Ел дамуының жаңа бағдары

Анар ДАРЖАНОВА,
Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы
Президенттің биылғы Жолдауында жаңа технологияларға ерекше басымдық берілді. Жолдаудың тақырыбы да соған саяды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу барысында Қазақстан үшін ең басты міндет ішкі тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау екендігін баса айтты. Қаржы ұйымдары тек қарапайым тұрғындарға несие берумен айналысып қана қоймай, ірі жобаларға да ақша салуы керек деген Президент Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Президенттің айтуынша, Ұлттық Банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет. Енді бұл мәселені созуға болмайды, шұғыл шешу қажет.
«Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет. Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп, заң жобасын жан-жақты пысықтауы қажет. Депутаттардан осы заңды жыл соңына дейін қабылдауды сұраймын», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру, халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы әртараптандыру, жастарды қолдау және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселесі төңірегінде айтылған бастамалары оң нәтижесін көрсетеді деген сенімдемін. Себебі бұл бастамалар ел дамуының жаңа кезеңін қалыптастыруға бағытталған. Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру — тек мемлекеттік органдарға ғана емес, баршамызға соның ішінде депутаттар мен қоғам белсенділеріне жүктелген ортақ іс. Сондықтан еліміздің болашағы үшін әрқайсысымыз Президенттің бастамаларын қолдап, еңбек етуіміз қажет.Қазақстанның жарқын келешегі — елдің ынтымағы мен ауызбіршілігінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сарабдал саясатына сүйене отырып, еліміз жаһандық сын-қатерлерді еңсеріп, тұрақты даму жолын жалғастыратыны сөзсіз.



