Қораши ауылының қуанышы

Көгілдір отын
Байғанин ауданындағытағы бір мекен — Көлтабан ауылдық округіне қарасты Қораши ауылы көгілдір отынмен қамтылды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Айбек Көпенов, аудандық мәслихат төрағасы Мирғалым Дайылбаев, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев,Байғанин газ шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері мен ауыл ақсақалдары, жергілікті тұрғындар қатысты.
367 тұрғыны барҚораши ауылында 65 түтін, орта мектеп, амбулатория, кітапхана және клуб үйі бар. Алғашқылар санатында үйіне газ құбырын кіргізгендердің бірі — Жұмахан Бөлекбаев. Үй иесінің әйелі Жұмагүл Мыңбайқызы аудан әкімі бастаған топ үйіне келген кезде газ плитасын тұтатып, үстіне шәйнегін қойып жатты. Бұған дейін от жағып, күл алған ауыл тұрғындары енді көгілдір отынның игілігін көретіндеріне ерекше қуанып, аудан басшысына ризашылықтарын білдірді.
Құны 216,6 млн теңгеге есептелген ұзындығы18шақырымға жететін жобаны «ҚазПромСтрой групп» ЖШС жүзеге асырған.
Құттықтау сөзінде Айбек Көпенов бүгінгі таңда Байғанин ауданында 24 елді мекен барын, ал Қорашиды қосқанда газ құбыры тартылған ауыл саны сегізге жеткенін атап өтті. Сонымен қатар жыл соңына дейін Қаражар мен Оймауыт елді мекендеріне газ тартылып, көгілдір отынмен қамтылатындығын мәлімдеді.
— Былтыр республикалық бюджет есебінен Оймауыт ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысы басталды. Құрылыс мерзімі 16 айға жоспарланған, қазіргі таңда ауылішілік газ желілері тартылып жатыр. Құбыр желісі Қаражар мен Оймауыт арқылы өтеді. Құрылыс жұмыстарын «Алия-Сервис» мердігер ұйымы жүргізіп жатыр. Жоба 2025 жылы аяқталады. Сондай-ақ Қосарал мен Көкбұлақ ауылдарына газ жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр,— деп атап өтті аудан әкімі.
Соңында Айбек Көпенов үйіне газ құбырын енді кіргізгелі жатқан Қораши ауылының тұрғыны Айдынғұл Өсербаевтың отбасына газ плитасын табыстады.
Көгілдір отынмен қамтамасыз ету жобалары тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, әлеуметтік инфрақұрылымды да нығайтуға зор ықпал ететіні анық.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



