Амангелдіге газ келді

Көгілдір отын
Конституция күні қарсаңында Ойыл ауданының Көптоғай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылына табиғи газ берілді. Бұл — Мемлекет басшысының ел тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы. Елді мекенде 105 түтін бар, 633 адам тұрады. Сонымен қатар мектеп, медициналық пункт және ауылдық клуб жұмыс істейді.
Газ құбырының іске қосылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев, сондай-ақ «Amanat» партиясының өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында ауыл тұрғындары көгілдір отынның тартылуы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Ақсақалдар ауыл тарихындағы маңызды оқиғаға орай бата беріп, ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Ойыл ауданында газбен қамтылу деңгейі 47,9 пайызға жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 57,2 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Ал жалпы облыста жыл соңына қарай газдандыру деңгейі 97 пайызға дейін өседі.
Аудан бойынша газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
М.ТАБЫН.



