Сәбилерге тегін ота жасады

Ақтөбе қаласындағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасында туабітті жүрек ақауының ауыр түріне шалдыққан сәбилерге ота жасалып жатыр. Операцияны Беларусь Республикасы Минск қаласының республикалық ғылыми-практикалық орталығының балалар кардиохирургі, «EACTS» Еуропалық кардиоторакалды хирургтар қоғамының, Ресей кардиохирургтары қоғамының мүшесі Юрий Линник бастаған дәрігерлер жасайды.
Облыстық балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрия Суханованың айтуынша, алғашқы үш күнде бес балаға операция жасалған. Барлығы да сәтті өткен. Жалпы барлығы 9 балаға ота жасалмақ. Бір аптаға созылатын шеберлік сағатында жергілікті дәрігерлер тәжірибе жинақтайды.
— Ота жасалатын балалардың барлығы диспансерлік есепте тұр. Себебі барлығы да жүректің күрделі ақауына шалдыққан. Оның ішінде туғанына жеті күн болған нәрестеден бастап, 16 жастағы балалар да бар. Аурудың түріне, күрделілігіне байланысты балаға бірнеше рет ота жасалуы мүмкін. Ал Беларусь елінен келген мамандардың тәжірибесі мол, түрлі әдіс-тәсілдері бар. Сондықтан олардан үйренеріміз көп. Жалпы күрделі оталар біздің де ауруханада жасалады. Дегенмен дәрігерлердің тәжірибе алмасуы кәсібиліктерін шыңдай түседі, — дейді Нұрия Суханова.
Аталған шеберлік сағатын «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қоры ұйымдастырды. Яғни шетелден келетін мамандарға төленетін және барлық отаға қажетті шығындарды қор төледі. Қор меңгерушісі Ұлжалғас Мұхамбетованың айтуынша, қордың «Мүмкіндік» деп аталатын жобасы бар. Бұліс-шара сол жоба аясында жүзеге асып отыр.
— «Мүмкіндік» жобасы тек медицина бағытына арналған. Сирек кездесетін дертке шалдыққан балаларды әлемдік стандарт бойынша жаңа технологиямен емдеуге мүмкіндік береді. Егер бұндай науқасты сырт елде емдететін болса, ата-ана қыруар қаржы жұмсар еді. Қор біріншіден отаны тегін жасатуға мүмкіндік берсе, екіншіден біздің мамандар білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасады. Себебі медицина саласы жыл сайын дамып жатыр. Мәселен, жүрекке жасалатын отаның бірнеше әдісі бар. Сондықтан мамандар әлемдік стандартқа сай жұмыс істейтін дәрігерлерден көп нәрсені үйренеді. Биыл осымен екінші реет шеберлік сағаты өтіп отыр. Алғашқысы сәуір айында ұйымдастырылған болатын. Ол кезде 8 сәбиге операция жасалды, — деді Ұлжалғас Мұхамбетова.
Қор өкілінің айтуынша, Ақтөбедегі аурухана қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Яғни шетелдік мамандардың келіп, операция жасауына барлық мүмкіндік бар.
Бір апта бойы балалар кардиохирургі Юрий Линник, анестезиолог-реаниматолог Алексей Цилько, перфузиолог Анна Вершицкой, кардиолог Вероника Дроздовской ақтөбелік дәрігерлермен бірге ота жасап, шеберлік сағатын өткізеді.
Сондай-ақ операциядан кейін жүрек ақауы бар балаларға тексеру жүргізіледі.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



