Тәрбие мен тағылым


Шығармашылық академиясында Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай және ХХІ ғасыр» атты оқырман конференциясы өтті.
Абай атындағы №1 қалалық кітапхана ұйымдастырған іс-шараның мақсаты — ақын мұрасын насихаттау, оның шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оқырман қауымды әдеби мұраға тереңірек үңілуге шақыру.
Оқырман конференциясының алғысөзін Абай атындағы №1 қалалық кітапхананың меңгерушісі Әлия Баймұханова айтты.
— АқынАбайдың әр өлеңі мен қара сөзі — тәрбие мен тағылымның қайнар көзі. Ол бізге тек әдеби мұра ғана емес, ұлт болмысының биік өлшемін қалдырды. Бүгінгі конференция сол рухани мұраны насихаттап, ой бөлісетін, жаңаша көзқарас танытатын алаң болмақ. Абай мұрасын ұлықтау — әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз,— деді Әлия Баймұханова.
Іс-шараны әнші Абай Болатжанұлы«Туған жер» әнімен әрледі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ҚанатбайМәтжан «Абайға жүгінелік» кітабы жөнінде ақпарат беріп, кітаптың шығу тарихына тоқталды. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Қыдырғали Мұхитұлы Абайдың шыққан тегі мен шешендігі туралы баяндама оқыса,№29 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Тасбике Алитурлиева «Абай мұрасы — мәңгілік құндылық» деген тақырыпта сөз қозғады.
Абай атындағы№1қалалық кітапхана қызметкері Лариса Құрымбаева «Кітап көрмесі — кітапхана жүрегі» деген баяндама оқып, кітапхананың Абай мерейтойына арнап жасағанкөрнекіліктерін, сондай-ақ «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» кітап көрмесін таныстырды.
Конференция соңындаАбай есімді тұрғындарға шағын сыйлықтар берілді.
Дәл осы күні Сазды мәдениет үйінде «Абай мұрасы — халық ұлағаты» әдеби-сазды кеші, Нокин ауылындағы мәдениет үйінде «Әлем таныған ұлы Абай» атты Абай әндерінің кеші өтті. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге, Абай мұрасын тереңірек танып, оны заманауи тұрғыда ұғынуға ықпал етеді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



