Ұлы ақынның мерейтойына арналады

Абай — қазақтың айнасы. Қазақтың жазба әдебиетінің көшбасшысы, ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 180 жыл толып отыр. Абайдың мерейтойын халқымыз қашанда көп мәдени оқиғаның бірі емес, ұлт руханиятының сол кезеңдегі басты тойы ретінде қабылдайды.
Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған шаралар өтіп жатыр. Абай мұрасын насихаттау арқылы қазақтың жыры, ойы мен мәдениетінің биік деңгейін паш ету мақсатындағы негізгі іс-шаралар Абай облысында ұйымдастырылады: тамыздың 1-і мен 10-ы аралығында мұнда халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 100-ден астам мәдени іс-шара өткізу жоспарланған. Он күнге созылатын мерейтойлық бағдарлама 1 тамызда «ABAI AKADEMIASY» атты энциклопедиялық порталдың ашылуымен басталды. Бұл порталда Абайдың әдеби, публицистикалық және эпистолярлық еңбектері, абайтанушы ғалымдардың, зерттеушілердің еңбектері, архив құжаттары, теле-радио хабарлары мен деректі фильмдер, т.б. материалдар топтастырылған.
Бүкіл еліміздегі секілді біздің облыста даАбайдың 180 жылдығына арналған онкүндік аясындағы іс-шаралар 1 тамызда басталды. 1-10 тамыз аралығында облыс орталығындағы Триатлон саябағында әдеби караоке кеші өтеді, мұнда жиналған жұртшылық бірігіп, Абай әндерін шырқайды.
Сондай-ақ барлық кітапханаларда 1-10 аралығында осы мерейтойға арналған ашық есік күндері мен «Абай тағылымы — мәңгілік азық» кітап көрмелері ұйымдастырылып жатыр. Айталық, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында Абайдың шығармалары, абайтанушылардың еңбектері, әр жылдардағы энциклопедиялар мен зерттеу мақалалар шыққанжурналдар қойылған кітап көрмесі бірнеше залда тұр. Ал аулада киіз үй көрінісі жасақталып, осы жерде кітапханашылар келушілерге Абайдың балалық шағынан бастап, өміріне, шығармашылығына қатысты түрлі деректер, қызықты жайттар туралы әңгімелеп, оқырмандар сұрақтарына жауап беріп жүр. «Ұлы ақынның заманында қазақтар жайлауда киіз үйде тұрғаны белгілі. Бұл жөнінде «Абай жолы» романында да суреттеледі. Сондықтан біз ашық есік күндері аясындағы шараларды өткізуге киіз үйдің ішкі көрінісін әзірледік», — деді кітапхана директоры Гүлнар Сейталина.
Ал бүгін №1 Абай атындағы қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен Ақтөбедегі Шығармашылық академиясы ғимаратында «Абай және ХХІ ғасыр» атты оқырмандар конференциясы өтеді.
Аудандық кітапханаларға келсек, мұнда да көрмелерден бөлек, түрлі байқаулар, әдеби кештер, жатқа жыр оқу сайысы, әдеби жәрмеңкелер бірінен соң бірі ұйымдастырылып жатыр. Бірқатар аудандарда музейлерде де, мысалы Хромтау аудандық тарихи-өлкетану музейінде келушілер назарына «Абай әлеміне саяхат» атты кітап көрмесі ұсынылады.
Ертең Ақтөбе қаласындағы К.Нокин атындағы ауылдың Мәдениет үйінде «Әлем таныған ұлы Абай» атты ән кеші өтеді. Кеште Абай әндері шырқалады.
Ақынның туған күні — 10 тамыз 2020 жылдан бері елімізде Абай күні ретінде атап өтіліп келе жатқаны белгілі. Бұл күні облыс орталығында және барлық ауданда негізгі шаралар өтеді деп жоспарланған.
Осы күні облыс орталығындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Бұдан соң Абай даңғылы бойындағы саябақтаАбай күніне арналған фестиваль өтеді.
Әдеби фестиваль төрт тақырыптық алаң бойынша ұйымдастырылмақ. Осы мақсаттасаябақта ұлттық нақыштағы киіз үй үлгісінде этно-кеңістік құрылады.
Бірінші алаң ақынның балалығы мен білім жолына арналады. Мұнда Абайдың балалық шағы, білім алған жылдары мен өскен ортасы туралы деректер интерактивті форматта ұсынылады. Сонымен қатар жасанды интеллект көмегімен дайындалған комикстер мен бейнероликтер, «Алақай» қуыршақ театрының қойылымы, ұлттық ойындар, этношеберлік сабақтары мен викториналар ұйымдастырылады. «Абай өмірі — өнеге» кітап көрмесі де ұсынылып, «Мен —бала Абаймын» фотоаймағы құрылады. Сондай-ақ Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы өткізіледі.
«Даналық пен даралық» аталатын негізгі сахналық алаңда келушілер «Абайтану ғылымы» тақырыбындағы кітап көрмесімен танысады. Бұл жерде театрландырылған қойылымдар, Абай әндерін орындаушылар мен өлең оқушыларарасында жарысұйымдастырылады. Сондай-ақ «Ер Едіге» жыр мектебі мен күйшілер өнер көрсетеді.
«Кемел ойдың кемеңгері» алаңында жұртшылықты ойшыл Абай тұлғасымен кеңірек таныстыру көзделген. «Өлең-өрнек, сөз сәулесі — Абай әлемі» тақырыбында үш тілде квест және викторина ойындары өтеді. Бұл жерде ашық микрофон ұйымдастырылып, Абай әндері де шырқалады.
Төртінші алаң «Ұлт болмысы»деп аталады. Мұнда ұлттық ойындар ойнатылады, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрді насихаттау бағытындағы іс-шаралар өтеді деп жоспарланған.
Жоғарыда айтқанымыздай, 10 тамызда Абай күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар барлық ауданда ұйымдастырылады.
Айна САРЫБАЙ.



