Мәдениет

Зерттеу және зерделеу

Мәдени мұра

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және сақтау мәселесі талқыланды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың мәліметінше, өңір аумағында мемлекеттік тізімге 872 тарих және мәдениет ескерткіші енгізілген. Сонымен қатар 1 433 ескерткіш алдын ала есепке алу тізіміне қосылған.

Алтынай Юнисова басқарма аудандық және қалалық әкімдіктермен бірлесіп ескерткіштерді қалпына келтіру, абаттандыру, қоршау, QR-кодтар мен жарық шамдарын орнату, ескерткіштердің жағдайына мониторинг жұмыстарын жүргізіліп жатқанын алға тартты. Атап айтқанда, қала әкімдігі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Түйетөбедегі ескерткіш белгіні қоршау жұмыстарын жүргізді, 15 ескерткіш ағымдағы жөндеуден өтті, 11 ескерткіштің жарық шамдары ауыстырылды. 17 ескерткіште QR-код тақтайшалары жаңартылып, 2 ескерткішке жаңалары орнатылды. Байғанин, Мәртөк, Хромтау және Темір аудандарында қорымдар қоршалды. Биылдың өзінде 778 ескерткішке қорғау міндеттемелері рәсімделіп, жыл соңына дейін қалған 94 нысан бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. 

Археологиялық зерттеу мен қалпына келтіру шаралары да жалғасуда: Байғанин ауданында «Жұмағали-ишан» мешіті мен Тасқопа қорымына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, Шалқар ауданында Мәтіғұл мавзолейінде жұмыстар аяқталды, қалада Жамбыл-I қорғанына зерттеу жүргізілді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров тарихи-мәдени мұраны сақтау – халықтың рухани байлығы мен тарихи жадының мәселесі екенін сөз етті. Ол аудан және қала әкімдіктеріне ескерткіштерді жер кадастрына енгізу жұмыстарын күшейтуді, қорғау міндеттемелерін рәсімдеуді аяқтауды және аумақтарды абаттандыру шараларын қабылдауды тапсырды.

«Тарихи-мәдени мұраны сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл тек ескерткіштерді қалпына келтіру мен қорғау ғана емес, сонымен қатар оларды жастар арасында насихаттау. Аумақтардың тазалығын сақтау, қирауларға жол бермеу және өз бетінше ескерткіш орнатуды болдырмау маңызды. Әсіресе нысандарды жер кадастрына енгізуге ерекше көңіл бөлу қажет, бұл олардың құқықтық мәртебесін бекітіп, келер ұрпақ үшін сақталуын қамтамасыз етеді», – деді облыс әкімі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button