Құқық

Қылмыс

Үзілген сапар

Дүйсенбі күні жол полициясының қызметкерлері «Самара-Шымкент» тас жолының бойынан «Мерседес» автобусын тоқтатты.

Көлікті басқарып отырған 48 жастағы оңтүстік өңірдің тұрғыны екен. Тексеру кезінде елу бес адамға арналған автобуста жетпіс бес өзбекстандық азаматтың отырғаны анықталды. Автобус Шымкент қаласынан Мәскеу қаласына бара жатқан. Полицейлер автобусты кемпингке жеткізіп, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.  Ал артық жолаушылар сапарларын пойызбен жалғастыратын болды.

 

Көрсеңіз, хабарласыңыз!

Ақтөбе қаласының Т.Рысқұлов көшесінің бойындағы «Гаухар» мейрамханасына қарама-қарсы жерде белгісіз автокөлік жүргізушісі 50 жастағы азаматты қағып кетіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Ал әлгі  азамат басынан жарақаттанып, жедел жәрдем ауруханасына  түседі. Оқиға наурыздың 2-нен 3-не қараған түні сағат 01.30 шамасында орын алған еді.

Осы оқиғаны көзімен көрген куәгерлер болса, облыстық ішкі істер департаментінің 55-93-79 және 55-93-99 телефон нөміріне хабарласуларын сұраймыз. Хабарлаған адамның құпиялығына кепілдік беріледі.

 

30 мың теңгелік «мазда»

Облыстық  ішкі істер департаментінің мәліметіне үңілсек, жыл басынан бері  облыс аумағында  20 автокөлікті заңсыз айдап кету және 3 автокөлікті  ұрлау дерегі тіркелген.  

Ақтөбе қаласының Т.Рысқұлов көшесіндегі №16 үйдің ауласынан 43 жастағы ақтөбелік азаматқа тиесілі «Мазда» автокөлігін белгісіз біреулер айдап кеткен. Келтірген шығын көлемі — 500 мың теңге. Жол полициясы қызметкерлері бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 28 жастағы Қобда ауданының тұрғынын ұстады. Күдікті автокөлікте дабыл қондырғысының жоқтығын пайдаланып, айдап кеткен. Кейін көлікті автокөліктерді бөлшектеу бекетіне 30 мың теңгеге тапсырып жіберген. Аталған қылмысқа байланысты іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Жалпы көлік ұрлығы көп, оның ішінде көліктің терезесін сындырып автомагнитола мен аккумуляторын ұрлап кететіндер жеткілікті. Бұндай жағдай көлік иелерінің салғырттығынан орын алады. Сондықтан автокөлік иелері өз көліктерін түнде күзетілетін ақылы автотұраққа қойып және дабыл қондырғыларын қондыруы қажет. Ал автокөліктің ішіне бағалы заттар мен сөмкелерін қалдырмағандары жөн.

Егер автокөлігіңіз немесе автокөліктегі заттарыңыз ұрланса, тез арада полиция бөліміне, яғни 102 телефонына хабарласыңыз.

 

…Ұсталды

Шалқар аудандық полициясына аудандық аурухананың кезекші дәрігерінен хабар түседі. Яғни Шалқар қаласының 47 жастағы азаматы ауруханаға түсіп, бір сағаттан соң қайтыс болады. Сараптама қорытындысына сәйкес, көз жұмған азамат басынан ауыр жарақат алған.

Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері шара қолданып, осы іс бойынша шалқарлық 25 және 27 жастағы үш жігітті ұстады. 8 наурыз күні таңға жуық күдіктілер мас күйінде бір кафенің маңында жәбірленушіні соққыға жыққан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

 

Жол ережесін бұзба!

Наурыздың алғашқы аптасында жол полициясы қызметкерлері  жол ережесін бұзған 1309 жүргізушіні анықтады. Оның ішінде 47 жүргізуші автокөлігін мас күйінде басқарса, 330-ы жылдамдықты асырған, 43-і жолдың қарсы бетіне шыққан.

Ал 332 азамат қауіпсіздік белдігін тақпаса, 144 жүргізуші көлік жүргізіп келе жатып  ұялы телефон пайдаланған.

Сондай-ақ  жол ережесін бұзған 312 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Тоқтаңыз, жеңгетай!

Облыста өтіп жатқан «Стоп-трафик» жедел алдын алу шарасы 16 наурызда аяқталады. Мақсат — адам саудасының жолын кесу, жеңгетайлық жұмыспен айналысатын адамдарды анықтау және халықты ақпараттандыру.

Аталған шара аясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Есет батыр көшесінің бойындағы №36 үйдің маңынан 38 жастағы азаматқа 32 жастағы әйелді 2 мың теңгеге жыныстық қарым-қатынасқа итермелегені үшін 24 жастағы ақтөбелік жігітті ұстады. Күдікті ақшаны алып жатқан сәтте қолға түсті. Тексеру кезінде әлгі азаматтың бұрын Ресейден есірткі заттарын тасымалдағаны үшін сотталғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша іс қозғалды.

Аталған шара кезінде қаладағы барлық көңіл көтеру орындары бақыланды. Адам саудасымен, жезөкшелікпен айналысқан азаматтар,  жеңгетайлар, жыныстық қарым-қатынас жасау мақсатында адам ұрлаумен айналысатындар тексерілді. Ішкі істер департаментінде есепте тұрған жеңгетайлар мен жеңіл жүрісті қыздарға бақылау күшейтіледі. Қазіргі күні департаментте 70 жезөкше қыз бен 2 жеңгетай есепте тұр.

 

Таныс әйелге сенесіз бе?

Ішкі істер департаментінің 102 телефонына 41 жастағы азамат хабарласып, банкомат карточкасынан 20 мың теңгесін таныс әйелдің ұрлағанын айтып, арызданды.

Сазды полициясының қызметкерлері жедел іздестіріп, 1984 жылы туған әйелді ұстады. Тексеру кезінде  жәбірленуші азамат І топтың мүгедегі болғандықтан таныс әйелді дүкенге азық-түлік пен спирттік ішімдік әкелуге жұмсаған. Күдікті әйел жәбірленуші азаматтың банкомат карточкасын алып, азық-түліктен қалған 20 мың теңгені жымқырған. Сол түні бірге отырып арақ-шарап ішіп, ертеңіне әйел қашып кеткен.

Қазіргі таңда әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

 

«Коммерсанттың» ақыры

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Е. Қартбаевқа  қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Ол 2008 жылдың  маусымы мен 2009 жылдың сәуірі аралығында «Байтерек Строй Сити» ЖШС коммерциялық ұйымын құрып, есепшот арқылы салық, міндетті төлемдерден босату секілді түрлі операцияларды жүзеге асырған. Сөйтіп, мемлекетке 9,8 миллион теңге көлемінде шығын  келтірген.

Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен Е. Қартбаев 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айрылды.

Әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button