Ауыл

Жармаға газ келді

Көгілдір отын

Бүгінде 52 түтін және 336 адам тұратын Ырғыз ауданының Жарма ауылына көгілдір отын жеткізілді.

Тарихы жарты ғасырдан асатын Жарма ауылы Ырғыз ауданының орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан. Қыста көмір тасып, отын жағып келген елдімекен тұрғындары күні кеше газ құбырының салтанатты түрде іске қосылу шарасының куәсі болды. Жармалықтардың қуанышымен аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев бөлісті. Ақсақалдар батаберіп, әжелер шашу шашты. — Тілегіміз орындалып жатыр — суымыз да, газымыз да, жарығымыз да бар. Барша ағайынға алғысымыз шексіз. Ең бастысы, халқымыз аман, деніміз сау болсын. Ынтымағымыз артып, әр күніміз шаттыққа толы болғай,— деп 88 жастағы ауыл ақсақалы Кеңес Дауылбаев ізгі тілегін жеткізді.

Бүгінде аудан тұрғындарының 81,1 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұл—мемлекет қолдауының, ауыл өмірін жақсартуға деген нақты қадамның нәтижесі. Ресми мәліметке сүйенсек, Ырғыз ауданы бойынша алдағы уақытта газдандыру жұмыстары жалғаса бермек.

Облыста жыл соңына дейін 28 ауылға газ тартылады. Жоспар бойынша 14 елдімекен көгілдір отын желісіне тамыз айының соңына дейін қосылуға тиіс. Осылайша облыста газбен қамтылған елді мекендер саны 200-ге жетеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button