Білім

Алтын Орда шағын ауданында жаңа заманауи №80 мектеп ашылды

1 қыркүйек күні Алтын Орда шағын ауданында жаңа №80 мектеп өз жұмысын бастады. Білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Бүгін мұнда оқушылар алғаш рет кіріп, жаңа оқу жылын заманауи жағдайда бастады.

Жаңа оқу жылында 2000 оқушы партаға отырып, оларға 100-ден астам білікті педагог білім мен тәлім береді.

Жаңа мектеп білім сапасына қойылатын заманауи талаптарға толық жауап береді. Мұнда STEM-зертхана, робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, сондай-ақ бастауыш сыныптарға арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. Балалардың жан-жақты дамуы үшін шеберханалар, музыка, хореография, алғашқы әскери дайындық кабинеттері, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық қызметтер, кәсіби бағдар және заң кабинеттері ашылды.

Салауатты өмір салты мен спортқа ерекше назар аударылған. Мектепте екі үлкен және екі шағын спорт залы, 410 орындық асхана, 444 орындық акт залы жұмыс істейді. Сонымен қатар, оқу ордасында 20 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана және оқу залы бар.

Салтанатты ашылу рәсімі Алтын Орда шағын ауданы тұрғындары үшін маңызды оқиға болды. Іс-шараның құрметті қонақтарының бірі облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева болып, ол балаларға сапалы білім мен тәрбие беруге заманауи жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Енді шағын аудан оқушылары заманауи әрі қауіпсіз ортада білім алатын болады. Бұл олардың болашағының табысты болуына берік негіз қалайды.

А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button