Караоке және поэзия кеші

Триатлон саябағында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ерекше форматтағы караоке және поэзия кешіөтті. Ұлт әдебиетінің темірқазығы, ой мен сөздің хакімі Абайдың мұрасын — шығармаларын әдеби-музыкалық кешке келгендер бірге орындады.
Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, жастарды ақын шығармалары арқылы ұлттық құндылықтарға баулу, өнер-білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген кеш барысында қала тұрғындары Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін оқыды. Мәселен, Н.Жәлелова «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін оқыса, А.Есмаганбетова — «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», Г.Сапабекова — «Өлең сөздің патшасы», Ү.Канибуллаева «Сегіз аяқ» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кітапхана оқырманы А.Колбаева«Масғұт» поэмасын жатқа айтты.
Қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен өткен іс-шараға келген облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы Анар Даржанова қала әкімініңорынбасары Әсет Оралбаев, депутаттар саябақ демалушыларымен бірге ақын туындыларын оқыды.
Келушілер Абай әндерін караокемен орындады. «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндерін көрерменмен бірге орындаған сәт ерекше әсер қалдырды. Қала тұрғындары ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап берді. «Шын хакім, сөзің асыл-баға жетпес,Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес», — деп МағжанЖұмабаев айтқандай,караоке кеші тек өнер мерекесі ғана емес, Абай мұрасына деген құрметтің көрінісі болды.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



