Ауыл

Ұстаз ұлағаты

Туған жерге тағзым

Байғанин өңіріндегі танымал білім ордаларының бірі Сағыз орта мектебі биылғы жаңа оқу жылының есігін үш жүздей шәкіртпен ашты. Осы бір салтанатты сәтте осында Ұлы Отан соғысының ардагері, тәлімгер ұстаз, білім беру саласының үздігі болған Жұмажан Нұрбайқосов атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинеті ашылуы ерекше қуанышты жағдай болды.

Осы шараға жан-жақтан жиналған көпшілік ең алдымен ауылдық клуб алдындағы Жеңіс жауынгерлері ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде әлі жиырмаға жетпеген жас жігіт әскер қатарына алынып, ел қорғау үшін майданға аттанады.
Бастапқыда алты айлық әскери дайындықтан өтіп, содан кейін қорғаныс шептерінде қызмет етеді.
Ал Жұмажан Нұрбайқосовтың соғыстан кейінгі бүкіл өмір жолы мектеппен байланысты. Ол шәкірт тәрбиелеуді,
балаларды білімге баулуды өз өмірінің мәні мен мақсаты деп білді. Мектептегі Жұмажан ұстаз атындағы қазақ тілі және әдебиеті кабинетінің салтанатты ашылуына ауыл тұрғындарымен қатар, ауданнан, Ақтөбеден, Атырау, Маңғыстау облыстарынан қонақтар келді, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері,
білім беру саласы қызметкерлері қатысты.
Өткен шақтан естілгенде көш үні,Қандай жақсы жас ұрпақтың өсуі. Жадымызда жарық шашып тұрады,
Нұрбайқосов Жұмажанның есімі!
Шежіре еді жүрген жолы, көргені,
Өнеге оның өмірдегі өрнегі.
Сағыз орта мектебінде сақтаулы,
Ұлы ұстаздың мәңгі өшпейді еңбегі!
Көрнекі жерге «Ұлылықтың басында
ұстаз тұрар!» деп әдіптеп жазылған.
«Ұлы дала әдебиеті» деп жасақталған тақтаның да оқушыларға берері мол.
Осында жинақталған «Ауыз әдебиетінің алғашқы нұсқалары» шәкірттерге мол мағлұмат ұсынады. «Қазақ ауыз әдебиетінің қуатты қайнар көзі» атты топтамада түрлі анықтамалар берілген.
Жоғарыдағы көрнекі бір тұста ғұламамыз Ахмет Байтұрсынұлының «Тілден қымбат қазына жоқ» деген қанатты сөзі жазылған.
Су жаңа парталар өз оқушыларын асыға күтіп тұрғандай болды. Интерактивті тақта енді оқушылардың заманауи білім алуына септігін тигізбекші.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов сөз алып, жиналғандарды білім күнімен құттықтады.
«Бұл игілікті шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылып және «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өтуде.
Кім-кім үшін де ұстаздың орны бөлек. Жүздеген шәкірттің жүрегінебілім нәрін сеуіп, тәлім-тәрбие берген
ұлағат иесі Жұмажан Нұрбайқосов есіміде оның алдынан өткен оқушыларының жадында мәңгі жаңғырып тұра бермекші. Бүгінгі жасалып жатқан ізет-құрмет бәріміз үшін мәртебелі жанның ерен еңбегінің өтеуі деп білеміз», —
деді ол. «Ақтөбе Медиа» компаниясының басшысы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин өзінің Жұмажан Нұрбайқосовтың шәкірті болғанын мақтанышпен айтты.
«Ұлағатты ұстазымыз айтқан бір қағида өмір бойы ойымда сақталып қалыпты. Ол «мұғалім беделді болуы үшін оқушы оны сыйлауы, қаймығуы, қорқуы керек» дейтін. Кейін байқасам, Жұмажан ағайымыз айтқан қағидалардың астарында қазақтың ұят болады деген қасиетті ұғымы тұрады екен ғой», —
деп ол өз сөзінде қазіргі кезеңде де қажет тағылым түйінін тарқатты.
Сағыз орта мектебінің директоры болған еңбек ардагері Мұханбет Жұмағазин өздері еңбек еткен тұстағы алдыңғы қатардағы аға буын өкілі Жұмажан ағаның сабақ беру, бала тәрбиелеуерекшеліктеріне тоқталды.
Балаларының үлкені Нұрберген Нұрбайқосов ұзақ жыл Шұбарқұдық станциясындағы электрмен жабдықтау мекемесінің басшысы болып абыройлы еңбек етті. Темір аудандық мәслихатының
депутаты болған ол қазір құрметті еңбек демалысында.
Ұстаздың тағы бір ұлы Ілияс Нұрбайқосов — елімізге есімі кеңінен танымал кәсіпкерлердің бірі, белгілі меценат, қазіргі уақытта Ақтау қаласындағы «МАКС-КМ» ЖШС құрылыс ұйымдарының бас директоры болып қызмет атқарады. Ерен еңбегіне сай Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы атағына ие
болды.
Әкесінің есімін алған бүгінгі кабинетті жабдықтаушы да осы азамат. Ілияс Жұмажанұлы аталған шара барысында ауылдағы тұрмысы төмен бірнеше отбасына қайырымдылық көмегін көрсетіп, өзінің әкесімен қатар өмірден өткен сыныптас құрдастары рухына бағыштап та ас берді.
Жиын барысында балалары шығарған «Әке арманы» атты ұлағатты ұстаз өмір жолына арналған кітап
көпшілікке таратылды.
Осы жиынға қатысқан Қазақстанның құрметті журналисі, ақпарат саласының үздігі Жанқабыл Қабақбаев журналистпен ұстаздық мамандықтың өзара ұқсастығын тілге тиек етіп, олардың бір игілікті мақсатқа — адам тәрбиелеуге қызмет ететіндігін айтып, Жұмажан Нұрбайқосов секілді ерекше тұлғалардың
есімін ардақтау, олардың жақсы істерін жалғастыру жас буынның парызы екеніне тоқталды.
Салтанатты сәтте марапаттау, құрмет көрсету рәсімдері өтті. Білім беру саласының үздігі Жұмажан Нұрбайқосов атындағы арнаулы сыйлық Сағыз орта мектебінің ұжымына, мектеп директоры Гүлмира Жұмағазинаға тапсырылды.
Сағыз орта мектебінде ұзақ жыл математика пәнінен дәріс берген Қатша Жұмажанқызы атындағы сыйлық Сағыз орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жадыра Өскінбайға берілді.
Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгіленгені мәлім.
Осыған байланысты бір топ еңбек ардагерлері марапатқа ие болды. Олардың қатарында «Сағыз» совхозында көлік жүргізушісі болып еңбек еткен Абдулла Бірқұлақов, Ноғайты станциясында
теміржол бригадирі, жол мастері болып жұмыс жасаған еңбек ардагері Аманжол Жалғасбаев, Сағыз орта мектебінде шаруашылық саласында еңбек еткен, бүгінде жеке кәсіпкер Нұрсұлу Кемал І дәре
желі «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды.
Бір топ мектеп мұғалімдері облыстық білім басқармасының Құрмет грамота сына ие болды.
…Айта кетерлігі,соңғы уақыттары Ноғайты ауылында көптеген жақсы жаңалықтар орын алуда. Ауылда жаңадан еңселі тұрғын үйлер бой көтеруде. Жақында ғана екі қабатты заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.
«Мұның барлығы жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігінің, еңбекке ұмтылысының нәтижесі. Біздер қандай да игі бастамаларды қолдауға әзірміз», — дейді ауыл әкімі Нұржан Әбдірұлы.
Бұл күнгі шара барысында жергілікті композитор Жанұзақ Талдыбаевтың «Ноғайтым-сағынышым» әні орындалып, Орал Байсеңгірдің «Байғанин маршы» әуелеп тұрды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button