Денсаулық

Ноғайты ауылында жаңа медициналық пункт ашылды

Конституция күні Байғанин ауданының Ноғайты ауылында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жақсарту мақсатында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанаты өтті. Жаңа нысан – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

Медициналық пункттің ашылуы Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтауды жақсарту тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынды. Аудан әкімдігі тарапынан ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету басты назарда.

Қазіргі таңда Ноғайты ауылында 1167 тұрғын бар. Жаңа медициналық пункт бір мезетте 40 адамға дейін қабылдай алады.

Аудан көлемінде 1 аудандық аурухана, 200 адамға арналған емхана, 7 дәрігерлік амбулатория және 16 медициналық пункт жұмыс істейді. Дегенмен, тар бейінді мамандарға қажеттілік сақталып отыр. Атап айтқанда, балалар хирургі, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, неонатолог сынды мамандар жетіспейді. Сондай-ақ жалпы тәжірибелік дәрігерлер бойынша 3 бос орын тіркелген.

Кадр тапшылығын шешу үшін «ҚазақойлАқтөбе» ЖШС демеушілігімен 6 студент жалпы тәжірибелік бағытта білім алуда. Сонымен қатар медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары жүргізілуде. 2025 жылы 22 миллион теңгеге диспансерлік есептегі науқастарға арналған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алынды. Бүгінгі таңда аудан бойынша 13 жедел жәрдем көлігі тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халықтың тегін медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруда.

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы медицина саласы қызметкерлерінің еңбегін айрықша бағалауға мүмкіндік береді. Жаңа медициналық пункт ауыл дәрігерлері мен мейірбикелерінің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге кең жол ашады.

Н.ДАБЫЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button