Денсаулық

Жаңа емхана ашылды

Есет батыр тұрғын алабындағы 3-шағын ауданда «Univer» емханасы ашылды. Іс-шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев, белгілі кәсіпкер Арынғазы Беркінбаев, облыстық мәслихат депутаты Айгүл Дүйсенова қатысып, жаңа емхананы аралады.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев емхананың жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

— Өңірде денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде елімізде жеке кәсіпкерлер өз қалтасынан қаржы бөліп,  мектеп пен  емхана салып жатыр. Мемлекет мұндай әлеуметтік нысандарда көрсетілетін қызмет түрлерін қашанда қолдайды. Бүгін, міне, Конституцияның 30 жылдығына орай «Гүлдер» тұрғын үй кешеніне жапсарлас ғимаратта жаңа емхана ашылып жатыр. Бұл жерде тұрғындарға ақысыз қызмет көрсетілетін болады. Есет батыр тұрғын алабында мұндай әлеуметтік нысандарға сұраныс жоғары. Осындай медициналық орталықты өз қаражатына салған кәсіпкер Арынғазы Беркінбаевқа алғысымыз шексіз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейтін халқымыз мұндай емханаларға зәру. Ауру неғұрлым тез анықталса, құлан-таза айығып кетудің жолы табылады, — дейді Ә.Оралбаев.

Медициналық орталық 20 мың адамға шақталған. Күніне 250-ден астам науқасты қабылдауға қауқарлы. Емхананың бас дәрігері Демекбай Динашовтың айтуынша, орталықтың басты мақсаты — тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету.

Орталықта 130-дан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның 40-ы дәрігер маман. Мұнда жалпы тәжірибелі дәрігерлер, хирург, эндокринолог, невропатолог, офтальмолог және басқа да сұранысқа ие мамандар еңбек етеді. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға стоматология қызметі тегін көрсетіледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық жағдай қарастырылған. Алдағы уақытта реабилитация бөлімін ашып,массаж,ЛФК қызметін ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде емханадарентген, ультрадыбыстық зерттеу, маммографиялық рентген қондырғысы және басқа да заманауи диагностика аппараттары бар. Жаңадан ашылған емхана Есет батыр тұрғын алабы, Пригород, Қызылжар елді мекенінің тұрғындарына қызмет ететін болады. Тұрғындар бұл емханаға кез келген уақытта қалауы бойынша ауыса алады, — дейді емхананың бас дәрігер Демекбай Динашов.

Емхананың ашылу салтанаты жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты. Бірқатар медицина қызметкерлеріне Алғыс хат табысталып, сала мамандарына ерекше құрмет көрсетілді. Содан соң келушілерге медицина мамандары кеңес беріп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Асылхан Құлжаева емхананың ашылуына Тоқмансай ауылынан арнайы келіпті.

Қызым Есет батыр тұрғын алабында тұрады. Заманауи үлгідегі емхананың ашылатынын естіп, мамандардан кеңес алуға арнайы келдім. Көптен бері бойымды әлсіздік басып, өзімді жайсыз сезініп жүрген едім. Осы жолы барлық шағымдарымды дәрігерге айтып, кеңес алдым. Бұйырса, алдағы уақытта қалаға көшсем, міндетті түрде осы емханаға тіркелемін. Мұндағы қызмет сапасы, дәрігерлердің қарым-қатынасы жоғары деңгейде, — дейді ол.

Айта кетейік, емханада қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында онколог Елдос Ершатұлы қала тұрғындарына Ашық есік күнін өткізіп, кеңес беретін болады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button