Ашық аспан астындағы кеш

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ауласында «Ақтөбе аспанында Абай сөздері» атты рухани кеш өтті. Мәдени шара жастар мен қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлады.
Ұлы Абайдың рухани мұрасын жастар арасында насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және шығармашыл орта қалыптастыру мақсатында өткен шараны Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Кеш барысында еркін микрофонда Абай шығармалары оқылып, интеллектуалды ойындар ойнатылды.
— Абайдың қазақ әдебиетіндегі, қазақ философиясындағы орны биік. Ақын адамның ең қымбат кезі — жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе: «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз…», деген тұжырым ұсынады. Сондықтан Абай шығармашылығы — жастарға өшпес мұра, — дейді Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Үміт Жолдасқызы.
Кеш соңында қатысушыларға Абайдың кітаптары мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл шара жас буынның ұлттық мәдениет пен руханиятқа деген ықыласын арттырып, Абай мұрасын жаңаша қырынан тануға жол ашты.
А.БОЛАТБЕК.



