Сұлукөлге газ келді

Көгілдір отын
Әйтеке би ауданы Сұлукөл ауылының тұрғындары қуанышқа бөленді. Елді мекенге көптен күткен газ келді.
Бірнеше жылдан бері көпшілік тарапынан көтеріліп келген көгілдір отын мәселесі биыл шешімін тауып, 68 аула түгел газбен қамтылды. Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру және елді мекендерді газдандыру аясында жүзеге асырылып отыр. «Gaz Mart» ЖШС биыл мамыр айынан бастап жерасты құбырларын, жалпы ұзындығы 9,919 шақырымды құрайтын газ желісін тартқан.
Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, аудандық мәслихат депутаттары сұлукөлдіктердің қуанышына ортақтасып, жылы лебізін жеткізді. Ауыл ақсақалдары да ақ батасын беріп, газ тартуға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Сұлукөл ауылы аудан орталығынан 145 шақырым жерде. Қазір мұнда 248 адам тұрады.
Әйтеке би ауданында осы күнге дейін 27 елді мекеннің 14-і газдандырылған. Жыл соңына дейін Әйке, Тереңсай, Қияқты, Ұлғайсын секілді ауылдарға көгілдір отын тартылмақ. Сәйкесінше газбен қамтылу үлесі 87,5 пайызға жетеді.
А.БОЛАТБЕК.



