Мәдениет

Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

Таласбек  Әсемқұлов

Мен бұл кісімен 1973 жылдың қыркүйек айында танысқанмын. Содан бері отыз сегіз жыл өтіпті. Бүгінгі күн биігінен қарасам, ол адамды бозбала кезімнен емес, бүкіл саналы өмірімнің барысында білген сияқтымын. Оның көптеген ойлары, ақылды сөздері қазақ мәдениетінің тәніне дарыды, етенесіне айналды. Әрине, мен оның өмірдегі және өнердегі тұлғасын толық қорыта алдым дей алмаймын. Бірақ ол жайында оның көзі тірісінде білгенім және бақиға кеткеннен кейін ол турасында ойланып, пайымдап жеткенімнің өзі замандастарыма айтып беруге жарайтын әңгіме деп ойлаймын.

***

73 жылы мен, арман арқалаған он жеті жасар бозбала, Алматыға келдім. Өзімнің нағашы атам және ұстазым Жүнісбайдың тапсырмасымен Жарқын Шәкәрімовті іздеп таптым. Ол кезде бүкіл Одақтағы күйтабақты жалғыз «Мелодия» фирмасы шығарады. Фирманың редакциясы М.Әуезов атындағы бас театрдың үшінші қабатында екен. Жарқын ағаммен танысып, арқа-жарқа болып отырмыз. Аздан соң қолыма домбыра ұстатты. Бірнеше күйді шертіп бердім.

Жәкең қатты риза болып «Қой, мен сені Асекеңе көрсетпесем болмайды екен» деп мені дәліздің басқа бір қалтарысындағы бөлмеге ертіп барды. Орақ мұрын, қараторы өңді, әдемі адам, плащы мен шляпасын киіп, қолына папкасын ұстап енді шығайын деп жатыр екен.

— Асеке, — деді Жарқын ағам, — мына бала ауылдан келген екен. Домбырашы. Бір тыңдап кетіңізші.

— Бұл Асқар Сүлейменов деген ағаң болады, — деді содан соң маған бұрылып, — осы театрда қызмет етеді.

Қол алысып таныстық.

— Ал, кәне, ильхамыңды көрейік, — деді Асекең тікесінен тік тұрған күйі.

Әуеліде Байжігіттің бір күйін шерттім. Папкасын үстел үстіне қойып тыңдады. Содан кейін сәл үңіліңкіреп:

— Тәттімбеттен не білесің? — деді.

Тәттімбеттің «Зар Қосбасарын» шерттім. Енді Асекең киімін шешіп, орындыққа орнығып отырып тыңдады. Күй кеші ұзаққа созылды. Мені жаңа танысымның күй турасындағы білгірлігі мен эрудициясы ғана емес, сондай-ақ аз сөйлеп, көп мағына жеткізе алатын дағдысы қайран қалдырды. Қазақ ауылында өстік, небір тілді, шешен адамдарды көрдік. Бірақ бұлай түйіндеп, аса қымбат мән-мағынаның өзін елеусіз ғана сөз арасына қыстыра салғанды бірінші рет көргенім. Бұл адам үшін бұндай өре — әдепкі нәрсе екені байқалды. Міне, Асекең осылайша, бала деп қомсынбай, жолынан қалып, өнерімді тамашалап, бағалап беріп еді.

— Өнерің өрісті болсын, — деді қолымды қысып қоштасып тұрып, — Әбікен, Мағауия, Төлеген мен Генерал Асқаров сияқты дәулескер күйшілерді көп тыңдау керек. Күйші тыңдап өседі, тыңдап жетіледі. Содан кейін, бауырым, әншінің қазынасы — дауысы болса, сенің қазынаң — саусағың. Қолыңды мертіктіріп алмай, күтіп ұста.

Мен, бір кештің әңгімесімен бүкіл дүниемді төңкерген бұл адаммен  үш жылдан кейін, 76 жылдың күзінде екінші рет таныстым. Осы шын таныстығым екен.

Әскерден кейін ҚазПИ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Оқу жылының басында орыс бөлімінде оқитын Рамазан деген курстасыммен таныстым. Белгілі сыншы Төлеген Тоқбергеновтың баласы. Көп ұзамай Төлеген ағаның отбасымен де таныстық. Сыншы ағамыздың жары — танымал ақын Бәтима Батырбекова. Әдебиетшілердің шаңырағы, әдеби рух. Жиналып алып күні бойы айтатынымыз — тек әдебиеттің әңгімесі ғана.

Бірде Бәтима анамыздың қуырдағын жеп, шайын ішіп, «әлемдік әдеби проблемаларды» талқылап, есіп отырғанымызда, Төлеген ағаның кабинетінен бір адам шығып, ас үйдің есігіне келіп тұрды да, —

— Привет молодым демократам! — деді.

Жалт қарадым. Асекең. Ол да мені бірден таныды.

— Ә, күйші бала, сен де осында екенсің ғой, — деді жымиып, — Рамазан екеуің дос екенсіңдер ғой. Өте жақсы.

Содан кейін Асекеңмен Төлеген ағаның, Зейнолла ағаның (Серікқалиев) үйлерінде талай рет кездесіп дастархандас, сұхбаттас болыппыз. Өмірінің соңғы кезінде ол белгілі домбырашы Секен Тұрысбековпен көп араласты. Бірнеше рет Секеннің үйінде де кездестік.

Мен бұл мақалада Асқар Сүлейменовтің өзім куә болған өмірін баян етейін деп отырғаным жоқ. Бұл — болашақ биографтардың міндеті. Мен тек қана оның ойының өресін көрсеткім келеді. Бүгінде өнер, ғылым мен білім үздіксіз детерминизм, үздіксіз жіктелу үстінде. Күнде, ойымыз түгілі, түсімізге кірмеген жаңа сала, жаңа термин ашылып жатады. Асқар Сүлейменовтің күрделі танымын салалап жікке жатқызу белгілі дәрежеде қиындық туғызады. Әдетте ондай бітімдегі синтетикалық танымды зерделеу кезінде автор оқырманмен шартты бір термин жайында келіседі. Мен діни фәлсафа деген терминді пайдаланғым келеді. Дін фәлсафасы мәдениеттің денін қамтитын болғандықтан. Біз әңгіме етпек адамның әдеби я басқа да ойларының бір шеті міндетті түрде дінге жанасып тұратындықтан.

Бірден ескерте кетейін, мен тілге тиек ететін мәселелерді сіз Асқар Сүлейменовтің жазба мұрасынан таба алмауыңыз мүмкін. Кейбір адамдар үшін Асекеңнің бұл ойлары таңсық болып көрінер. Асекеңнің отырысы — сұхбаттасының өресіне қарай еді, жауабы — сұрақтың ыңғайына орай еді. Содан соң, ой еңбегімен айналысқан көп адамның айтқаны ауызекі әңгіме түрінде жетіп, хатқа содан кейін түскен. Ой тарихында бұл көп рет қайталанған жайт.

***

Асекең пірәдар емес еді. Догматтарды мойындамайтын. Ол әлі аяқталмаған, әлі жалғасып жатқан жаратылыс жағында болатын. Плюралист еді. Вольтердің «Мен сізді жек көрем, бірақ өзіңіздің пікіріңізді айтуыңызға барынша көмек көрсетем» («Я ненавижу вас, но я сделаю все, чтобы вы смогли выразить свое мнение») дегені бар. Асекең ойына келіспейтін, ұнатпайтын адамының пікіріне де құрметпен қарайтын. Сөзі басқа адамды таптап, аузын жауып, сөйлетпеуді уағыздаған, ойы басқаны жау деп жариялап, қоғамнан аластап дағдыланған тоталитарлық жүйенің кезінде Асекеңнің бұл мінезі ерекше сананың көрінісі еді.

1979 жылдың наурыз я сәуір айы. Күн жылы болғанымен, бұлыңғыр. ҚазПИ-де бірнеше белгілі әдебиетшілермен кездесу болды. Зейнолла Серікқалиев пен Төлеген Тоқбергенов, жаңа таныла бастаған сыншы Сайлаубек Жұмабеков, тағы бірқатар ақын-жазушы және Асқар Сүлейменов келген.

Асекең кездесудің басынан тұнжыраңқырап отырып, ең соңына қарай сөз алған. Оқырмандар көп сұрақ қойды. Сөз иесі бірде-бір сұрақты жауапсыз қалдырған жоқ. Ақырында, бауырын жаза келе, ақындай шабыттана сөйлеген. Талай байқағаным, ол кісі сөзін бастағанда үстіңгі ерні қинала бүріліп кететін. Біртүрлі, тістеніп сөйлеп тұрған адам сияқты әсер қалдыратын. Аздан соң, ішіндегі түйіннің барлығы шешіліп, өзінің қоңырқай тембрлі даусымен ағындап сөйлеп кеткенде одан көркем, одан көрікті адам болмаушы еді.

Естелік — стенограмма емес. Ол кеште қанша сұрақ қойылды, Асекең оның қайсысына қалай жауап берді, тәптіштеп есіме сақтай алмадым. Әйтеуір әсері қалды, рухани әлемім тазарып, ой өлкем жаңаша гүлденіп шыққаны есімде. Сол таңғажайып кештен қалған бірер әңгіме:

Оқырмандардың бірі Э.Хэмингуэйдің «По ком звонит колокол» романындағы бас кейіпкердің характеріне, оның құрбаншылдығына қатысты сұрақ қойған. Асекең аз-маз ойланып отырып жауап берді.

— Ұмытпасам, романның эпиграфында Джон Донның өлеңі келтірілген ғой. «Бір жерде қоңырау соғылып жатса, кімнің азасы екенін сұрама, себебі, ол қоңырау сені де жоқтап жатыр» деген. Яғни, Испаниядағы соғыстың барлығымызға қатысы бар деген ойды айтпақ болған ғой, Хэмингуэй. Бұдан да биік ойды кезінде Бетховен айтқан. Өзінің ең әйгілі симфониясының мағынасын ауызша түсіндіріп, «Адамдар өлген сайын ажал маған жақындап келеді. Маған мүлдем қатысы жоқ айдаладағы бір адам өлгенде де — тағдыр келіп менің есігімді қағады» деген. Испаниядағы соғысты, ол қалай болғанын біз білмейміз. Хэмингуэйдің романы, сол соғыстың өзі емес — көркем тарихы ғана. Жалпы, мән-мағына не үшін керек? Тіршілікті ары қарай жалғастыру үшін керек. Егерде адам мына дүниеден ешқандай мән-мағына таба алмаса, онда оның тіршілігі сол сәтінде тоқтайды.

— Түсінбедім, аға, — деді сұрақ иесі студент, — кешіріңіз.

Асекең төтесінен бір-ақ тартты.

— Яғни, бұл роман, сол, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, күйреп қайтқан ұрпақты жұбату болып табылады. Бірақ, Роберт Джордан, партизандарды алға оздырып жіберіп, өзі тосқауылда қалғанда, сол партизандар үшін, я басқа біреу үшін өлген жоқ. Ол өз ажалымен өлді.

Содан соң Асекең, көзі жыпылықтап тікесінен тік тұрған студентке қарап жымиған.

— Сіз отырыңыз. Тақтада тұрған жоқсыз ғой.

Аз-маз ыңғайсыз үнсіздік орнады. Қазақтың әдеби ортасы аталған романды енді ғана пайымдап әңгіме ете бастаған. Бірақ мына айтылған пікір мүлдем кереғар еді. Үнсіздіктің сырын жазбай таныған Асекең сөзін үстеді.

— Әлбетте, біреудің тіршілігін кешуге болады. Алайда менің бұған деген де күмәнім бар. Мысалы, басқа біреудің атын жамылып өмір сүруге болады. Бірақ сіз басқа біреудің ажалымен еш кездесе алмайсыз. Ажал келгенде, ол басқаның емес — сіздің ғана ажалыңыз. Осы орайда Хэмингуэйдің де, Бетховеннің де сөзінен асып кеткен қазақтың мақалы бар. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген. Қазақтың осы мақалы — бәрінен кемеңгер.

Сол күні, мен, көркем шығарманың бірнеше өлшемде, бірнеше деңгейде өмір сүретінін, текстен контекстің биік екенін алғаш түсінген едім. Кейін, мен, Асекеңнің оқырманмен кездесуде отырып айта салған осы идеясын белгілі драматург-ақын Иранбек Оразбаевтың шығармашылығынан ұшырастырдым. Әрине, ақын бұл концепцияны Асқар Сүлейменовтен алуы шарт емес. Осы жерде мен авторлыққа тікелей қатысы бар информациялық өріс идеясы турасында айта кеткім келеді.

Бір кемеңгердің, жазу технологиясына қатысты айтқандарының ішінде «Егерде жазуға мүмкіндігің болмаса, онда ойлама» деген сөз бар. Таратып айтсақ, қолыңызда қағаз-қалам жоқ, ойға алғаныңызды жазуға мүмкіндігіңіз болмаса, онда басыңызға келген ойды өшіріңіз деген сөз. Себеп? Жауап ретінде мынадай мысал.

Бір шығармада, ғалым, адамзаттың тіршілігіне қауіп төндіретін қорқынышты тетік ойлап шығарады. Артынша, өзінің не істеп қойғанын түсініп шошып кеткен ол тетікті жоймақ болғанда, қондырғыға жан бітіп адамша сөйлеп «Қирата бер, бірақ мені жоя алмайсың. Себебі, мен енді бармын. Мен енді кез келген адамның санасынан қалқып шыға аламын. Ал сен сияқты күмәншіл емес, кінәмшіл емес басқа ғалым мені тиянақтап іске жаратады» дейді. Александр Генис өзінің «Вавилон мұнарасы» атты кітабында мынадай қызық дерек келтіреді. Лондонда таңертең шыққан газеттегі сөзжұмбақ-кроссвордты Ливерпульдің адамдары кешке қарай оңай шешеді екен, себебі, ол сөзжұмбақты Лондонның адамдары таңертең шешіп қойған, Яғни, сөзжұмбақтың шешімі бүкіл кеңістікті алып жайылып жатқан информациялық өрістен өз орнын алған. Ол шешімді басқа қалалардың адамдары түсініксіз бір механизм арқылы оқыған. Санадан тыс оқыған, өздерінің дайын шешімді информациялық өрістен алғанын білмеген, жұмбақты өзіміз шештік деп ойлаған. Асекең тағы бір сөзінде «Діндерде жаман ой, жамандықты ойлаудың күнә болып саналуында Құдайға жақтас ұлы идея жатыр. Мекеніміз — бір болмыс. Сондықтан осы ортақ мекенімізді жаман оймен ластамау керек. Себебі, сен ойлап қана қоя салған қиянатты ойды басқа біреу міндетті түрде іске асырады. Төлен Әбдіковтің «Оң қол» деген әңгімесін оқыған шығарсыздар. Ондағы өзін-өзі қылғындырып өлтірген қыз солай — бір кезде біреу ойлаған ойға байқамай жанасып қойған, елеусіз болса да сол ойды қабылдаған адам» деп еді.

Иранбек Оразбаевтың сахналық драмасында Қорқытты ажал іздеп келеді. Қорқыт қаншама адамға барып «Менің орныма өлші» деп жалынады. Бірақ ешкім де оның орнына өле алмайды. Себебі, бұл ажал — Қорқытқа ғана келген, одан басқа ешкімнің жанын ала алмайтын, кесімді күні жетпеген, әлі көресі жарығы бар басқа ешбір пендеге соқтыға алмайтын, бір Қорқыттың ғана ажалы. Немесе, Асекеңнің сөзімен айтсақ, «Смерть — адресна». Тағы бір сөзінде ол кісі айтып еді «Смерть — это письмо, которое никогда не потеряется, и которое обязательно достигнет своего адресата» («Ажал — ол ешқашан жоғалмайтын және өзінің  іздеген адамын міндетті түрде тауып баратын хат») деген.

Осы ҚазПИ-дегі кездесуден кейін, біз, әдебиетші жастар ағалардың шашбауын көтеріп, улап-шулап Төлеген ақсақалдың үйіне бардық. Бәтима апамыз дастархан жасап күтіп отыр екен. Үлкендер бір бөлмеге әзер сыйып бөлек отырды. Біз бөлек отырмыз.

Біраздан соң Асекең әдетінше, жастар отырған бөлмеге келді. Сол кеш бойы бізбен отырды. Кездесу кезінде туындаған күмәнді ойларымызды айттық. Асекең ыждағатпен тыңдап, бәріне жауап берді. Отырған жігіттердің біреуі «Аға, мана сіз, кездесу кезінде, шығарманы текстен тыс талдап үйрену керек дедіңіз. Бұны қалай түсінуге болады? Біздің ұғымымызда шығармада текстен басқа ештеңе де жоқ. Тексте жоқ нәрсені қалай қиялдап елестетуге болады? Осыны түсіндіріп берсеңіз» деді.

— Жақсы сұрақ, — деді Асекең, шылымын тұтатып жатып, — Бірақ, сіздің бұл түсінігіңіз бүгінгі жазуға табынудан қалыптасқан. Сіз дүниеде осы әліпби, осы жазудан басқа жазу бар деп білмейсіз.

Жұрт үндемей қалды.

— Мен сізге айтайын, әріп арқылы ғана емес, мән-мағынаны жеткізудің басқа да біз білетін пәленбай түрі және біз білмейтін, ойымыз түгілі түсімізге кірмейтін пәленбай түрі бар, — деді Асекең сөзін жалғап, — Мысалға, бір қоғам ғана, бір әлеумет қана білетін информация бар дейік. Ол информацияны таңбалайтын өзінің қалыптасқан белгілері бар. Ол белгіні иероглиф, идеограмма деп алыңыз. Ал бұрынғы көне замандарда жазу-сызусыз өмір сүрген қоғамдар болған. Менің ойымша, ол қоғамдар тіпті тілсіз өмір сүрген сияқты.

— Қалайша? — деді отырған қонақтардың бірі, — «Языковое мышление» деген бар емес пе? Адам қалай тілсіз ойлайды?

— Білмеймін, — деді Асекең, — Бір-бірін ойша түсінетін адамдар болады. Адамның ойын оқи алатындар болады. Менің ұғымымда, бұл жекелеген адамға қонған ерекше бақ емес, керісінше, ойша ұғынысу, ойша сөйлесу — барлық адамдарда болған көне қабілет. Өркениеттің салдарынан көміліп қалған таңғажайып қасиет. Адам жұмақтан қуылғаннан кейін осы қабілеттен ақырындап ажырай бастады. Ақырында сөз арқылы ғана, жазу арқылы ғана түсінісе алатын қоғам қалыптасты. Ал өз басым сөзге, жазуға аяғына дейін сене алмаймын. Себебі, көп жағдайда жазу немесе сөз ақиқатты ашу үшін емес, керісінше — шындықты жасырудың амалы, құралы болып табылады.

— Мысалы? — деді студент балалардың бірі.

Өзінің қатерлі шекке жетіп қалғанын түсінген Асекең таратып ештеңе айтпады. Ал қазіргі тұрғыдан, қазіргі сөз бостандығы тұрғысынан қарағанда бәрі де айдан анық еді. Ол кеңестік социалистік жүйенің шытынай жарылып, құлауға бет алған кезі. Бірақ баспасөз, көркем әдебиет, идеологияның барлық құралдары «әлемдегі ең өскелең қоғамды» жырлаудан танбай отырған. Ол заманда бүкіл қоғамды тыңшылық жайлаған, әр топта кем дегенде екі студент жоғарғы жаққа мәлімет жеткізіп тұратын «салпаңқұлақ» болып келуші еді. Кім біледі, Асекең, студенттің сұрағынан секем алып, сол жерде отырған жас балалар бірдеңеге ұрынып қалмасын деп үнсіз қалған шығар. Бірақ оқиғаның анығы осы еді.

1981 жыл. Көктемнің аяғы еді. Ұлт аспаптар музейінде қызмет етемін. Асекеңе телефон шалып едім, ҚазПИ-ге келіп кет деді. Горький атындағы әдеби институтқа қабылдау жүріп жатыр екен. Асекең емтихан комиссиясының төрағасы. Қазақ тілінен орыс тіліне аударылған бірнеше шығарманы қолыма ұстатып, үлгермей жатырмын, көмектесіп жібер деді. Екеуміз түстен кейін жұмысты бітіріп Панфилов паркіне қарай аяндадық.

— Төлегеннің үйіне барамыз. Зейнолла ағаң сол жерде тосып отыр, — деді Асекең.

Бұл бір ерекше кеш еді. Барлығы қолқалап маған домбыра тартқызды. Күй шертіп отырып Асекеңе қарап қалдым. Мені оның көзіндегі аяушылық сезімі таңқалдырған. Бұрын да Әуезов музейінің шағын концерт залында өнер көрсеткен кезімде бірнеше рет байқағанмын. Байқағанмын, бірақ, түсінбегенмін. Аяушылық, бауырмалдық, тағы қаншама тілектестік, содан соң… үрей. Үрей мүлдем түсініксіз еді. Соңыра тарасқан кезімізде мені жанына ертіп алып Алматының түнгі көшелерін ұзақ кезген. Сондағы айтқаны әлі есімде.

— Сен — тұтас бір күй мектебінің жалғыз өкілісің. Бұл тарапта сенің ағаң да, інің де, ешқандай туысың жоқ. Тек өліп қалған әкең ғана бар. Біздің қолдан тілектес болғаннан басқа не келеді. Сондықтан, саған айтарым. Әлгі, Махамбет атаңның «Қазанат сені сақтадым, Азамат сені сақтадым» дейтіні бар емес пе? Сол сияқты, сен де өзіңді сақтауға міндеттісің. Сен — өзің шәкірт тәрбиелеп шығарғанша  жападан-жалғызсың. Саған айтар өсиетім, ешқашан ешкіммен жауласпа. Біреу  тілдеп жатса, ол сөзді басыңнан асыра сал. Біреулер қорқақ екен дер. Айта берсін. Сенде бар күй қазынасы ешкімде жоқ. Сен таланттысың. Ал біздің қоғамда талантты болған қатерлі. Сен мені дұрыс түсін. Сақтық пен қорқақтықты шатастырма. Мен енді қанша жасаймын, құдай біледі. Кейін Асқар ағам осылай деген еді деп айта жүрерсің.

Сол кезде мен «Франкенштейн немесе бүгінгі Прометей» романын оқып қатты әсерленіп едім. Ойымды бөліскенде Асекең, әдетінше сәл ойланып барып сөйлеп кетті.

— Мэри Шеллидің романы ғой. Ол өзі — белгілі философ Уильям Годвиннің қызы. Жеті атасынан бері фәлсафа қуалаған данышпан әулет. Барлығы интеллектуал болған. Ғылымның жауапкершілігі мәселесі бізде енді ғана айтыла бастады. Себебі, тықыр таянды. Ал Мэри Шелли бұл мәселені 19-ғасырдың басында айтып кеткен. Қыздарына дейін осындай ақылды, ол тұқымның қандай болғанын осыдан-ақ шамалай бер. Бірақ мен бұл романды басқаша түсінем. Виктор Франкенштейн, ұмытпасам швейцар ғалымы ғой деймін, иә. Ол қолдан жасап шығарған жасанды алып адам, қоғамнан, адамдардың арасынан өз орнын таба алмай, ақырында адамзатпен жауласады ғой. Жарты өмірін осы алыпты жаратуға жұмсаған ғалым, қалған өмірін енді өзінің туындысын жоюға жұмсайды емес пе. Бұл роман көп ұзамай символдық мағынаға ие болды. Еуропада, Франкенштейн, бір тетікті тудыруын тудырып алып, ақырында оған өзі ие бола алмаған ғылымның символына айналды. Мынадай бір қызық дерек оқығаным бар. Англияның парламентіндегі мәжіліс кезінде лордтардың біреуі, сол кездегі Үндістандағы көтерілістерді сөз қылып, отарлық жүйе мен құл иеленушілік — Ұлыбритания өзі қолдан жасаған құбыжық, егер де біз отарлардан, құл иеленуден арылмасақ, онда Франкенштейннің аяғын құшамыз, Англиядан айрыламыз деген екен. Романның аяғында Виктор Франкенштейн «Мен алғаш рет, Жаратушының өз туындысының алдында жауапкер екенін түсіндім. Қиянаттарын айтып айыптамас бұрын мен оны бақытты етуім керек еді» дейді ғой. Батыстың сыншылары үнемі осы идеяны талдауға тиянақ етеді. Әрине, бұл текстің аясынан шықпайтын мұқият қана талдау. Оқушылық талдау. Ал енді текстен шығып, контекстің биіктеу бір қабатына көтерілсеңіз, романның оқиғасы Библияның бірінші кітабы — Көне Өсиеттен алынғанын бірден байқайсыз. Құдай, Адам Ата мен Хауа Ананы жаратады. Олардан бүкіл адамзат нәсілі тарайды. Бірақ кейіннен адам баласына ие бола алмаған Жаратушы ақырында топан суын қаптатып бүкіл тіршілікті жояды. Яғни, Мэри Шелли, Библиядағы мәңгі сюжетті кішірейтіп, былайша айтқанда, жерге қондырып барып пайдаланған. Виктор Франкенштейн, ол да демиург, Жаратушы. Осы тұрғыдан маған үнемі бір ой келеді. Менің пікірімше, Адам — Жаратушының ең сәтсіз жобасы.

— Келесі жаратылыста сәтті болатын шығар, — дедім мен.

— Келесі жаратылыс бола ма, болмай ма, оны болжау қиын, — деді Асекең.

— Құдайға сенесіз бе? — деп сұрадым.

— Сенем, — деді Асекең, — Бірақ иконадағы адамтұрпатты құдайға емес. Әлемдік сана ретіндегі Құдайға сенем. Құдай бұл дүниеде емес. Бұл дүние — Құдайда. Құдай өзі жаратқан дүниеден тыс бола алмайды. Ол өзінің барлық құбылысында — Құдай. Мен түн ішінде жауған бал татыған жауыннан Құдайды көрем, соған сенем. Таудан аққан бұлаққа сенем. Сахараны кернеп емін-еркін ескен қоңырсалқын самалға сенем. Ақжүрек адал адамның сөзіне сенем. Осылардан тыс мен үшін Құдай жоқ.

Өнебойым елжіреп біртүрлі болып кеттім. Домбырамен шертілген әлдебір қамрықты күйді тыңдап тұрғандаймын. Асекеңнің даусы алыстан талықсып естілді.

— Білем, адам әлсіз. Осы жүрген ешқайсымыз да мінсізбіз деп айта алмаймыз. Абай атаңның сөзі бар ғой «Ат көтермес мінім бар» деген. Бірақ, бәрібір адамды құрметтей білу керек. Өмірді жақсы көру керек. Егер де өмірден жерісең, онда өмір де сенен жериді.

Кейін дін фәлсафасына қатысты тағы бір әңгімесінде Асекең жоғарыда аталған тақырыпты тағы бір қозғап өткен.

— Ислам — қияметтің діні. Бірақ дүниеде Құдай ұғымы жоқ, Құдай дегеннің не екенін білмейтін діндер бар. Дзэн буддизмде адам өз тағдырына өзі ие. Құдай да жоқ, періште де жоқ. Адамның өзі ғана бар. Бір қызығы, Батыстың озық ғылымы бүгінде осы дзэннің мистикасына бет бұрып отыр. Батыс ғылымы пайдаланатын «беспричинное творение», яғни «ешқандай себепсіз жаратылыс» деген термин бар. Осы термин барлығын түсіндіреді. Реинкарнация дегенді естуің бар шығар.

— Иә, дүниеге қайта-қайта келу ғой, — дедім.

— Дұрыс айтасың, — деді Асекең, — Бір буддистік тексте «Адамды мына дүниеге қайта-қайта алып келетін нәрсе — ниеттің ағыны» («Поток желаний бесчисленный раз возвращает человека в этот мир») деген сөз бар. Міне, осы бір ауыз сөз бүкіл жаратылыстың сырын түсіндіреді. Себебі, мына дүниені кім жаратты, ол қалай жаралды деп қоймай іздеп, ақыры сол себепті тапқан сәтте, сіз, бар болғаны… басқа бір ғаламға өтесіз. Өтпеуіңіз де мүмкін. Болды.

Кейін мен Станислав Грофтың «Трансперсональная психология» деген кітабын оқып отырып қайран қалдым. Автор психоделикалық тәжірибелер барысында адамның тумай тұрғандағы, анасының жатыры ішіндегі естеліктеріне дейін жетіпті. Бірақ пендеде ынсап болған ба. Енді автор, ал, бұрын, мына дүниеге Станислав Гроф болып келгеніме дейін, бұрынғы өмірімде мен кім болдым деп, өз тәжірибелерінде жатырдан ары бармақ болғанда бір қап-қара есікке тіреліпті. Ары қарай жол жоқ. Бірақ аталған кітап Асекең дүниеден өтіп кеткеннен кейін шетелден жеткен. Яғни, жоғарыдағы ойларды Асекең буддистік текстерден қорытып шығарған.

Бірде, әдеби ортаның бір жиынында бір ақын ағамыз, сол жерде отырған Тәкен Әлімқұловқа сауал тастады.

— Әй, Тәкен, мен сенің «Ақбозатыңды» оқып шықтым. Сөз саптасың, бәрі жақсы. Қатты ұнады. Тек шығармаңның идеясын түсінбедім. Қазақта қыздың қалыңмалына жылқы беруші еді. Бірақ, о заман да, бұ заман, жылқының жолына қыз бергенді қайдан көрдің? Бұнымен не айтқың келген, сонда?

Тәкен ағамыздың бір қызық әдеті бар еді. Біреудің сұрағына жауап берерде бетінің ұшы бозарып, мұрнын уқалап аз-маз отырып қалатын. Сырын білмейтін адам оны ашуланып отыр деп ойлап қалар еді. Бұл жолы да жүзі сәл қуарып отырып қалды. Содан соң дастарханның қарсы бетінде отырған Асекеңе саусағын шошайтты.

— Оны, мына Асқардан сұраңдар. Идеяны берген осы еді.

Бұл жолы да дастархан басында жастар көп еді. Асекең көзі жасаураңқырап, ойланып отырып қалды. Содан соң баяу сөйлеп кеткен. Бөлмеде сілтідей тыныштық орнады.

— Әрине, бұл Тәкен екеуміздің ашқан жаңалығымыз емес. Әлем әдебиетінен осыған ұқсас талай мысал келтіруге болады. Лермонтовтың «Бэла» деген әңгімесінде, естеріңізде болар, анау жалаңқылыш Казбич деген бар емес пе, соның өзі мініп жүрген атын мақтап айтатын әні бар ғой.

Много красавиц в аулах у нас,

Звезды сияют во мраке их глаз.

Сладко любить их – завидная доля,

Но веселей молодецкая воля.

 

Золото купит четыре жены,

Конь же лихой не имеет цены.

Он и от вихря в степи не отстанет,

Он не изменит, он не обманет.

 

Кейіннен Бэланың інісі, сол жүйріктің өтеуіне деп өз әпкесінің қол-аяғын байлап Печоринге әкеп тастайды ғой. Тәкен өз романында бұл мәселені ары қарай тереңдеткен.

Арада тағы біраз уақыт өткенде Асекең аталған тақырыпқа қайта айналып соққан.

— Романның аяғында оққа ұшқан Ақбозаттың басын құшақтап отырып бас кейіпкердің айтатыны бар ғой. «Дүниеден ұлы жүйрік кетті» деп. Мынау метафора, символ деген, біздің сыншыларымызға мәтел болып жұққан сияқты. Нені оқыса да, көздеріне символ елестеп отырады. Осы тамаша шығарманы да символға жатқызды. Ақбозат дүниеден кеткен қазақылықтың, қазақшылықтың символы екен. Ал, мен айтар едім, Ақбозат — жеке кейіпкер болуға лайық күлік. Ол неге міндетті түрде қазақшылықтың символы болуы керек? Бұның бәрі, дүниедегінің барлығын адамға апарып тіреп қоятын, барлығын адаммен өлшейтін антропоцентризмнің әсері емес пе екен? Ақбозат өлді, сонымен бірге жер бетінен тағы бір ұлы нәсіл көшті деп біліңіз. Бір тайпа ел қырылғандай жоқтаңыз.

Асекеңнің бір қызық мінезі бар еді. Бір жақсы әңгімені кейде амалсыз үзіп алып, арада біраз уақыт өткенде сол үзілген тақырыпты қайтадан жаңылмай табатын. Кейбір адамдар, ол қай жерде айтылған нендей әңгіме деп, естеріне түсіре алмай жататын. Кейіннен мен бұның Асекең жүрген шағын ғана ортаға тән дағды екенін байқадым. Зейнолла Серікқалиев, Асекең, семейлік Төкен Ибрагимов үшеуі басы қосылғанда бейсауат адам олардың не айтып отырғанын түсінбеуші еді. Жанындағыларды ақымақ қылып, келемеж қылып отырғандай көрінетін. Тыңдап үйрену керек екен. Алғашында әлдебір сөздің басын ғана айтып аяғын жұтып қоятын әдеттеріне, шынымды айтайын, жыным келетін. Мынадай мысал. 1989 жылдың, ұмытпасам, қысының аяғы еді. Зейнолла ағаның үйіндеміз. Асекең, Төкен аға үшеуі карта ойнап отыр.

— Соғыстың аяқталғаны үшін алып қояйық, — деді Асекең, рюмкелерге коньяктан толтыра құйып.

Алып қойдық.

— 79 жылы мен айтып едім ғой, Қожанасырдың қақпасы деп, — деді Асекең.

— Иә, алғаш айтқан сен едің ғой, — деді Зейнолла аға жымиып.

Үшеуі карта ойнап отыра берді. Үш дуананың ортасына кіріп кеткендей болып мен отырмын. Кейіннен ішіме сыймай, Зейнолла ағаға ренішімді айтып салдым.

— Осы сіздердікі не әдет? Бір нәрсені тамшылатып қана айтасыздар. Жандарыңызда отырған адамдар дым түсінбейді. Бұл не сонда, мазақ қылғандарыңыз ба? — дедім.

Зейнолла аға жымиып күлді.

— Таласжан, ренжіме. Мысалы, бір топ адам бір-бірімен араласа келе осындай тілге көшеді. Әлгі, постмодернизмнің пайғамбарларының біреуі айтты деген сөз бар ғой, «Әннің бәрі баяғыда айтылып және мың рет қайталанып болған» («Все песни спеты и тысячу раз перепеты») деген. Араларындағы сырдың барлығы белгілі адамдар, өздері білетін әңгімені қайталап айтып жатуы шарт емес. Ондай адамдар емеурін арқылы сөйлесе береді. Буддист монахтар бір-бірімен «коан» арқылы сөйлеседі ғой. Кейін сендер де осылай сөйлесіп үйренесіңдер.

— Жарайды, онда өткенде айтылған, Қожанасырдың қақпасы деген не әңгіме, түсіндіріңізші маған, — дедім мен.

Зейнолла аға рахаттанып тұрып күлді.

— Ол былай, — деді содан соң бетіме қарап мейірлене жымиып алып, — Қожанасыр есігінің алдына қоршауы жоқ қақпа қойып қойған ғой. Адамдар қақпаны айналып өтсе, қақпадан кірмейсің бе деп таяқпен ұрып айдап шығады екен. Қоршауың жоқ қой, қалай кірсек те бәрібір емес пе дегендерге, «Әй, қоршаудың бар-жоғында сенің не шаруаң бар. Қақпа не үшін қойылған» деп жауап береді екен.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. М.Мағауиннің «Әбіш екеумізін» т.б. шығармаларын аптасына бір оқығым келіп, іздеп тұратынмын. Мағауиннің кез келген шығармасынан өзіне тартып тұратын тылсым күшті, магияны байқадым. Ал мына «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сырды» оқығаннан кейінгі жағдай тіпті басқа. «ол турасында ойланып, пайымдап жеткенімнің өзі замандастарыма айтып беруге жарайтын әңгіме» деп Таласбек ағам тым қарапайым жеткізіпті. Т.Әсемқұловтың бұл жазбасы әлемнің жеті кереметінен бір кем емес дүние. Асқар Сүлейменовтің бар болмысын элитарлық деңгейде талдаған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button