Цифрлық дәуірге бейімделудің жаңа бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер кең көлемде талданып, маңызды ойлар айтылды. Жолдаудың басты ерекшелігі — еліміздің дамуын жаңа тарихи кезеңде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді енгізу арқылы жүзеге асыру қажеттігіне ерекше назар аударылуы. Президент дүниежүзі жаңа бір тарихи дәуірге аяқ басқанын, бұл дәуірдің адамзатқа оңай соқпайтынын ашық мәлімдеді. Әлемде болып жатқан қайшылықтар, ұлтшылдық пен өзге мемлекеттерге үстемдік жүргізуге ұмтылу үрдісі Қазақстан үшін бірлік пен тұтастықтың, парасат пен пайымның маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы тек осы қасиеттердің арқасында ғана халқымыз қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өте алатынына сенім білдірді.
Жолдауда еліміздің экономикасы, өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, инвестиция тарту, банк жүйесін жетілдіру сияқты салаларда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсаттар кеңінен айтылды. Алайда мен үшін, жоғары оқу орнының ұстазы әрі саяси-әлеуметтік саланың маманы ретінде, Жолдаудағы білім, ғылым және мәдениетке қатысты ойлар ерекше мәнге ие.
Біріншіден, Мемлекет басшысы алдағы уақытта білім беру жүйесіне баса назар аудару керек екендігін атап өтті. Цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектке негізделген білім беру модельдеріне көшу — уақыт талабы. Бұл, бір жағынан, еліміздің экономикалық жаңғыруы үшін, екінші жағынан, киберқылмыстың алдын алу мен қоғамның жалпы сауаттылығын арттыру үшін аса қажет. Екіншіден, ғылым, білім және инновация салаларын өзара тығыз байланыстыра отырып басқару қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұл — болашақта білім экономикасына көшудің алғышарты. Жасанды интеллекті кеңінен қолданатын ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарына көбірек дербестік беру керек. Себебі елге нағыз қажеті — сапалы, терең білімді, білікті мамандар. Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, бұл саланың маңызын айрықша атап өтті. Жолдауда жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, олардың қоғам үшін ерекше қажет екенін мойындау — аса өзекті әрі құптарлық бастама.
Сонымен қатар дарынды зерттеушілерді қолдау үшін Үкімет тарапынан қосымша шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Елге білікті кадрларды қайтару, көші-қон саясатын жетілдіру арқылы маман тапшылығын жою — келешекке салынған инвестиция. Президенттің пікірінше, ұлтына қарамастан, еліміздің дамуына үлес қосатын шетелдік мамандарды тарту маңызды. Себебі техникалық білім мен инновацияға негізделген қазіргі заманда «сапасы жоғары адами ресурстар» — кез келген мемлекеттің алтын қоры.
Әлеуметтік салада Мемлекет басшысы масылдықты қатты сынға алып, еңбекке бейімді, белсенді қоғам құру қажеттігін баса айтты. Медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсарту, оларды жасанды интеллект дәуіріне бейімдеу, осы салаға мол қаржы бөлу — халық денсаулығы үшін ауадай қажет шаралар. Қазіргі таңда медициналық сақтандыру жүйесінде бірқатар түйткілдер бар екенін де жасыруға болмайды, халықтың осы жүйеге көңілі толмайтыны да жиі айтылып жүр.
Мәдениет пен өнер саласына келсек, Президент бұл бағыттың жасанды интеллект дәуірінде де ерекше маңызға ие екенін айтты. Инфрақұрылымды жаңарту, мәдениет қызметкерлеріне жағдай жасау, оларды заман талабына бейімдеу қажеттігі аталып өтті. Әсіресе өнер адамдарының еліміздің мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін шетелге таныстыруы — аса маңызды әрі құрметке лайық жұмыс. Алайда бұл салада әсіреқызыл, шектен тыс әрекеттердің бар екенін де жасырмауымыз керек. Әлеуметтік желідегі мәдениетсіздік, әсіресе жастар арасындағы әдепсіздік — алаңдатарлық мәселе.
Президент бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына да ерекше тоқталды. Құқықбұзушылықтарға төзбеу — мәдениетті қоғамның негізгі өлшемі. Әйелдер мен аналардың қоғамдық орындарда жасалатын әдепсіз әрекеттері бүкіл қоғамның бет-бейнесіне көлеңке түсіреді. Сондықтан тәрбие мен әдептілік әрбір отбасынан басталуға тиіс. Мемлекет басшысы жастардың тәрбиесіне ерекше назар аударып, әсіредіншілдік пен әсіреұлтшылдықты сынға алды. Қазіргі жастардың бір бөлігі осы теріс ағымдарға еліктеп жүргені де жасырын емес. Президент бұлардың барлығын дұрыс бағытқа бұру қажеттігін нақты айтты.
Білім мен руханиятқа ерекше мән беру қажет. Президент бұл жолғы Жолдауында Абайдың даналық ойларына бірнеше мәрте сілтеме жасап, адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы ұстаз бен жақсы істен басталатынын атап өтті. Бұл біз үшін ұлт болып жаңғырудың темірқазығы болуға тиіс.
Сондай-ақ президент Парламенттік басқару жүйесіне қатысты ойларын да нақтылады. 2022 жылы жарияланған «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидасы — алдағы жылдары жүзеге асырылатын негізгі басымдықтардың бірі. Бұл — бір күндік жұмыс емес, кезең-кезеңімен атқарылатын терең реформалар.
Қорытындылай келе, бұл Жолдау — Қазақстанның алдағы дамуына арналған стратегиялық бағыттарды айқындайтын маңызды құжат. Еліміздің өркендеуі үшін әр саланың алдына нақты міндеттер қойылған. Ал сол міндеттерді орындау — әрбір қазақстандықтың борышы. Президенттің айтқанындай, «білікті, саналы адамдар — ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі». Сондықтан бұл Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттарды жүзеге асыру, соны өзімізге бағдар етіп ұстану барша қазақстандықтың ортақ ісі, ортақ жауапкершілігі деп білемін.



