Пікір

Бағдар — цифрлық қоғам және жасанды интеллект

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Жолдауда дүниежүзін жайлап отырған күрделі экономикалық әрі саяси дағдарыстардың салқыны тиген қазақстандық қоғамды осы тығырықтан шығарудың ұтымды жолдарын іздестіру, прагматикалық саяси және экономикалық реформалар негізінде мықты мемлекет ретінде қарқынды даму мәселелері айтылды.  Ел Президенті әлемде шиеленіс ушыға түскенін, оның проблемалары туралы атап өтті, яғни«Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді. Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, ал кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық татулықтың мән-маңызы кете бастады. Ал БҰҰ өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі түйткілдерді шешуге қауқарсыз болды. Батыстағы этносаралық дінаралық үйлесім мен мәдени әр алуандық дағдарысқа ұшырады» деді.

Қазіргі кезде әлемде және көрші елдердегі әлеуметтік-экономикалық, геосаяси жағдайдың қиын кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Жолдауы үлкен тарихи маңызға ие.Еліміздің азаматтарының тұрмыстық ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттар белгіленіп, басты назар азаматтардың қауіпсіздігі және жасанды интеллект пен цифрлық әлеуетті дамытуға аударылуда.«Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады. Қазақстан әлем қауымдастығының мүшесі ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр болса да, жаппай цифрландыру, жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық», —деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керектігіне көңіл бөлді. Мұндай басымдықты жоспар елдің цифрлық мүмкіндігін жоғарылатып, озық технологияларды пайдаланудың алғышарттарын құрайды.

Сонымен қатар Президент нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалуға болмайтынына назар аударып, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты. Яғни елімізде парламенттік реформа жүргізіп, бір палаталы парламент құрудың маңызы туралы бүгінгі Жолдауда: «Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан, мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», —деді.

Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамытужөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтуға, экономиканы монополиядан арылтуға, макроэкономикалық саясатты қайта қарауға, салық, бюджет саясатын және әкімшілік басқару жүйесін реформалауға қатысты бірқатар маңызды бастама көтерді.

Жаһандық дүрбелең дәуірінде біздің халқымызға біртұтас болудан басқа жол жоқ екенін ескерткен Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру басты міндетіміз екенін қадап айтты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button