Денсаулық

Облыстың жеті ауылында жаңа медициналық пункттер бой көтеруде

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, 2023–2025 жылдарға Ақтөбе облысында 29 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Бұл мақсатқа 5,6 млрд теңге бөлінді.

2023 жылы өңірде 8 нысан аяқталып, пайдалануға берілді. 2024 жылы жоспарланған 21 нысанның 10-ы іске қосылды, қалған 11-і биылғы жылға ауыстырылды. Оларды жүзеге асыруға 1,7 млрд теңге қарастырылған.

Бүгінгі күні Ырғыз ауданының Жарма ауылында медициналық пункт, Байғанин ауданының Ноғайты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Алға ауданының Маржанбұлақ ауылы және Мұғалжар ауданының Мұғалжар ауылында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді.

Құрылыс жұмыстары тағы жеті нысанда жалғасуда. Оларды биыл халық игілігіне беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, облыста Хромтау, Шалқар және Қандыағаш аудандық ауруханаларына қосымша корпустар салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалар – мемлекеттік сараптамада.

Облыс әкімі Асхат Шахаров ұлттық жобаның Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық медицинаны дамыту және шалғай елді мекен тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін жаңа нысандар ашу арқылы арттыру қажет. Әрбір тұрғын, қай жерде тұрса да, сапалы медицинаға тең қолжетімділікке ие болуы тиіс. Бұл әсіресе шалғай ауылдар үшін маңызды. Жаңа медициналық пункттер мен амбулаториялар уақытында салынып, барлық стандартқа сай, науқастарға қолайлы болуы керек. Бірақ тек ғимарат тұрғызумен шектелмей, олар заманауи жабдықтар және білікті мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс. Ауылдық медицинаны дамыту – стратегиялық міндет. Оның табысты жүзеге асуы мыңдаған ауыл тұрғынының денсаулығы мен өмір сапасына, демек, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер етеді», – деді өңір басшысы.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button