Мерекедегі марапат


Конституция күніне арналған салтанатты шара қалалық Мәдениет сарайында да өтті. Шаһар басшысы Азамат Бекет қала халқын мерекемен құттықтап, қоғам дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандарын Алғыс хатпен марапаттады.
Сахнаға алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Конституция кітабы әкелініп, Әнұран шырқалды. Бұдан кейін қала әкімі Азамат Бекет жиналған жұртшылықты құттықтап, бұл күннің маңыздылығына тоқталды.
— Осыдан 30 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет екенін растайды. Ата Заңымыз — егемен елдің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын басты құжат.
Бүгінде бірлігі жарасқан еліміз — көп ұлт пен ұлыстың ортақ үйі. Конституция тіліне, діліне, дініне қарамастан, әр азаматтың еркін өмір сүруіне кепілдік береді.
Қазір қала халқының саны 600 мыңға жетті. 90-нан астам ұлт пен 15-тен астам этномәдени бірлестік өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Баршамыздың құқығымыз Ата Заңымызбен бірдей қорғалған. Заң талаптарын сақтай білу арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Қаламыздың көркеюіне бірігіп қызмет қылайық, — деді Азамат Бекет құттықтау сөзінде.
Бұдан соң ол Конституцияның 30 жылдығы аясында қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін 30 ақтөбелікті Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында
педагогтер, медбикелер, автобус жүргізушілері мен мемлекеттік орган қызметкерлері, т.б. бар.
Алғыс хат алғандардың бірі — «Ақтөбе-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамыр кесу машинасының операторы Гүлжан Мендалина. 40 жылдан бері осы салада келе жатыр екен.
— 1986 жылы 19 жасымда наубайшы мамандығын бітіріп, осы жұмысқа орналастым. Фабрика жұмысы ол кезеңмен салыстырғанда қазір біршама өзгерді. Технологиялық тұрғыдан жаңарды, өнім түрлері де көбейді. Түнгі ауысымда жұмысқа кірісеміз. Таңғы сағат 5-те өнімдеріміз дайын болады.
Қазір жұмысқа жастарды көптеп тартуға мән беріліп жатыр. Оларға білгенімізді үйретіп, тәжірибемізбен бөлісуге әрдайым дайынбыз.
Ата Заңымыздың 30 жылдығы құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, нанымыз көп болсын! — деді ол.
Мерекелік шара қалалық Мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Жанды дауыста шырқалған патриоттық әндер мен күмбірлеген күй көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.



