы мен профилактикасы қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Өйткені несеп тасы ауруының өсуі жылдан жылға артып барады, ол урологиялық стационардағы науқастардың 30-40 пайызын құрайды және негізінен осы аурулардың 65-70 пайызы еңбекке жарамды 30-50 жас аралығында кездеседі. Оның маңыздылығы тұрғысында медициналық-әлеуметтік мәліметте мәнді болып табылады, яғни несеп тасы ауруын емдеу кезінде нефрэктомияға қажеттілік (бүйректі алып тастау) 10-11 пайыз жағдайында пайда болады, ал операциядан кейінгі өлім 1,5 пайызға жетеді. Алғашқы мүгедектік құрылымында урологиялық аурулардың ішінде несептас сырқаты 14 пайызды құрайды. Одан өзге заманауи тексеріс әдістерінің және жедел емдеудің қымбатқа түсуі, қайта қалпына келу мерзімінің ұзақтығы, науқастардың еңбекке жарамсыздығы, аурудың рецидивті (қайталама) өтуі 35–38 пайыз, метафилактиканың тиімділігінің жеткіліксіздігі сияқты жағдайлар мәселені одан сайын күрделендіре түседі. Соңғы жылдары Ақтөбе облысында несеп тасы ауруының сырқаттанушылығының көрсеткіштерінің артуы, мысалы 2005 жылы 100000 адамға шаққанда 62,5 болса, 2010 жылы 77,4-ке жеткен. Стационарлық көмек алған науқастар саны 2005 жылы 255 болса, 2010 жылы 271 болған, яғни пайыздық өсім көрсеткіші 7,3-ке жеткен.
Сырқаттың себебі неде?
Несеп тас ауруларының табиғаты осы уақытқа дейін толықтай анықталмаған. Оныњ түзілуіне себепші факторларды сырттан әсер ететін (экзогенді) және іштен әсер ететін (эндогенді) деп бөледі, ал эндогенді факторларды жалпы бүкіл ағзаға тән және жергілікті тікелей бүйректегі өзгерістер мен факторларға бөледі. Несеп тасы ауруының эндемиялық ошақтарының болуы экзогенді этиологиялық факторлардың ролімен түсіндіріледі. Климаттық, топырақтық геологиялық құрылымның және сонымен байланысты су құрамының, флора мен фаунаның әсері зор. Несеп тасы ауруының құрғақ және ыстық жерлерде кездесуі терлеу мен сұйықтықтың көптеп бөлінуімен және несеп концентрациясының артуымен байланыстырылады. Ақтөбе өңіріндегі несеп тасы ауруының таралуына ауада, суда, топырақта хромның, бордың көп жинақталуы да себепші факторлардың бірі болып табылады. Қоршаған ортаның зиянды әсері техногенді аймақта өмір сүріп жатқан халыққа ғана емес, ең бірінші кезекте, өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейтін жұмысшылар негативті ықпалға душар болатындығын әрқашан ескеруіміз қажет. Несеп тасы ауруының пайда болуындағы іштен әсер ету факторларының арасында гиперпаратиреоидизмді, яғни қалқанша безі функциясының күшеюін алдыңғы орындардың біріне қоюға болады. Бұл бездің гормоны-паратгормон кальций алмасуында екі жақты мәнге ие. Бір жағынан ол фосфордың зәрмен шығуын ұлғайтып, кейін қанға сіңуін (реабсорбция) азайтады, екінші жағынан кальцийдің сүйектен шығуын күшейтеді. Несеп тасы ауруларының пайда болуында мынадай жергілікті эндогендік факторлар жетекші роль атқарады: несеп пассажының бұзылуына алып келетін туа пайда болған аномалиялар (бүйрек дистопиясы, таға тәрізді бүйрек, гидронефроз, тостағанша-астау сегментінің стенозы, несеп ағардың тарылуы) және пиелонефрит. Несеп тасы ауруларының дамуында зат алмасуының іштен туа бұзылуы — энзимопатия (тубулопатия) — белгілі бір ферменттің жетіспеуі немесе болмауы салдарынан нефронның проксимальды және дистальды бөлігінің зақымдануы маңызды роль атқарады.
Аурудың айқын белгілері
Ең жиі кездесетін белгісі және ауыры — бүйрек шаншуы. Шаншу кенеттен бел тұсында басталып, тастың орналасу жеріне байланысты қабырға астына, мықын, шап аймағына, сыртқы жыныс мүшелеріне, санның ішкі бетіне таралуы мүмкін. Кейде зәр шығару мен ауырсыну үрпі каналының бойында күштірек болады, бұл несеп жолының төменгі бөлігінің кедергіленгенін көрсетеді. Кей жағдайларда бүйрек шаншуы кезінде дененің температурасы көтерілсе, ол рефлюкске (зәрдің кері шабуына) байланысты бүйректің екінші реттегі қабынуына байланысты болады. Науқастардың кейбіреулерінде бүйректің шаншуы жоғарыда айтылғандай әдеттегідей болмайды (атипиялық ағым), оны жедел аппендициттен, холециститтен, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасынан, ішектің кенет бітеліп қалуынан, жедел панкреатиттен және жатырдан тыс жүктіліктен айыруға тура келеді. Бүйрек шаншуының күштілігі соншалықты, сырқат адамның мазасы кетеді, шаншу жанға батып, өте қатты қиналады, тіпті айқайлауы да мүмкін. Дер кезінде көмек көрсетілмесе есінен танып қалуы жағдайлары да кездеседі. Бүйрек шаншуының тағы бір белгісі — зәр түсінің өзгеруі, қызаруы, зәрде қанның болуы. Тағы бір белгі, ол дизурия — зәр шығарудың бұзылысы, оның бірі — зәр шығарудың жиілеуі (поллакиурия). Поллакиурия тек күндіз және қозғалған кезде болып, түнде және бүйрек шаншуы кезінде байқалмаса, ол қуық тасының белгісі. Несеп тасы ауруының ең айқын белгісі — зәрмен бірге тас шығуы.
Ауру қалай анықталады?
Жалпы клиникалық тексеру. Науқасты шалқасынан, қырынан және тұрғызып бимануальды (екі қолмен) қарау кезінде бүйрек тұсында ауырсыну, кей жағдайларда бүйректің үлкейгендігі, бел аймағын алақанның қырымен соққан кезде ауырсыну байқалады.
Лабораториялық зерттеу. Ультрадыбыстық зерттеу бүйрек тасын анықтауда мүмкіндігі жоғары тәсілдің бірі және ешқандай дайындықты қажет етпейді, ауруға тигізер зардабы жоқ, сондықтан бірнеше қайтара өткізуге болады.
Рентгендік әдістердің бірі — жалпы шолу және экскреторлық урография. Бұл әдістің көмегімен бүйректің орналасу жағдайын, бел бұлшық еттерінің көлеңкесін, сүйек жүйесін және бүйректегі, несеп ағардағы тастарды, бүйрек қызметін анықтауға мүмкіндік береді. Заманауи әдістерге келетін болсақ: бүйрек ангиографиясы, компьютерлік томография көмегімен несеп тасы ауруына себепші факторлар, туа біткен несеп жолдарының аномалияларын, жоғарыда көрсетілген әдістер кезінде анықталмаған, рентгеннегативті тастарды көруге мүмкіндік туады.
Ең бастысы — емге көңіл бөлу
Несеп тасы ауруы жан-жақты емдеуді қажет етеді және ол мыналарды қамтиды: 1. Диета сақтау. 2. Дәрі-дәрмекпен емдеу. 3. Физиотерапия. 4. Эндоурологиялық емдеу (тікелей тасқа әсер ету). 5. Экстракорпоральды соқпа толқынды литотрипсия. 6. Перкутанды (тері арқылы) нефролитотрипсия. 7. Ашық түрдегі операциялар (нефролитотомия, пиелолитотомия, уретеролитотомия).
Несептің тұздары еріген күйде кездесетін ең қолайлы реакциясы 5,8. Оның қышқыл немесе сілті жаққа өзгеруі тұздардың ерігіштігін нашарлатып, тастың пайда болуына алғы шарттар туғызады. Ураттар (несеп қышқылды тастар) белок алмасуы бұзылғанда және несеп пен қандағы несеп қышқылының концентрациясы (гиперурикурия, гиперурикемия) артқанда өте қышқыл ортада пайда болады. Осындай жағдайда науқастың тамақтану дағдысынан қуырылған және бұқтырылған етті, ет және балық сорпасын, тұздықтарды, консервіленген тамақтарды, бауыр, бүйрек, ми, бұршақты алып тастауды қажет етеді. Қымыздықты, бұрышты, какао мен шоколадты пайдалануды азайтады. Сүт өнімдері мен өсімдік текті дәм-дәру белгіленеді, көкөністерден — қарбыз, қауын, жемістерден — алма, жидектерден — қара өрік, қарақат, мүкжидек пайдалы. Осымен бір мезгілде зәрдегі несеп қышқылының концентрациясын кеміту үшін сілтілі минеральды суларды (Сарыағаш, Шымкент, Ессентуки №4 және №7, Смирновская және Славянская, Боржоми, Джалал-Абад) ішкен жөн. Несептің қышқыл реакциясы кезінде оксалаттардың кристалдануының мүмкіндігі жоғары болатындықтан В1, В6 витаминдері қолданылады, бұл витаминдер жетіспеген жағдайда бүйректе оксалат тастарының пайда болуына мүмкіндік туғызылады. Несептің рН-ын көтеру үшін цитратты қоспаларды да пайдаланады, олардың әсері несепті сілтілендіруге және кристалдандыруға қарсы.
Егерде несептің рН-ы 7,0-ден жоғары болса, кальций фосфатыныњ тұздары түзіледі. Бұл жағдайларда өсімдік текті мынадай диуретиктерді қолдану тиімді: фитолизин, уролесан, урофлюкс. Дағдылы тамақтанудан сүт, айран, сыр, жұмыртқа шығарылады. Несептің рН-ын азайту үшін мынадай тағамдар қажет: ет, балық еті, бауыр, сары май, жеміс-жидектерден: асқабақ, жасыл бұршақ, алма, алмұрт, қызамық, қызыл қарақат, сәбіз, пияз. Сонымен бірге көп мөлшерде сұйықтық ішу (2,0-2,5литр), дәрілік шөптерден итмұрын жемісінің тұнбасы, мүкжидек, қызанақ (итбүлдірген) тосабының суы, алма сірке суын ішу ұсынылады. Минеральды сулардан доломитті Нарзан, Шалқар, Арзни, Железноводск суын ішу керек. Несепті қышқылдандыру үшін аскорбин қышқылы, фосфор және бензой қышқылдары, хлорлы аммоний, жабайы сәбіз дәні пайдаланылады. Оксалат тастары несепте метаболикалық өзгерістерге байланысты кальцийдің мөлшері көп болғанда пайда болады. Несеп тасының барлық түрлерінде алкоголь ішімдіктерін ішуге, қыша, бұрыш, ақжелкек, тұздалған балық секілді тағамдарды пайдалануға болмайды.
Дәрі-дәрмекпен емдеу. Бүйрек шаншуын басу үшін анальгетиктер мен спазмолитиктерді (но-шпа 2,0-4,0 мл, баральгин 5,0 мл, спазган, триган 5,0 мл, спазмоверальгин 5,0 мл көк тамырға немесе бұлшық етке), есірткі анальгетиктерін (морфин гидрохлориді 1 пайызды-1 мл, промедол 2 пайызды-2,0 мл, омнопон 1 немесе 2 пайызды 1,0 тері астына) қолданады және бұларды шеткі холинергиялық процестерге әсер ететін дәрілермен ұштастыра пайдалануға болады.
Бүйректің шаншуын тоқтату мүмкін болмаған жағдайда, несепағарға қуық арқылы катетер енгізеді, мұнда катетерді конкременттің деңгейінен жоғары жерге жеткізуге тырысу керек.
Оперативті ем. Оперативті емге көрсеткіштер. 1. Науқасты еңбекке жарамсыз ететін бүйректің шаншуы мен ауырсыну сезімдерінің жиі қайталап ұстауы. 2. Зәрмен бірге ұзақ немесе көп қан кету. 3. Бүйректердің қабынуы мен субүйректің дамуына (пиелонефрит пен гидронефроз) әкеліп соқтыратын зәр шығуының бұзылуы (жедел іріңді пиелонефриттің дамуы, созылмалы пиелонефриттің үдеуі). Бүйрекке жасалатын ашық операциялар мүшені сақтайтын және мүшені алып тастау болып бөлінеді. Қазіргі уақытта бүйрек тастарын негізгі емдеу әдісі экстракорпоральды соқпа толқынды литотрипсия болып табылады. Бұл әдіс литотриптордың түрі мен тегіне қарай бүйрек тастарының 60-80 пайызын сауықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ тастардың тығыздығы өте жоғары болған жағдайларда, тастарды тері арқылы шығару немесе перкутанды нефролитотрипсия тиімділігі жөнінен ашық операция мен соқпа толқынды литотрипсиядан кем түспейді және көптеген жағдайларда науқас пен мүшеге қауіп төндірмей-ақ жақсы нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді. Ал несеп ағар тастарына тікелей эндоскопиялық литотрипсия жасау тиімді болып табылады. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің урология клиникасында бұл айтылған әдіс соңғы екі жылда кеңінен қолданылып келеді. Бұған университет ректоры, профессор Е. Бекмұхамбетов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қ. Сабыр көп көмектерін тигізуде. Қазір клиникада Швейцария мемлекетінің «Litostar-clast» атты литотрипторы (соқпа толқынды және ультрадыбысты электроды бар) жұмысқа қосылған. Сонымен қатар лазерлі байланысты электроды бар жабдығымыз да оперативті емдеуде өзінің ролін атқаруда. Соның арқасында осы айтылған жылдарда несеп тасы ауруы кезінде ашық операция жасау мен науқастарды басқа орталық қалаларға жіберу пайызы азайды. Жаңа қондырғы операция жасау уақыты мен операциядан кейінгі оңалту кезеңін едәуір қысқарады. Соған байланысты мемлекеттік шығынды да қысқартады. Қарап отырсақ, соңғы технологияларды қолдану арқылы біз медицина саласында, ең алдымен адамдардың денсаулығын дер кезінде сақтап қалуға, екіншіден уақыт пен шығынды үнемдеуге қол жеткізеді екенбіз. Осы жабдықтардың көмегімен облыс тұрғындары ғана емес, сонымен бірге еліміздің өзге де аумақтарынан келген науқастарға жоғарғы мамандандырылған көмекті бере аламыз. Енді алдағы жылдардың үлесінде дистационды соқпа толқынды литотрипсия жасайтын аппарат алу мүмкіндігі қарастырылуда. Және осы айтылған әдістерді меңгеруде дәрігерлердің білімін жетілдіру мәселесін ұдайы назарда ұстап отырған урология клиникасының жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Олег Құрманғалиевтің еңбегін ерекше айтуға болады.
Санаторлы – курортты емдеу. Санаторлы-курортты емдеу, минеральды сулардың емдеу тиімділігі — олардың зәр шығару қасиетіне, несептіњ рН-ы мен су-электролиттердің балансын, қышқылды-негіздік жағдайды өзгертуге негізделген. Санаторлы-курортты емдеуге көрсетімдер: 1. Тастарды оперативті емдеуден кейінгі рецидивті тастардың пайда болуының алдын-алу. 2. Уратурия, оксалурия, фосфатурия кезіндегі заттар алмасуын қалпына келтіру үшін. 3. Нефрэктомиядан кейін жалғыз бүйрек тасының алдын-алу. 4. Бүйректегі шағын тастарды шығару үшін. 5. Бүйректің қызметі сақталған жағдайдағы екі жақты маржан тастар.
Санаторлы-курортты емге қарсы көрсеткіштер: 1. Бұзылған несеп пассажы кезінде несеп тас ауруы. 2. Бүйректің созылмалы жетіспеушілігі кезіндегі несеп тас ауруы. 3. Пиелонефриттің активті фазасы кезіндегі несеп тас ауруы.
Аурудың профилактикасына келетін болсақ, ең алдымен азаматтардың өздерінің денсаулығына деген көзқарасын өзгерту. Стационардан шыққан науқастар міндетті түрде өзінің тұрғылықты жеріндегі дәрігердің ұдайы бақылауында болып, дәрігер тағайындаған іс-шараларды бұлжытпай орындап отыру. Сонымен қатар клиникалық және биохимиялық анализдермен қатар скринингтік тексеру әдістерін де ұмытпаған жөн. Оның ішінде айта кететіні — зәрді Литос жүйесімен зерттеу болып табылады. Әдістің техникалық қарапайымдылығы және қолжетімділігі, аз инвазивтілігі бұны экспресс-скрининг әдіс есебінде халықтың көп бөлігін қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтуге болады.
Сонымен, қазіргі кезеңде ғылыми-техникалық прогрестің қарқындап дамуына байланысты, экологиялық ахуалдың нашарлауынан алдағы уақытта несеп тасы ауруының да үлестік салмағының артуы болжамдалуда. Соған байланысты қазір біздің клиниканың диагностикалық және емдеу мақсатындағы заманауи технологиялармен жабдықталуы аурудың алдын-алу және емдеу мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндігінің мол екендігін көрсетеді. Бірақ азаматтардың ең бірінші өз денсаулығына деген көзқарасын өзгертіп, ұдайы дәрігерлердің назарында, тағайындалған тексерулер мен ем-шараларды бұлжытпай орындауы, денсаулықты сақтаудың алғышарты болып табылатынын есінен шығармауын айта кетуіміз керек.
Қуаныш Сүлейменов,
дәрігер-уролог.




буиректегі тасты халык емімен қалаи емдеуге болады
Рахмет! Көп көп мәліметтер алдым!!!)))
Гидронефроз-1 саты,12 жастағы баланы қалай емдеуге болады? Дәрімен емдеуге бола ма,әлде тек ота жасауға ғана жол бар ма? Бұл өте қауіпті ме? Отаны қашан жасау керек?