Білім

Ұстаздар қуанған күн

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Ақтөбе филиалы және Amanat партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

300-ге жуық педагогтің басын қосқан мерекелік жиынға аталған партия филиалының төрағасы Ербол Данағұлов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Нұргүл Әбішева, облыстық білім басқармасының, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, қалалық және облыстық кәсіподақ комитеттері, институттың профессорлық-оқытушылық құрамы және өңір педагогтері қатысты.
Салтанатты жиында білім беру саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаздар Amanat партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, партияның төрағасы Ерлан Қошановтың, партияның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің және партияның облыстық филиалы төрағасы Ербол Данағұловтың Алғыс хаттарымен марапатталды.
— Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз — Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде білім саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Соның аясында Ақтөбе облысында он төрт жаңа мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде жеті мектеп пайдалануға беріліп, тағы жетеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл — сапалы білім алу бағытында жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі.
Бүгінде облысымызда 442 мектеп бар. Сол білім ордаларында 189 мыңнан астам оқушыға 26 мыңнан аса мұғалім білім мен тәрбие беруде. Бұл — үлкен еңбек, зор жауапкершілік.
Ұстаз — ұлттың ұстыны. Сіздердің арқаңызда саналы ұрпақ өсіп келеді. Баланың болашағы — ұстаздың қолында. Демек, біз үшін мұғалімнің мәртебесі, жағдайы басты назарда болуға тиіс. Ұстазға жасалған қамқорлық — елдің болашағына салынған инвестиция, — деді Е.Данағұлов.
Іс-шара барысында «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты бейнесабақтар республикалық конкурсының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған педагогтер де марапатталды.
Нұргүл Әбішеваның айтуынша, «Педагогикалық идеялар панорамасы» атты байқау елімізде 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Жүлдегерлер қатарында биыл «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңадан ашылған Ақтөбедегі №80 мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жанат Ұлықпанова да бар. «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауы — тәжірибе алмасуға, кәсіби даму мен шығармашылыққа үлкен мүмкіндік беретін алаң. Менің жұмысым «Цифрлық мектеп» деп аталды, Live Worksheets платформасында электронды жұмыс дәптерлерін жасап, оқушылармен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік алдым. Бұл уақытты үнемдеуге, тапсырмаларды автоматты түрде тексеруге көмектеседі. Мұндай байқаулар мұғалімдер үшін кәсіби өсуге үлкен мүмкіндік», — дейді ол.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» атты бейнесабақтар республикалық конкурсының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары енді республикалық кезеңде бақ сынайтын болады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button