Шиқұдық ауылына газ тартылды

Ойыл ауданындағы Саралжын округіне қарасты Шиқұдық ауылының тұрғындары бұл күнді асыға күтті. Аудан орталығынан 56шақырым жерде орналасқан Шиқұдықтағы 26 түтін, 169 тұрғын енді көмір тасып, от жағып, күл шығарудан арылатын болды.
Шиқұдық ауылының қуанышымен аудан әкімі Асқар Қазыбаев, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев бөлісті. Ақсақалдар бата беріп, әжелер тәттіден шашу шашты.
— Тілегіміз орындалып ауылымызға көгілдір отын тартылды. Мемлекет басшысына, облыс және аудан басшыларына алғысымыз шексіз. Ең бастысы, халқымыз аман, деніміз сау болсын. Ынтымағымыз артып, әр күніміз шаттыққа толы болғай, — деп Саралжын ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтесін Қошқаров және Шиқұдық ауылының тұрғыны Сералы Нұртанов ізгі тілегін жеткізді.
Бұл — мемлекет қолдауының, ауыл өмірін жақсартуға деген нақты қадамның нәтижесі. Келешекте аудан бойынша газдандыру жұмыстары жалғаса бермек.
Өз тілшіміз



