Тұмаудан сақтан!

Тұмау — жіті респираторлық вирустық инфекция тобына кіретін вирустың күрделі түрі. Биыл балалар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 63,69 пайызға жеткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.Тұмауға қарсы егу науқаны 15 қыркүйекте басталады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанованың айтуынша, биыл 140 122 адамды екпемен қамту жоспарланып отыр.
— Күн күрт салқындаса, тұмаумен ауыратындардың қатары көбейеді. Облыста тұмау және жіті респираторлық инфекцияның алдын алу мақсатында бірқатар шара қолға алынуда. Өткен жылдың қазан айы мен осы жылдың қыркүйегін қоса есептегенде 373057 адам тұмау жұқтырған. Әсіресе 1 жасқа дейінгі балалар арасында тұмаумен ауырғандар саны 19 249-ға жеткен.Жүкті әйелдер арасында өткен жылдың 40 аптасы мен осы жылдың 35 аптасы аралығында 975 жағдай тіркелген. Жіті респираторлық вирустық инфекцияның алдын алу мақсатында тұрғындарды тұмауға қарсы егу науқанына атсалысуға шақырамын.Тұмауға қарсы вакцинаны тегін және ақылы түрде облыстың қалалық және аудандық емханаларынан алуға болады.Тұмау және жіті респираторлық вирустық инфекцияның алдын алу мақсатында халықты көбірек құлағдар ету үшін облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметкерлері мектептер мен оқу орындарында, қоғамдық орын — базарларда дәріс оқып, парақшалар таратады, — дейді ол.
Тұмау вирусын анықтау мақсатында полимеразды тізбекті реакция әдісімен 4054 сынама алынған. Оның 277-сі оң нәтиже көрсеткен. А типті тұмаудың (H1N1 штамы) — 198, В типті тұмаудың 79 жағдайы анықталды.
— Жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған 4613 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 357-сі жүкті әйел болса, 902-сі — 1 жасқа дейінгі балалар. Жансақтау бөлімінде 2 адам ем алды. Пневмониямен ауырған 511 адам емделіп шықты.Биыл жергілікті бюджет есебінен 109 500 адам вакцина алады деп жоспарлануда.
Профилактикалық екпеалу алдында адамның денсаулығы міндетті түрде тексерілуі керек. Ал екпе алғаннан кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болуға тиіс, — дейді Индира Аяғанова.
Брифинг соңында тұмаудан сақтану үшін халық көп жиналған орындарға бармау, салқын тигізіп алмау және ауа райына сәйкес киіну керек екені де айтылды. Кез келген ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алған дұрыс. Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары халықты тұмаудан қорғайтын жалғыз және тиімді шара ретінде тұмауға қарсы вакциналауды ұсынды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



