«Әнмен әсем әлемім»

Өнер
Мәдениет саласының үздігі, облыстық халық шығармашылығы орталығының әншісі, «Әдеп» халықтық тобының мүшесі, дәстүрлі әнші Қуанышгүл Серікбаева биыл 12 қыркүйекте Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында өзінің 50 жас мерейтойы мен өнер жолындағы 30 жылдық шығармашылық еңбегіне арналған «Әнмен әсем әлемім» атты ән кешін өткізбек.
Домбырасын серік етіп, ұлттық өнерімізді ел ішінде ғана емес, шетелдерде де насихаттап жүрген Қуанышгүл Серікбаева — дәстүрлі ән өнерінің жарқын өкілі. Оның ән кешінде танымал өнер иелері, әріптестері мен достары сахна төріне шығып, әсем әнмен мерекенің көркін келтірмек.Кеш қонақтарының қатарында әншінің замандасы әрі құрдасы Шынберген Сүлейменов, белгілі әнші Өмірқұл Айниязов, танымал термеші, ақын әрі композитор Дінмұхамед Шораев, сазгер Оразбек Қиынбаев, мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Бәйсеңгір, сондай-ақ «Батыс-этно» тобы мен Ақтөбедегі «Достық сазы» фольклорлық ансамблі бар.
Сонымен қатар облыстық халық шығармашылығы орталығы жанынан құрылған «Әдеп» халықтық тобының жетекшісі Қуанышгүл Серікбаеваның өнердегі серігі, Сыр елінің тумасы — дәстүрлі әнші Құралай Әленова да ән шырқамақ.
—Жеке ән кешімді жыл басынан бастап жоспарлаған едім. Өйткені өткен 30 жылда халыққа қандай қызмет көрсеткеніме есеп беретін кезең келді деп есептеймін. Осы ойым жүзеге асып, мерейлі жасымда шығармашылық кешімді өткізуге мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Бұл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, сондай-ақ өзім еңбек ететін облыстық халық шығармашылығы орталығы мен өңірдегі мәдени мекемелердің қолдауы арқасында мүмкін болып отыр, — дейді Қуанышгүл Серікбаева.
Кеш барысында тыңдарман қауымға әншінің жаңа туындылары да ұсынылмақ. Солардың бірі —«Жаса, менің қазағым!» атты жаңа әнінің тұсаукесері болмақ.
Кеш иесі Құралай Әленовамен бірге Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған халықаралық байқауға қатысып, ұлы ақынның әндерін шебер орындап, гран-при жүлдесін жеңіп алғандары — «Әдеп» тобының алғашқы ірі жетістіктерінің бірі болатын. Бүгінде бұл топ облыста өтетін түрлі мерейтойлық және мәдени шараларда белсене өнер көрсетіп келеді. Олардың репертуарында халық әндерімен қатар, халық композиторларының және қазіргі замандағы сұранысқа ие шығармалар да бар. Сонымен қатар Ақтамберді, Нұрым, Базар жыраулардың өсиет-термелері де сахна төрінде жаңғырып жүр.
Қуанышгүл Серікбаева өз мерейтойы аясында «Елу жасқа — елу мәдени шара» жобасын қолға алған. Жыл басынан бері осы жобаның аясында 25 іс-шара ұйымдастырылған. Топ мүшелері Ақтөбедегі мектептерде, колледждерде, университеттерде өнер көрсетіп, жастарға қара домбыраның қадірін насихаттап, ұлттық өнерімізді дәріптеп келеді. Сонымен біргеЖұмысшы мамандықтары жылы аясында «Айс» сияқты өндірістік кәсіпорындарда арнайы концерттік бағдарламаларын ұйымдастырған.
Арайлым НҰРБАЕВА.



