Конституция күніндегі көңілді кеш

Конституцияның 30 жылдығына орай Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.
«Геолог» мәдениет үйіалажаздай сенбі сайын өткізген«Әлия жұлдызы — Ақтөбе аспанында» ашық аспан астындағы концерттер легін қорытындылады. Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған шараға Ойыл, Қарғалы, Хромтау аудандарының өнер ұжымдары атсалысып, апта сайын батыр қыздың ерлігін насихаттап, патриоттық әндерді шырқаған еді. Есет батыр тұрғын үй алабында өткен қорытынды кеште де бұл жалғасын тауып, соңында өнерпаздарға Алматы ауданы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Қурайлы ауылындағы «Жастар» саябағында мерекелік кеш «Ата Заң — тәуелсіздік тұғыры» деп аталды. Мұнда Қурайлы Мәдениет үйінің Дінжановтар отбасылық дуэті, «Лаула» тобы, халықтық «Зере» әжелер ансамблі, халықтық «Сударушки» вокал тобы, «Еркем-ай» домбыра үйірмесінің жетекшісі А.Оразова, үлгілі «Жауқазын» би ансамблі өнер көрсетті. Бағдарламада патриоттық өлеңдер мен әндер шырқалып, ұлттық билер орындалды. Сондай-ақ отау құрғанына 30 жыл толған отбасылар марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды.«Қурайлы» мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Анар Майлыбаеваның айтуынша, мұндай құрметке 5 шаңырақ ие болған.
Ата Заңның 30 жылдығы құрметіне Нокин Мәдениет үйінде де мерекелік концерт өткізілді. Аталған мәдениет мекемесінің директоры Артур Бақыттың айтуынша, кеш барысында өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, көркемсөз оқыды, ұлттық нақыштағы билерді ұсынды. Атап айтсақ, «Алтын қазына» әжелер ән ансамблі мен «Бастау» үйірмесінің қатысушылары рухты әндерді орындаса, «Нәзік» би студиясының қыздары мың бұрала биледі. Артынша қала әкімі Азамат Бекеттің атынан «Алтын қазына» әжелер ән ансамблінің жетекшісі Меңдігүл Мұхамбетқызына Алғыс хат тапсырылды.
Бұл күні спорттық ойындар да ұйымдастырылды. Есет батыр тұрғын үй алабына қарасты 2-шағын ауданда балалар арасында «Көңілді старт» жарысы өтіп, 4 команда өзара жүгіру, секіру, т.б. бойынша сынға түсті. Ақтөбе қалалықдене тәрбиесі және спорт бөлімінің бас маманы Берік Мәлікұлының дерегінше, нәтижесінде «Жалын» тобы үздік шықты. Жеңімпаздар медальдармен марапатталған.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



