Пікір

Жасанды интеллект жаңғыруға жол ашады

Лаура СҰЛТАНБЕКОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы — ел дамуындағы басты бағыттарды айқындайтын, тың серпін беретін стратегиялық құжат. Әсіресе биылғы Жолдауда Президентіміздің жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы туралы айтқан сөзі — заманның беталысын, технологиялық өзгерістердің ықпалын ескере отырып, ұлттық руханиятты жаңа арнаға бағыттаудың көрінісі деп түсінемін.

Мәдениет пен өнер — мемлекеттің рухани тірегі, ұлттың жаны. Бұл саланың дамуы — тек шығармашыл жандардың ғана емес, тұтас қоғамның мәдени деңгейін көтеретін маңызды фактор.

Мемлекет басшысының мәдениет инфрақұрылымын дамыту, өнер адамдарына қолдау көрсету және оларды заман талабына бейімдеу қажет екенін атап өтуі бұл саланың алдағы уақытта нақты тетіктермен дамитынына сенім ұялатады.

Шын мәнінде, қазіргі таңда отандық өнер шекара асып, шетелде танылып жатыр. Бұл — өнер иелерінің жанкешті еңбегінің нәтижесі. Президенттің «Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл — құрметке лайық жұмыс» деуі— шығармашылық қауымға деген зор құрметтің, терең түсініктің айғағы.

Қазіргі таңда кітапхана — ақпараттық, танымдық, тәрбиелік әрі шығармашылық орталық. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар оқырмандарға сапалы әрі жедел қызмет көрсетуге ғана емес, жастардың стартап жобаларын дамытуға, кәсіпкерлікпен айналысуына да жол ашады.

Біздің кітапханада жастардың интеллектуалдық әлеуетін, шығармашылық қабілетін және кәсіби дағдысын дамытуға бағытталған клубтар мен студиялар тегін жұмыс істейді. Атап айтсам, Startup&Speaking стартаптар мен көпшілік алдында сөйлеу алаңы,3D-модельдеу студиясы, қолөнер студиясы, ораторлық шеберлік және бейне түсірілім курстары, тілдік курстар,«Муфаса» жастар театры,«Зейін» оқырмандар клубы, Del’amour әйелдер клубы,Nomad Minds, «Жастар толқыны» жәнет.б.

Бұл кеңістік жастарға өз жобаларын жүзеге асыруға, жаңа контент жасауға және әлеуетін ашуға ерекше мүмкіндік беріп отыр. Сол арқылы бүгінде кітапханамыз өңірдің заманауи креативті алаңы ретінде мәдени экожүйенің маңызды элементіне айналды.

Осы орайда Мемлекет басшысының сенімі мен тапсырмаларын қолдай отырып, шығармашылықты дамытумен қатар, технологиямен үндесетін, заманауи форматтағы жаңа жобаларға да ден қоюымыз қажет. Себебі ұлттық мәдениетімізді әлемге танытатын күш — заманға сай жаңаша ойлайтын, цифрлық сауаты жоғары жаңа буын. Ендігі міндет — сол сенімді ақтап, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына жаңа технологиялар арқылы сіңіру.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button