Мәдениет

Айқын жолдың адамы

Айналадағы адамдардың бәрі бірдей көрінеді кейде. Бірақ біреуді біреуден артық ететін немесе ерекшелендіріп тұратын бір нәрсе — адамшылық абзал қасиеттерінің беріктігі, өмірге көзқарасының қалыптылығы, ұстанымының ішкі түйсіктен туындап, соған ғана бағынатындығы. Сондай туа бітті тура мінез, алдына қойған мақсатқа айқын жолмен ұмтылу, тіршіліктің түпкі мәнін адал еңбекпен байланыстыру бала кезінен бойына сіңген менің замандас ағам Саудағазы Есбосынов бүгінде алдыңғы буын деп аталатын ілгері көшке ілігіпті.

Бұған бір жағы қимайсың да. Өйткені Сәкеңнің жалындап қызмет атқарып, артынан қалың жұртты ертіп, қандай да бір игі іске бастап бара жататыны кеше ғана емес пе еді деп ойлайсың. Апыр-ай, сонда кейде дүние сол қалпында тұра береді деп ойлаймыз-ау осы…

Әлі есімде, балалық шағы соғыс өртіне шарпылған біздің тұстастарымыз шөл даладан әбден сусап келгендей, білім нәріне құныға ұмтылды. Сол кездегі ұстаздарымыз да ерекше еді. Шалқар қаласындағы №1 орта мектепті менен бір жыл бұрын бітірген Саудағазы жас кезінен-ақ техникаға үйірлігін танытып, Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына жол тартты. Кейіннен Орынбор ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып, жоғары білім алды.

Ол мектепте оқып жүргенде-ақ күнделікті оқылатын пәндер ауқымымен шектелмей, түрлі әдеби кітаптарды, қолға түскен әр түрлі басылымдарды көп оқыды. Білімділігін, дүниетанымын мейлінше кеңейтуге ұмтылды.

Жас кезінен-ақ ол өзіне тапсырылған іске мұқияттылығымен, өзіне де, өзгелерге де талап қоя білуімен көзге түсті. Соның бір мысалындай мына бір көрініс онымен тұстас қызметтегі бәріміздің де жадымызда сақталып қалыпты.

Ол ауыл шаруашылығы техникасының пайдаланылып, сақталуын тексеретін аға инженер-инспектор болып жүргенінде аудандағы «Жаңа қоныс» деп аталатын шаруашылыққа барып, техниканың жай-жапсарын бағамдап, орын алып отырған кемшіліктерді хаттап қағазға түсіріп, оларды жоюды талап еткен акт жасайды. Бұл арада сол уақытқа қатысты ескеретін бір жай бар. Шаруашылық басшысы — Ресейдің жоғары институтында білім алған, белгілі ұйымдастырушы, танымал адам, көпшілік беделінен де, айбарынан да ығатын Әбу Байсалбаев деген жігіт ағасы болып қалған кісі болатын, ал бұл болса, жас маман, қазақша айтқанда, әлі оң-солын бағамдай қоймаған өрімдей жігіт. Шаруаны жетік білетін, орынды талапты оңды ұғатын, өмірдің талай белестерінен өткен Әбекең актіні қолына алады да, басқа сөзге келместен өз қызметкерлеріне жедел тапсырма береді. Сөйтіп, шаруашылықтағы техниканың алдағы көктемгі жұмыстарға дайындығы қысқа мерзімде жоғары деңгейге келтіріледі. Ал осындай іскерлік қабілеті Саудағазыға бұдан да жауапты жұмыстар атқаруға жол ашады. Сөйтіп, ол көп ұзамай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженер-механигі қызметіне жоғарылатылды.

Ауданда бірыңғай мал шаруашылығымен шұғылданатын сегіз кеңшар жұмыс істеді сол жылдары. Солардың барлығына ортақ бір нәрсе, мал мамандары мен бухгалтерлер жеткілікті еді де, арнаулы орта және жоғары білімді инженер-техниктер, тіпті тракторшылардың өздері жетіспейтін. Сондықтан бас маман кәсіптік-техникалық училище арқылы тракторшыларды көптеп даярлауға ықпал ете бастады. Жергілікті кадрларды жоғары оқу орындарында сырттай білім алуға жетеледі. Сол қатарда өндіріске жаңа техникаларды енгізу, ауыр қол еңбектерін механикаландыру саласында көптеген жұмыстар жүргізілді.

Әуелгіде үрке қарағанымен, көпшілік сиыр сауу, қой қырқу мен тоғыту процестерінің толық механикаландыруына көп ұзамай үйреніп-ақ кетті. Шөп шабу мен тырмалаудан кейінгі тайлап буу да сол тұста механикаландырылды. Жаңа техника түрлерін тиімді пайдалану, техникалық күтім мен жөндеу жұмыстарын жолға қою мақсатында аудандық семинарлар өткізілді. Еңбек қауіпсіздігін сақтау басты назарда ұсталды.

Ең бастысы, осындай тың өзгерістер мен жақсы жаңалықтардың енуі Саудағазының ұйымдастыруымен, қозғауымен болып жатқанын жұртшылық біліп, оның ел ішіндегі беделі күн санап өсіп жатты.

Әдетте жаңаны қабылдау қашанда оңайға түсе бермейді. Мәселен, шаруашылықтарда автокөліктер аулаларын салу дегенді түсіндіру тіпті де оңайға түспеді. Өйткені кез келген автокөлік жүргізуші, тракторшы көліктерін жұмыстан кейін өз үйінің жанына қояды да, жеке шаруасы болса арасында сонымен бітіре береді. Оны тексеріп, сұрау салып жатқан ешкім жоқ. Былай қарағанда, ол әркімнің жеке көлігі сияқты. Ал автокөлік ауласына қойған кезде тәртіп өзгеше. Шаруашылықтың жұмысы біткен бойда көлігіңді әкеліп тапсырасың да, алаңсыз демаласың. Ертеңгісін арнайы жолдамамен келіп, көлігіңді аласың. Артынан жұртшылық бұған да үйренді. Бұрын әр үйдің жанында қалай болса солай қойылып, таң атысымен әр түрлі маркідегі тракторлардың, машиналардың оталдырған дыбыстары ауылдың әр тұсынан шығып жататын болса, енді бәрі де тыныш болды.

Саудағазы Есбосыновтың аудандық «Казсельхозтехника» деп аталатын мекемені басқарған тұстағы еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Осы уақыттың ішінде бірлестіктің материалдық-техникалық базасы барынша нығайтылды, көптеген жаңа станоктар мен агрегаттар алынды. Мекеме инженер-техник кадрларымен, тұрақты жұмыс күшімен толықтырылды. Жұмысшылардың кәсіби шеберліктері шыңдалды, кәсіпорынның қызмет көрсету түрлері көбейіп, тиімділігі артты. Автокөлік базасын ашуға қол жеткізілді. Мұнда техникалар мен қажетті бөлшектерді қоймадан тікелей берумен ғана шектелмей, шаруашылықтарға жеткізу де ұйымдастырылды. Тракторлар мен олардың агрегаттарын, басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын кеңшарлар бірлестіктің шеберханасында көптеп жөндете бастады. Бірлестік аудан шаруашылықтарының жаңа техникаға сұранысын зерттеп, тиісті орындарға тапсырыстар беріп, онымен қамтамасыз етуді қолға алды.

Кеңес заманының өзінде бірлестік пайдамен жұмыс істейтін кәсіпорынға айналды. Бұл ретте оның бастығы Саудағазының ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби біліктілігі мен сауаттылығы, рухани тазалығы, жалпы азаматтық болмысы айқын білінді. Сондықтан да болса керек, аудандық партия комитеті оны халық депутаттары аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне ұсынып, сайланды. Бұл қызметті ол сегіз жылдай абыроймен атқарды.

Өмірде адаммен жұмыс істеу, ұжымға басшы болу оңай емес. Ол үшін терең білім, жағымды мінез, парасатты ақыл керек. Ондай қасиеттер Сәкеңде жеткілікті. Біз білетінде ол — сабырлы, мінезге бай, ой-сезімі, түсінік-пікірі терең, қарапайым, парасатты азамат.

Сәкең атқару комитетінде басшылық қызметте болғанда ол жетекшілік ететін құрылыс, коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қамту мекемелері үлкен табыстарға жетті. Ауданда кеңестер үйі, мәдениет үйі, пионерлер сарайы, жазғы лагерь, аудандық аурухана ғимараттары салынып, сапалы түрде пайдалануға берілді. Солардың басы-қасында тыным таппай Сәкең жүретін. Қандай қиын істерді, күрделі тапсырмаларды айқай-шусыз, ақылмен шешіп отыратындығын талай көрдік.

Іскер ұйымдастырушы, білікті басшы Саудағазы Есбосынов бұдан кейін Комсомол аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарды. Бұрын ірі кәсіпорын басқарған, басшылық қызметтердің дәмін татқан Сәкең үшін ол да қиынға соқпағанын білеміз. Сол кездегі саясатты көпшілік арасында оңтайлы жүргізді, талапшылдығымен танылды.

Бір атап өтерлік жайт, Сәкең түптің түбінде өзінің баяғы еңбек еткен ащы тері сіңген «Казсельхозтехника» мекемесіне қайтып оралды. Заман ағымына орай кәсіпорынның мәртебесі өзгеріп, «Ұлықұм» атауын алды. Сол акционерлік қоғамды кешегі 2006 жылға дейін басқарды. Кәсіпорын нарық заңына сай жүйелі еңбек етті, мұнда да толағай табыстарға қол жетті.

Сәкең қандай қызметте жүрмесін, қандай ортада болмасын алдыңғы толқын ағаларды қадір тұтты, құрметтеді. Жақсылардың жанынан табылып, үлгі-өнегесін үйренуге тырысты. Қазірде де олар туралы жылы лебізін жария етіп, кейінгі буынға айтып отырады.

1962 жылы ол әскер қатарынан елге келгенде Шалқарда өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасы құрылып, оның тізгінін Кеңес Нокин ұстап отырған. Білгір басшы жас маманды жетілдіруді көздеп, жауапты жұмыстар сынағынан өткізеді. Сөйтіп, оның кәсіби қалыптасуына, жауапкершілік дағдысын алуына бағдар береді. «Кеңес аға қызметтес адамдарға қатаң талап қоятын, тиісінше қорғай да білетін. Ол ұзақ жыл облыстық партия комитетінің хатшысы болған кезінде талай адамға қамқорлық жасап, көптеген мамандардың қызмет бабында өсуіне ықпал етті. Мен де өзімді сол кісінің берген тәрбиесі, көрсеткен өнегесі, үлгісі арқылы қалыптасып, қызмет жасаған адамның бірімін деп есептеймін»,— деп бірде ағынан жарылғаны бар Сәкеңнің.

Шалқар ауданында бірінші хатшы болып қызмет атқарған Төлеу Алдияровты да аға тұтып, қадірледі. Ұлтымыздың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын жақсы білетін Төкеңнің сөз саптауы қашан да діттеген жеріне дәл тиетін. Ол шаруашылықтарды аралағанда ең алдымен ауылдың қарттарына сәлем беріп, сөз қадірін білетін, өткенің өнегесін бойына сіңірген ақсақалдарды іздеп тауып алатын. Солардың әңгімесін тыңдауға уақыт табатын. Саудағазы аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігіне басқарушы болған жетпісінші жылдардың басында Төкеңмен бірге іссапарға жиі шығатынын, сонда оның адаммен сөйлесу, іс тетігін табу, кадрларға талап қою, жетілдіру тұрғысындағы іскерлік қасиеттерін ойына сақтап, көңіліне орнықтыруға тырысқанын бір әңгімесінде жолдастарына айтып бергені бар.

Саудағазы туралы әңгімелеген соң оның өміріндегі өзіміз білетін кейбір өзгешеліктерді де еске алғанның артықтығы болмас. Мәселен, ол еңбек ете жүріп, Орынбор ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру факультетінде сырттай білім алды. Бір қызығы, үш жыл осында оқыған соң аяқ астынан экономика факультетіне ауысуға өтініш білдіреді. Екі мамандықтың айырма пәндерінен сынақтың бәрін сәтті тапсырып, тіпті мемлекеттік емтиханда оның диплом жұмысы жоғары бағаланады, ғылыми еңбектегі ұсыныстарын өндіріске енгізу керек деген әңгімелер айтылады. Тіпті аспирантураға оқуға шақыру алады. Бірақ, негізгі мақсаты ғылым жолын қуу емес, мамандық игеру болғандықтан да, Сәкең ол жолды қаламапты.

Шынында да, ол өз мамандығына берілгендігін іспен дәлелдеп берді. Өз қатары, замандастары арасынан техниканың шаруаға тиімді қызмет етуіне белсене қатысқан, сол жолда аянбай еңбек еткен бір адам болса, Сәкеңдей-ақ болар…

Шалқар ауданының Құрметті азаматы Саудағазы Есбосынов өмірлік серігі Ұлдай Нысанбайқызы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары қазір атқа мініп, азамат болды. Олар әке-шешелеріне келін жұмсатып, немере сүйдіріп отыр.

Француз ойшылы Ж.Ж.Руссо «Жастық шақ — даналықты меңгеруге арналған уақыт, ал егделік — оны қолдануға берілген кезең» деген екен. Бұның өзі әркімнің маңдайына жазыла бермесе керек.

Ал Сәкең бүгінде мәуесін жайған бәйтерек сынды биік тұлғасымен дараланып көрінеді. Оның жүріп өткен жолдары, өмірлік тәжірибесі әлі де талайларға тәлім болып тарала беретіндігіне өз басым еш күмәнданбаймын.

Қалмақан ТӨЛЕУОВ,

Шалқар ауданының Құрметті азаматы.      

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button