Мәдениет

Би керуені — Ақтөбеде

Өнер

Қыркүйектің 24-29 күндері аралығында Ақтөбеге «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі келеді. Ұлттық хореография мәдениетінің бай мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп келе жатқан бірегей би ұжымының  құрылғанына — 70 жыл. Осыған орай ансамбль еліміздің түкпір-түкпірін «Би керуені» жобасы аясында гастрольдік сапармен аралап жүр.

Тарихы терең ансамбльдің репертуарында түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің би қойылымдары бар. Концерттік бағдарламаға әлем халықтарының билері мен қазақтың ұлттық билері енгізілген. Қазір ансамбль құрамында 50 биші өнер көрсетеді. Көркемдік жетекшісі — Қуанышбек Төлеген.

Шығармашылық кеш қарсаңында ансамбль директоры Елубай Кенжалиевпен тілдесіп, шетелге аты белгілі ансамбльдің соңғы жаңалықтары мен Ақтөбеде өтетін би жобасы туралы білген едік…

— Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Би керуені» жобасын өткізгелі отырмыз.Тек концерт қоюмен шектелмей, би өнерімен айналысып жүрген ұжымдарға шеберлік сабағын ұйымдастырамыз. Оған ансамблдің көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлеген, бас балетмейстер Ақмарал Әбдікәрімқызы, халықаралық конкурстардың лауреаты Талғат Ахметов қатысады. «Халық сахналық биі», «Қазіргі заманның қазақ биі» тақырыбында практика, «Би ансамбльдерінің концерттік бағдарламаларының құрылымы» атты теориядан арнайы дәріс беріледі. Шеберлік сағатында әр қатысушыға тегін сертификат табысталмақ. Мұндағы мақсатымыз — хореографтарды, би өнерінің мамандарын және жас өнерпаздарды жинап, оларға шеберлік сағатын өткізу, өзара тәжірибе алмасу. Сонымен қатар хореографтарды әзірлейтін оқу орындарындағы мамандармен байланыс орнату, би қойылымдардың қыр-сырын түсіндіру арқылы аймақтар мен үлкен өнер ұжымдарының арасындағы байланысты нығайту, — дейді ол.

Сондай-ақ Елубай Кенжалиев ақтөбеліктерге облыстық тарихи-өлкетану музейінде 70 жылдық тарихы бар ансамбльдің фотокөрмесі ұсынылатынын да атап өтті.

БІЗДІҢ ДЕРЕК:

«Салтанат» би ансамблі 1955 жылы Қазақ КСР халық артисі, Украина КСР-на еңбегі сіңген артис Лидия Чернышеваның басшылығымен құрылған. Алғашқы ұжым Алматы және Киев консерваторияларының, Ленинград және Алматы музыкалық училищелерінің жас түлектерінен құралған. 11 жылдан кейін 1967 жылы оркестр мен хор ашылды. Бастапқыда биші ұлдар мен қыздарды ел арасынан жинаған. Мұнда белгілі қазақ бишісі Шара Жиенқұлова да биледі. Ол Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың дүниежүзілік фестивалінде жеңімпаз болып,  танымалдыққа жетті. Сөйтіп, бүкіл Кеңес Одағына шығармашылық концертін қойып, кейін Ұлыбритания, Франция, Болгария, Италия, Түркия, Ресейде, Қытайда өнер көрсетті. Би өнерінің хас шеберлері қазір де шетелдіктерді таңдай қақтырып жүр. 

Құрылғанына 12 жыл толғанда жоғары орындаушылық шеберлігі және музыкалық, вокалдық және хореографиялық өнерді дамытуда сіңірген үлкен еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен ансамбльге ел мәдениетіне «Еңбек сіңірген» құрметті атағы берілді.

«Салтанаттың» өз дәстүрі қалыптасып, қазіргі деңгейге жетуіне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қазақ балет артис және педагог, профессор Зәуірбек Райбаевтың сіңірген еңбегі зор. Ол 1970-1986 жылдар аралығында Қазақ КСР Мемлекеттік ән және би ансамблінің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері және директоры қызметін атқарған.

— Биыл «Салтанаттың» жанынан 18 адамнан тұратын фольклорлық ансамбль ашылып, оған консерватория бітірген жастардың арасынан мықтыларын таңдап алдық. Фольклорлық ансамбльдің көркемдік жетекшісі — Серік Зәкәрия. Онда қазақтың күйлерінен бөлек, өзге ұлттың да шығармалары орындалады, — дейді ансамбльдің директоры.

Концертте «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, күйші Таңат Саденов және республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Жайна Тарғынова өнер көрсетеді. «Би керуені» жобасы аясында гастрольдік сапар 24-28 қыркүйек күндері Қандыағаш, Бадамша, Хромтау, Мәртөк елді мекендерінде өтеді. Ал ақтөбеліктер 29 қыркүйек күні Өнер орталығынан тамашалай алады. Құдіретті би өнерінің кешінен қапы қалмаңыз!

        Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button