Береке мен бірлік

Отбасы күні
Ақтөбедегі «Жастар аренасы» спорт кешенінде облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Берекелі отбасы» атты облыстық спорттық марафон өтті.
Отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілген шараға Ақтөбе қаласынан және облыс аудандарынан келген 10 отбасы қатысты.
Олар тапқырлық пен жылдамдықты талап ететін 6 кезең бойынша тартысты ойын көрсетті.
Сайысқа тыңғылықты дайындалып келгендердің бірі — Медетбай мен Кенжегүл Өтемісовтер. Шаңырақ көтергеніне 13 жыл болған отбасы 7 бала өмірге әкелген.
— Шаңырақта берілетін тәрбие — ұлт болашағының кепілі. Балалар есейген сайын ата-ана мойнындағы жауапкершіліктің жүгі де ауырлай түседі. Біз балаларымыздың елін, жерін сүйетін азамат болып өсуі үшін бар күшімізді салудамыз. Балаларыма үнемі отбасындағы ең басты құндылық сыйластық екенін айтып отырамын. Сыйластық бар жерде береке де болады, — дейді Медетбай Өтемісов.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева бұл шараның жай ғана спорттық жарыс емес, әке мен ананың және баланың бір шаңырақ астындағы татулығының көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ қоғамдағы отбасының беделін арттыру мақсатында жыл сайын Отбасы күніне орай түрлі бағытта іс-шара ұйымдастырылатынын жеткізді.
Жарыс нәтижесінде бірінші орынды ойылдық Мұқашевтар отбасы жеңіп алды. Екінші орын Қарғалыдан келген Абаевтар отбасына бұйырды. Ал үшінші орынды ақтөбелік Омаровтар отбасы еншіледі.
Байқауға қатысқан 10 отбасы да сый-құрметтен құр қалған жоқ. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сертификаттар берілсе, өзге де қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



