Тарих

Қырық сегіз жыл сақталған сағат

Әр үйде ерекше мағынасы бар жәдігердің сақталуы заңды. Бірі сол үйде ата-бабаларының тұтынған дүниесі болса, екіншісі ел жадында сақталған даңқты тұлғаның сыйға тартқан бұйымы болуы кәдік. Қалай айтсақ та қадірін түсінген адам үшін тәрбиелік маңызы зор екендігі айқын.

Біздің шаңырағымызда үстелде тұрған сағаттың бетінде мынадай жазу бар: «Делегатам акынов Челкарского района в знак уважения от акынов Иргиза. 10.09.1977 г.». Кеңестік дәуірдің қасаң қағидасымен мәтін бірыңғай орыс тілінде, ал аудан атауы сол тұстағы тәртіппен «Челкарского» деп берілген.

Сонда бұл дүниені алғаш ұстағанымызға қырық сегіз жыл толыпты-ау. Аз уақыт емес. Мәселені барымызша талдап ұғындырайын.

Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінде жауапты хатшымын. Аудандық партия комитетінде насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Әбдірахман Шолақовтан шақырту алдым. Ағамыз — қимыл-қозғалысы орнықты, менменсуден аулақ, әңгімені байыппен шегелеп айтатын адам. Уақытты оздырмай шаруаның мәнісін баяндады. Байғанин ауданында Мәдениет үйінің алдында эпик-жыршы Нұрпейіс Байғаниннің ескерткіші салтанатты түрде ашылады екен. Осы оқиғаның құрметіне облыстық ақындар айтысы өткізілетін болыпты. Айтысқа Шалқар ауданы атынан «Айшуақ» кеңшарының механизаторы Данабек Қалмұратов шығады. Сол кісімен бірге баруды ұсынды. «Ауылдан көп ұзап шықпаған шаруа адамы. Ырғыздың ақынымен сөз сынасады. Алдын ала Ырғызға жіберіп алдық. Ондағы науқандық жұмыстардың барысымен біршама танысты. Сенің міндетің —  жолбасшы, атқосшы болу. Барғасын қонақүйге орналасқан соң ағаңмен бірге айтыста айтылар сөз мәтінін дайындайсыңдар. Жағдайына жауап бересің.»

Редакция кеңсесінен іссапар шығынына жүз сом алдым да, айтыскер екеуміз Алматы-Гурьев пойызының купе вагонына отырдық. Қарауылкелдідегі екі қабатты қонақүйде өзге аудандардың, Ақтөбе қаласының өкілдері орналасып болған. Ең соңғы келушілер біз екенбіз. Жан-жақтан жиналған ақындардың алдын ала дайындығының әсері — бөлмелерден естілген домбыра үні мен айтыскерлер мақамынан қонақүй ғимараты теңселіп тұрғандай. Ақтөбе қаласында Фрунзе, Пролетар деп аталатын екі аудан бар. Солардың атынан Аманкелді Смағұлов пен Болат Теміров келген. Бөлмесіне барып, сәлемдестім.

Бөкең ақындарды жайлау барысына көңілі толмады ма, домбыраға қосылып, айтып жатыр.

Бір азамат ентігіп келіп: «Болатжан, не болды? Смекең естісе мені құртады ғой, кейін өзім сені жайлаймын» деп жатыр. Сұрастырып білсем, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сүндет Сарыбаев екен.

Кешкі ауқаттан соң Данабек аға екеуміз айтысқа түсер мәтінді дайындап, бір жүйеге келтірдік. Бұл кісінің облыс аумағындағы мұндай додаға алғаш түсуі екен. Қобалжығанын жасырмай, білдіріп қояды.

Ертең — Мәдениет үйінде ақындар айтысы. Бағдарлама бойынша бірінші болып Шалқар және Ырғыз аудандарының өкілдері сөзсайысқа түседі. Ырғыздықтар Ертаза Жүсіпбеков пен Мәдіғали Тапақовты дайындаған, Шалқардан бір ғана Қалмұратов. Жүрексінуі басым сапарласымды жылы сөзбен жұбатып қоямын.

Түнгі ұйқыдамыз. Таңға қарай ыңырсыған дауыстан оянып кеттім. Ал керек болса… Қарсы төсектегі Данабек ағам мазасыз күйге түскен. Терге шыланыпты, денесінде қызу бардай. «Жедел жәрдем» шақырттым. Температурасын өлшеп, укол салды. Қайдан ойыма келгенін, әлгі медбике ме, фельдшер ме — келген адамнан емделушіге анықтама жаздырып алдым.

Ертеңгісін кімнен естігенін білмеймін, бөлмеге Қазақстан Жазушылар одағының өкілі Мұхтар Құрманалин мен облыстық комсомол комитетінің хатшысы Еркін Құрманбеков ағаларым келді. Ақынымның шынымен ауырып қалғанына көзі жетті, мені жұбатып жатыр.

Мәдениет үйіндемін. Көңілсізбін. Үлкен-кіші халық өнер додасын тамашалауға жиналуда. Анадай жерде бой-басы таза, сымдай тартылған бірнеше азамат тұр. Ортасынан біреуі жүгіріп келді де маған:

  • Сізді Өтеміс Әкімов шақырып жатыр, — деді.

Әлгі адам Октябрь аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Тіленбаев екен. Әкімовті бірінші рет көруім, көзілдірігі өзіне жарасқан сымбатты жігітағасы. Сәлемімді алмастан:

  • Шалқар, ақының қайда? Түнімен ішкізіп, ауыртып тастағансың. Қазір райкомыңа телеграм салдыртамын, — деді.

Шындап састым. Енді не істеуім керек? Қарасам, Мәдениет үйін бетке алып, үш адам келе жатыр. Ортасындағы «Қазақстан пионері» газетінің редакторы, ақын апамыз Фариза Оңғарсынова, бір жағында облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Асанғали Шыңбаев, үшіншісі Байғанин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сматолла Беркімбаев болып шықты.

«Шешінген судан тайынбас» деген бар, тәуекелмен соларға барып сәлемдестім. Асекеңді Шалқарға келген сапарларында бір-екі мәрте көргенім бар, сол кісіге жүгіндім. Ақынымның ауырып қалғанын, жедел жәрдем шақырғанымды баяндадым. Жаратылысынан байсалды майдангер аға:

— Қиын болған екен, өзің домбыра тартасың ба? — деді.

— Жоқ.

— Мәтіні дайын ба?

— Иә, қағазға түсіріп қойғанмын.

  • Олай болса жұрт алдына домбырамен шығып, сол мәтінді оқы…

Солай еттім де. Ырғыздықтар шараға жақсы дайындықпен келген. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Құттық Нұршекенов қысқаша сөз сөйледі, көрші орналасқан Шалқар мен Ырғыздың арасындағы достық қарым-қатынасқа екпін беріп, баяндады, зал толы халықтың көзінше жоғарыдағы жазуы бар сағатты тарту етті. Ертаза Жүсіпбековпен арадағы айтыс осылай тәмамдалды, одан кейін сахнаға көтерілген Мәдіғали: «Шалқар, менімен шығатын ақының көрінбейді, неге?» деп, домбырасын сабалаумен болды.

«Сыйға — сый, сыраға — бал» деген қағидамен бітірген шаруам — іссапар шығынына деп берілген ақшаға дүкеннен екі қол сағатын сатып алып, қонақүй бөлмесінде Ырғыздың екі ақынына сыйладым. Облыстық комсомол комитетінің хатшысы Е.Құрманбеков маған Құрмет грамотасын тапсырды.

Екі күндік айтысты қорытындылап, Шалқарға қарай бет алдық. Пойыздың вагон-мейрамханасында Данабек ағам ағынан жарылды. «Жанғабыл, айналайын, сен қатты қиналдың, ойыңа ала көрме. Мен мұндай дүрмекті бұрын көрмегенмін, қан қысымым көтеріліп, сахнаға шығуға шамам келмеді», — деді өзін кінәлі санағандай. Осыны айтты да, ырғыздықтар сыйлаған сағатты өзіне ұсынғаныма қарсылық білдірді. «Еңбек сенікі, өзіңде болсын» деді. Аудандық партия комитетінде Әбдірахман Шолақов ағама сапар барысын толық баяндап, «Сағатты сіз алыңыз» дедім. Жарықтықтың айтқаны:

  • Мен болған жайдан хабардармын. Сенде кінә жоқ, тапсырманы орындап шықтың. Бұл дүниені үйдегі келінге апар.

Осы мақалада аты-жөні келтірілген адамдардан тек Еркін Құрманбеков екеуміз ғана қалдық. Пәниден бақиға көшкендердің жаны жәннатта болсын! Үстелдегі сағатқа жанарым түскенде тамаша күндер ойға оралып, елжірейтінім бар…

 Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті

журналисі. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button