Мәдениет

«Сәйгүлік» республикалық байқауы өтті

Байқау

Ақтөбеде қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Сәйгүлік» атты ІІІ республикалық байқаудың гала-концерті өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 өнерпаз қатысып, ақынның жыр-ғұмырын, сазды әлемін дәріптеді.

Кештің шымылдығы Т.Ахтанов атындағы драма театры артистері арнайы әзірлеген прологпен ашылды. «Batys» тобы орындаған «Сәйгүлік» әні көпшіліктің көңілін баурап, шараның рухын асқақтатты.

Байқауда облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйледі. Ол Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» республикалық байқауын әлі де насихаттап, қатысушылар қатарын арттыруды, фестиваль аясын кеңейту керегін айтты.

Қатысушылар бір күн бойы ақынның әндерін орындап, жырларын мәнерлеп жеткізді. Биыл өнерпаздар Табылды Досымовтың бұрын-соңды айтылмаған туындыларына баса көңіл бөлген.

Қазылар алқасы үздік өнерпаздарды марапаттап, арнайы жүлделер табыстады. Бас жүлдеге Ғибадат Тұрғалиев ие болды. І орынды Орынбасар Жұмаханов алды. ІІ орынға Ізбасар Самиғоллаев пен Еркебұлан Әжімұратов, ІІІ орынға  Сиғватолла Ешкаев пен Әлімжан Макенов лайық деп танылды. «Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қордың» жүлдесі тарту етіліп, дипломант және ынталандыру сыйлықтарының иегерлері марапатталды.

Кеш соңында өңір басшысы Асхат Шахаров далада жағылған алау жанында қатысушылармен қосыла ақынның «Сәйгүлік» әнін шырқады.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button