Колледждер де үлес қосады

Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА,
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры
Бүгін педагогтер ұжымы және оқушылармен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден көріп, тыңдадық. Одан соң оқытушылар Мемлекет басшысы Жолдау барысында ұсынған еліміздің даму бағытын айқындайтын нақты қадамдарды зерделеп, өз ойларын ортаға салды.
Мен де Президенттің «Қазақстан алдағы үш жылда жаппай цифрлық елге айналуы керек» деген сөзі қазіргі заманауи білім беру жүйесіне қойылған аса маңызды міндет деп есептеймін.
Жолдауда айтылғандай, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы еліміздің технологиялық серпілісі мен болашақ IT-экономикасының берік іргетасы болмақ. Бұл бастама — кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары үшін жаңа мүмкіндік.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде бүгінде 2500-ге жуық оқушы 12 түрлі мамандық бойынша білім алып жүр. Талапкерлер арасында IT-саласына сұраныс ерекше, қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, биыл 400-ге жуық бала біздің колледждің IT мамандығын таңдап келсе, соның
130-ы конкурспен іріктеліп, оқуға түсті. Бұл — цифрлық қоғамға деген жастардың нақты қызығушылығы мен сенімінің көрінісі.
Сондай-ақ колледжіміз жанынан облыстық бюджет есебінен IT-хаб құрылысы басталды. Бұл орталық — білім алушылардың заманауи технологиялармен жұмыс істеуіне, стартап жобаларды жүзеге асыруына және жасанды интеллект бағытында тәжірибе жинауына зор мүмкіндік. Ғимарат құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.
Бүгінде біздің оқу орнымызда 200-ге жуық білікті оқытушы дәріс береді. Біз еңбек нарығында сұранысқа ие — электр жабдықтары, машина жасау, автоматтандыру және басқару, мұнай және кен орындарын байыту, құрылыс, зертханалық технологиялар сияқты 10 жұмысшы мамандығы бойынша маман даярлаймыз. Президент ұсынған жаңа міндеттер бізге осы салаларда цифрлық шешімдер мен автоматтандырылған жүйелерді кеңінен енгізуді жеделдету қажетін көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібімен кәсіпорындарды дамыту жөнінде Үкіметке берген тапсырмасы да дуальды оқыту жүйесінің мүмкіндіктерін еселей түседі деп ойлаймын. Мәселен, біздің колледжде 500-ден артық оқушы дуальды оқыту жүйесінің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, еңбек етіп жүр.
Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыруға дайын және бұл бағытта нақты жұмыстарды одан әрі жалғастыратын болады.



