Мөңке би және заман

Қазақ халқының арғы тегі мен ел болып қалыптасу, тәуелсіздік үшін күресу тарихы — зерделей білген адамға өте бай рухани қазына. Бірақ ол еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ғылыми тұрғыдан шынайылықпен жазылмай, айтылмай, түсіндірілмей келген-ді.
Ертедегі және кейінгі кезеңдердегі ата-бабаларымыздың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, өнері, салт-дәстүрі және сол замандарда елдің өсіп-өркендеуіне, дамуына, байырғы атамекенінде сақталып қалуына ерекше үлес қосқан дана тұлғалар — ойшылдар, ел басшылары мен қолбасшылары, билер мен батырлар, ақындар мен ғалымдар туралы тәуелсіздігіміздің тұсында ғана айқындалып айтыла да, жазыла да бастады.
Осы билердің ішіндегі бірі де бірегейі — Мөңке би. Мөңке би бабамызды, тағы да басқа би-батырларымызды білу, олардың елін, жерін сүю, қорғау, рухы мен намысын сақтау жолындағы істерін қазіргі және болашақ ұрпақтарға үлгі етіп көрсету, білдіру, насихаттау — бәріміздің перзенттік парызымыз. Олардың ісін жадымызда жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа жеткізу — елдің басын біріктіруге, тәуелсіздігімізді нығайтуға аса тәрбиелік мәні зор, рухани жұмылдырушы үлкен күш. Бұл бағытта елімізде іс-шаралар жүзеге асырылып та жатыр және алдағы уақытта атқарылар істер де жеткілікті. Себебі бұрын оларды істеуге толық мүмкіндік болмады. Тәуба.
Қазақ елі тарихында есімі аса құрметпен аталатын дала дарыны, көреген ойшыл, ұлы ақын, әйгілі би, осы Ақтөбе өңірінің перзенті Мөңке Тілеуұлы 1675-1756 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. Ғажайып даналығымен көзі тірісінде «Мөңке би», «Мөңке әулие», «Мөңке сәуегей» атанған адам.
Он сегізінші ғасырдың бірінші жартысында қазақ елінің Ресей империясының құрамына мәжбүрлі түрде кіру кезеңі ойшыл, дана тұлға Мөңке бидің болашақты болжаудағы сәуегейлік қасиеттерінің дамуына әсер еткені ақиқат. Жүрегінен шыққан толғауын халыққа былайша жеткізді:
Ақырзаман боларда —
Бай құрып, бақсы азады.
Кен көбейіп, бишара озады.
Қу моладан үйің болады,
Қу баладан биің болады,
Кебір жерге теңеледі,
Әйел ерге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі,
Көл теңізге теңеледі.
Адам ақысыз жұмыс істемейді,
Дүниені түрлеп кестелейді.
Ащыны ащы демейді,
Сағынып тамақ жемейді.
Тапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді,
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса көрші көршіге кірмейді, — деп толғануы бүгінгі заманның толық тынысын бергендей. Яғни осыдан үш ғасыр бұрын айтылған уәждерін көрегендік демегенде нені сәуегейлік дейміз!?
Ақырзаман, бүгінгі түсінікпен қарасақ, мәдениеттердің қақтығысы. Яғни саны көп халықтың саны аз халыққа ықпалын жүргізуі аз халықтың мәдениеті мен ұлттық құндылықтарынан айырылуына, тіпті өзін-өзі танымайтындай күйге әкелетіні тарихтан аян. Бұл турасында Мөңке би:
Заман ақыр болғанда,
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар,
Балалары жетім болар,
Әйелдері жесір болар.
Орыс қазақ қосылып,
Бір-біріне үйір болар,
Сөйткен заман келсе
Түзелуі қиын болар, — деп күйзеле жырлады. Дәлелі — осы заман. Соңғы бес жылдағы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, отбасын құрған әрбір жылдардағы жұптардың үштен бірі ажырасып кетеді екен. Сандаған жесір әйелді олардан туған тастанды балаларды көзбен көргендей болып болжауы таңғалдырады. Алайда би болашақтан күдер үзбей жаңарудың жолын болжап, ойшылдық танытады.
Айтарлықтай заман туады,
Сол заман жоқшылықтың бәрін қуады.
Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады….
Дүниенің жүзіне
Өре мен темірден жол тартылады… — деп өмірден өткеніне ғасырлардан астам уақыт өтсе де, әртүрлі халық болатынын, бүгінгі Қазақ елін көзбен көргендей болжап, электр жарығының келетінін, айқұш-ұйқыш теміржол тартылып, адамдардың ақысыз жұмыс істемейтіне дейін дөп айтқан.
Мөңке би көзі тірі кезінде-ақ әулие, сәуегей атаныпты.
Тілеуімнің ішінде
Әулие өткен Мөңке би,
Дәулет пен баққа асқандар,
Қайырын судай шашқан бар, — деп халық ақыны Нұрпейіс Байғанин жырласа, Сарышолақ шайыр:
Тілеудің ұлы Мөңке еді,
Алты Алашқа бас болған.
Қара мойын серке еді,
Ақылы зерек әулие,
Қиянға көңіл сілтеді, –
деп Мөңкені әулие тұтқан.
Мөңкенің билік сөздері әр жылдары Алматыдан шыққан «Билер сөзі», «Шешендік сөздер», «Қазақтың би-шешендері», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген кітаптарға енген. Мысалы, сол кітаптарда жарияланған Мөңке бидің болжамдарындағы мынадай сөздер, адам таңданарлық толғамдар келтірілген:
Құрамалы-қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын
Бежірей деген қызың болады.
Алдыңды кес-кестеп өтетін
Кекірей деген келінің болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады,
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Бетіңнен алып түсетін інің болады,
Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады….
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Жігіттің ақылы кетіп, амалы қалар,
Әйелдің ұяты кетіп, ажары қалар,
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар…..
Қалаларымыздағы құрамалы көп қабатты үйлер мен қорғанды екі қабатты тұрғын- жайлар, айнымалы-төкпелі билікшілер, пайдасыз бас қосқан жиыңдар, алашұбар тіл, дүдәмал дін, түймедей-түймедей дәрі, күнделікті базаршы әйелдер, қазаншы еркектер, кекірейген келіндер, ежірейген ұлдар мен бежірейген қыздарда сан жоқ екендігі баршаға аян. Сондай-ақ «әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар» деген болжауында да үлкен сыр жатқандай.
…Күні бүгінге дейін бидің қайда жерленгені белгісіз. Бізге жеткен, ел арасында сақталған аңызда Мөңке би: «Мен о дүниелік болғасын, шариғи жолмен намазымды шығарып, оң жаққа қойыңдар, мүрдемді күншығыс жақтан келетін Сартай әулиеге беріңдер, қайда апарып жерлейтінін сұрамаңдар» деп жиналғандарға бақилығы алдында аманаттаған. Жақайым Байжан би ұлы Сартай шамамен Мөңкеден 25-30 жастай кішілігі бар. «Заманында қос әулие атанған олардың тату-тәтті тірлігінің нәтижесі Мөңке би өзінің мәңгілік сапарға аттануын Сартайға тапсыруы аса сыйластықтарының көрінісі деп түсінген жөн», — деп Сексеуілде тұратын шежіреші марқұм Иса ақсақал 2000 жылы қыркүйек айында жыр қылып әңгімелеген-ді.
Бидің уақыты болған. Айтқандай-ақ Сартай келіп Мөңке бидің сүйегін алып, күн шығысқа жол тартқан. Әулиенің соңғы сапары осылай жұмбақталған. Содан белгісіз…
Ел аузында әулиеден Мөңкенің, батырдан Қалдыбайдың қайда жерленгендері белгісіз деген әңгімелер сақталған. Қазақ тарихы археологиялық, тарихи мәліметтерден және аңыз әңгімелерден құралатынын ескерсек, аңыздың түбі — шын. Мөңке би — соның дәлелі. Би тіршілігінде толғау жырларын жүйелеп, хаттай алмағаны аян. Дегенмен болашақ заман туралы болжамдарының өміршеңдігі арқасында ауыздан-ауызға тарап, қазіргі заманға жетті. Шүкір.
Мөңке би елдің қоғамдық өміріне белсене араласқан, халықтың қамын ойлаған, елдегі қызметі мен даналығы мойындалған аса беделді адам болған. Бір ғана мысал, бақталастық құрбаны болған Әбілқайыр ханның қазасынан кейін Нұралыны хан сайлап, енді оны таққа отырғызу үшін Ресей патшайымы Елизавета Петровнадан жарлық шығарып, бекітіп, сенімхат беруді сұрап, Орта жүз бен Кіші жүздің Жәнібек Тархан бастаған 33 биі мен батыры жазған хатта он бірінші болып Мөңке бидің есімі көрсетілген. 1749 жылы 2 мамырда императрица Елизавета Петровнаның Нұралының хан лауазымына бекітілуі туралы жарлығы (Өздері таңдап алған Нұралы сұлтанды хан ретінде бекіту туралы ханша Бопай мен бүкіл халық атынан жасалған өтініштің қабылдануы) Орынбор губернаторы И.Неплюевке ресми түрде хабарланған.
Он тоғызыншы ғасырда Жайық бойында өмір сүрген «Мақаш әкім» (Мұханбетжан) Шолтырұлы Бекмұханбетов ел аузындағы әңгімелер негізінде бірнеше әдеби, тарихи, саяси-әлеуметтік, тұрмыстық ахуал турасында еңбектер жазған. Олар «Астраханьские ведомости», «Астрахань хабаршысы» газеттерінде жарияланып тұрған. Ал 1908 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Каримовтардың баспа сауда үйінен жарық көрген «Жақсы үгіт» кітапшасында өзі өмір сүрген батыс өңірінде арғы-бергі заманда ғұмыр кешкен Доспанбет, Шалкиіз, Жиенбет жыраулардың жырлары мен Беріш Есет бидің, Шекті Мөңке би мен Шеркеш Түрке би, Тана Нұрке бидің айтқандары деп жарияланған. («Жас Алаш» газеті, 15 наурыз 2001 жыл).
Аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайдың тарихи романы «Елең-алаңда» Мөңкенің есімі қоғам қайраткері, әрі дана би ретінде аталады.
Мөңкенің болжамдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған.
Астанада 2000 жылы 26 мамырда Қазақстан Республикасының Мәжілісі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның орындалуы жөнінде өткізген парламенттік тыңдауда депутаттар мен Үкімет мүшелерінің және басқа да қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза ойшыл Мөңке бидің қазақ елінің болашағы туралы осыдан 300 жыл бұрын қолға ұстатқандай көрегендікпен айтып кеткен болжамдарын қазақ халқының рухани ұлылығын көрсететін тарихи дерек ретінде айта келіп: «Нострадамустың бір айтқаны келеді, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқандарының бәрі келіп тұр», — деді.
Осылайша даланың данасы Мөңке би араға үш ғасырдан астам уақыт салып, өзінің табаны тиген жеріне, Ақтөбе қаласына 2003 жылдың қазан айының 3-ші жұлдызында тас мүсін болып тұғырға отырып, елдің рухын оятты, тілегін асқақтатты. Ақтөбе, Шалқар қалаларының көшелеріне дана бидің есімі берілді. Шалқар ауданының Қайыр ауылы Мөңке би атауына ие болды.
Дала данасының 350 жылдығын республика көлемінде атап өту жөніндегі Үкімет шешімін халық аса ризашылықпен қабылдады.
«Мені де бір күні іздейді, асылдан туған ұрпағым», — деп Сарышолақ шайыр жырлағандай, Асан қайғы дәстүрін жалғастырушы, киелі қазақ елінің дала данышпаны, сұңғыла биі, болашақты болжаған сәуегей абызы Мөңке биді ел болып құрметтеуіміз — аса өнегелі іс.
Қанатбай ЕЛЕУСІЗҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы.



