«Мен жанбасам лапылдап…»

Халықаралық жастар күні қарсаңында облыс әкімі Асхат Шахаров әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жас буынмен кездесті.
Облыстық әкімдік ғимаратында өткен басқосуға бір топ мұғалім, дәрігер, әскери қызметкер, полицей, кәсіпкер, волонтер, т.б. жиналып, әуелі көшпелі көрмені тамашалады. Онда іскер жастар өздері шығаратын азық-түлік өнімдерін таныстырып, бизнеске қалай келгені жөнінде ой бөлісті. Солардың бірі Шалқар ауданына қарасты Бегімбет ауылының тұрғыны Бекет Құдайберген жантақ шөбінен шай дайындап, соны кәсіп көзіне айналдырған.
—Емдік қасиеті зор сусынға сұраныс мол. Ағза жұмысын қалыпқа келтіріп, іш құрылысқа пайдалы шайды осы жазда ғана нарыққа шығардым. Бұған дейін 3 жыл сынақтан өткізіп, өзім ішіп көрген едім. Бағасы мөлшеріне қарай 3500-9800 теңгенің аралығында, — дейді 24 жастағы Бекет.
Артынша облыс әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылып, өңір басшысы жас буынның қоғамды дамытудағы рөліне тоқталды.
—Бүгінгі кездесугетүрлі салада жүрген жастар жиналып отыр. Олар —азаматтық белсенділікті сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген, еңбек етіп, өзгелерге көмек көрсететіндер.
Жастардың түрлі жобаларды қолға алып, талай тағдыр иесіне өмір сыйлап, өзгелерге үлгі болып жүргенін көріп жүрміз. Міндетіміз — оларды қолдау, өсу мен даму үшін мүмкіндік беру. Сол мақсатта инфрақұрылымды дамытып, мамандардың жалақысын көтеріп, фронт-кеңселер ашып жатырмыз. Бұның бәрі жастардың өздерін қажет деп санап, қорғалғанын сезінуі үшін жасалып жатыр, —деді Асхат Шахаров.
Кеңес отырысында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, атап айтқанда, жұмысқа орналастыру, жастар бастамаларын қолдау, волонтерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатаркеңестің жаңартылған құрамы бекітілді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиевтің айтуынша, бүгінде облыста 8231 жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Тағы 105 жас өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алған. Жұмыссыз жастар үлесі 19 пайызға төмендепті. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 3 мың студент жұмыспен қамтылды. Ақтөбе қаласында 3 мыңнан астам белсенді жасты біріктіретін волонтерлер фронт-кеңсесі жұмыс істейді», — деді ол.
Соңында бірқатар жасқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



