Ақылдасу аудиториясының адамы

Жалпы Ақтөбе өңірі журналистикасының өзіндік бет-бағдары, тұтастай тарихы бар. Оның бастауында қазақтың қарымды қаламгері Жиенғали Тілепбергенов сынды танымал тұлғалар тұр.
Одан беріде бірнеше буын газетшілер толқыны қалыптасып, жақсы дәстүрлер біріненбіріне сәтті жалғасын тауып келеді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында баспасөзге жаңа леп, соны серпін ала келген топтың сапында Рахымжан Өтеміс те бар еді.
Ол өзінің журналистік жолын аудандық «Ырғыз» газетімен берік байланыстырды. Осында қатардағы тілшіден редакторлық қызметке дейін көтерілді. Ара-арасында мемлекеттік қызметте де өз қарым-қабілетін байқатты. Бірақ, қай жерде жүрсе де қолынан қаламын тастаған емес.
Қазақстанның құрметті журналисі, Ырғыз ауданының құрметті азаматы Рахымжан Өтеміс бүгінде жетпіс жасқа толып отыр.
«Ырғыздағы» із
Кішкентай кезінен газет-журналға үңіліп, кітап оқып өскен баланы сөз құдіреті өзінің бауырына бірте-бірте тарта берді. Бір күндері мен де мақала жазсам деген бір ой мазалай бастағанын өзі де аңғармай қалса керек. Сондай ниетпен аудандық газетке жіберген шағын хабары «Оқушылар көмегі» деген атпен басылым бетінде жарқ ете қалды. Қуанышында шек жоқ. Төрт беттік шағын газетті оңашалап та оқиды, былай да қарайды. Ақши ауылының жетінші класс оқушысы бір күнде айналаға танымал болғандай көтеріңкі көңілкүйде жүрді.
Аудандық басылымдағы осы алғашқы қадам кейін Рахымжанның біраз жылы арналған «Ырғыз» газетіндегі шығармашылық ғұмырының негізін қалағандай еді. Мектеп бітіріп, Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған кезінде жаз айында өндірістік тәжірибеден өтуге келіп жүрді. Сол кездің адамдары өзгеше ме, редакциядағы үлкені бар, кішісі бар, бәрі де өз бауырындай, ерекше қамқорлықпен қарайды.
1975 жылы осы газетке фототілші деген штатпен жұмысқа қабылданды. Қызметінің атауы солай болғанымен, күнделікті жұмысында мекеме-кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарының жұмысы, басқа да маңызды тақырыптар бойынша мақалалар жазады. Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет шығады, бір нөмірді шығарып үлгерсең, екіншісі кезегін күтіп тұрады. Тыным таппайсың. Бірақ қаламы жүріп тұрған журналист бұған шаршамайды. Өйткені әрбір жарық көрген мақалаң жанкешті еңбегіңнің жемісі іспетті жүрегіңді жылытады, жаныңды жадыратады.
Кейінірек ойлап отырса, қандай керемет адамдармен қызметтес болған десеңізші!
Аудандық газетті отыз жылдай уақыт Әжібек Мәліков басқарды. Журналистік жоғары білімі бар Әжекең алдында облыстық газетте бірсыпыра жыл қызмет істеп, ысылып келген адам. Оның орынбасары болған Сәдуақас Сәрсенбаев, жауапты хатшылық қызметті атқарған Әбдісағи Мүтәлиев, Ильгиз Жарлығаев өз істеріне берілген жандар болатын. Газетте әр жылдары қызмет істеген Ертаза Жүсіпбеков, Ахмет Сарбөпин, Лайық Ерназаров, Төлтай Бектұрғанов, Амандық Бекниязов, Бәйеш Құрманбаев, Дәулетжан Қазақбаев, Кенжеқара Жұбаев, Күләш Абдуллина, Бибісара Оразшиналар да әрқайсысы өз алдына бөлек, бір-біріне ұқсамайтын қалам иелері болатын. Солардың бәрі де бүгінде Рахаңның жүрегіне жақын, есімдері жанына ыстық.
«Сәдуақас ағамыз — адами қалпы тек мөлдір тазалықтан тұратын бекзат болмысты жан. Өзім үшін тектіліктің, дегдарлықтың үлгісі еді. Редактордың орынбасарлығына қоса, газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі міндетін қоса атқарды. Қаншама жыл бірге қызметтес болып, оншақты жыл бір кабинетте отырғанда адамға дауыс көтергенін бір-ақ рет көрдім. Онда да газеттің мүддесі, редакцияның ішкі тәртібі үшін еді. Өзіне де, біздерге де талапшыл еді. Газетке кететін материалдарға қатты қарайтын, өзінің бүкіл қалпымен өнеге көрсетіп жүретін.
Мен редактор болып тағайындалғанда ол кезде Жаманқалада тұратын Ильгиз ағамыз құттықтап жеделхат жолдады. Сонда «…больше изучай опыт Сакена» деп жазғаны бұл кісінің қаншалықты беделді, салмағы бар екенін анық көрсетсе керек», — деп аяулы ағаға ерекше құрметін көрсетеді Рахаң.
Аудандық газетті шығарудың қиындығы аз болған емес. Газет шығаратын қағаз, баспаханалық жаңа қаріптер көбіне Ресей қалаларынан алдырылатын. Басылымның жаңа шыққан сандары таңертеңгілік аудандық партия комитетінде болуға тиіс. Сол тұстары өзара сын өрістесін деген ұран болғанымен, билік басындағылар кемшіліктерін көрсеткенді ұнатпай, жасырын болса да шабуылға шығып жататын. Осының барлығының қиындығын Рахымжан Жаңабергенұлы қатардағы журналист ретінде де, редактор болғанында да иығымен көтерді.
Негізінде, Рахаң үшін жанына ыстық «Ырғыз» газетінің өзіндік терең тарихы бар. 1930 жылы Ақтөбе округі ажыратылып, оның органы болып табылатын «Кедей» газеті екі ауданға — Ырғыз бен Темірге бөлінеді. Ырғыздағы «Шаруа тілі» газетінің редакторлығына Қазыбек Әзірмәмбетов, ал Темірдегі «Кедей» газетінің басшылығына Хамит Құрмашев бекітіледі. Баспасөз ардагерлерінің бірі Кәрім Ержанов өзінің журналистік жолын осы «Шаруа тілінде» бастайды. Ол Ырғызға келіп, баспахана құру ісін қолға алады, тілшілікке сауатты адамдарды іздестіреді.
«Шаруа тілі» кейін заман ағымына орай атауын өзгертіп, «Колхозшы», «Ленин туы» болып жалғасады. 1965 жылы аудан қайтадан ашылған соң «Ырғыз» атауына тоқтайды.
Аудандық басылымның редакторлары тізімі Қазыбек Әзірмәмбетовтен бастап, Шотбай Ембергенов, Бахман Нұрсұлтанов, Жөлеке Қоянбаев, Сағынтай Байғабылов, Бәйдеу Шынтаев, Шәкір Ғалиуллин, Әжібек Мәліков, Рахымжан Өтеміс болып жалғаса береді.
Кейін осы қуатты лектің салып кеткен жолын Марат Мырзалы алға апарды.
Рахаң өзі басшылық жасаған тұсында «Ырғыздың» үнін бұрынғысынан бәсеңдеткен жоқ. Мүмкіндігі келгенінше, айтар сөзін айтты, жақсы істердің жаршысы болды, кемшіліктерді сын тезіне салып отырды.
Қазақстанның құрметті журналисі Нұқы Қартбайұлы ағамыз көз тірісінде інісінің қалам қарымына ырза көңілмен: «Рахымжан әрбір ісі оң болған санаулы әріптестеріміздің ең таңдаулысы деуге лайық.
Адамның даңқын еңбек шығаратынын, әлемнің әміршісі де еңбек екенін ерте ұққан ол сөз қасиеті — көркемдігінде, ой қасиеті — шындығында екенін жазбай таныды. Осы сенімді бойына тұмар етіп таққан, текті сөзге темір қақпа да айқара ашылатынына күмәнсіз сенген қаламгер қараны қандырып, төрені төндіріп тұрып жазды. Әр сөзі сары алтынның буындай.
Мұнан басқа мені қаламгердің білімі асып, таланты тасып тұрса да көкірек қақпайтыны, әдептен аспайтыны, болдым деп таспайтыны қуантып сүйсіндіреді», — деп жазғаны бар.
Өткенге оралу
Бүгінде өмірдің біраз белесінен өтіп, кейінгі тұстарға көз салған уақытта Рахаңның балаң кездегі алғашқы қадамдары көңіліне жиі ойға оралатыны бар. Ол кезде республика бойынша шығатын «Қазақстан пионері» деп аталатын газетті мектептің әрбір оқушысы жаздырып алады. Өздерінің қатарластары жазған мақалаларды қызыға оқып, газетте берілген мекенжайлары бойынша хат жазысу да бір дәстүр сияқты еді-ау.
Сол газетте бала Рахымжанның Ырғыздан жазған хабар-ошарлары, мақалалары жиі жариялана бастады. Кейде газетте қызмет істейтін аға-апалары қалай, нені жазу керектігіне бағыт береді. Содан қуат алып, шығармашылық шабыт кемесіне мінген сәттері де аз болмапты.
Одан кейін «Лениншіл жас» газетіне қарай қадам басты. Бір қызығы, жастардың бұл басылымын оқымайтын адам жоқ еді. Қаламы жүйрік, керемет журналистер Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов басқарған тұстарда бұл басылымның бағы жанды.
Жастар газеті қолына енді ғана қалам ұстап, талпыныс білдірген балаң таланттарға да қолдау көрсетіп, бауырларына тартып отырды. Сол қамқорлыққа Рахымжан да ілікті. Әсіресе университеттің журналистика факультетінің студенті атанған тұсында күнделікті лекциядан соң «Лениншіл жас» қабырғасынан табылатын болды.
Бұған бір жағынан өзімен бірге оқуға түскен, кейін халыққа кеңінен танымал болған Ұлықбек Есдәулет, Қонысбай Әбіл, Жәнібек Кәрменов, Нұртілеу Иманғалиұлы, Батық Мәжитұлы, Серік Жанәбіл, Қуандық Түменбай, Жүніс Сахи, Серікқали Байменше, Жанұзақ Аязбек, Сейітқұл Оспанов секілді талантты курстастарының бәйгеде қатар шапқан жүйріктердей бір-біріне дем беріп, алға ұмтылуы да себеп болған шығар, бәлкім.
«Лениншіл жас» газетінің сол жылдардағы сандарында Рахымжан Өтемістің мақалалары жастыққа тән жылылықпен, ерекше бір жүрек тербер сезіммен жарияланып жататын. Соның бірі — «Аппақ қар, алғашқы сынақ және студент» деп аталыпты.
«Қазақтың С.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді мемлекеттік университетінің №5 корпусына ендік. Коридор қабырғасында, аудитория есіктерінде «Тыныш! Емтихан жүріп жатыр!» деген қағаздар ілінген. Екінші этаждағы 215-аудиторияның алдына жиналып тұрған бір топ жастарға қарай бұрылдық. Аталған оқу орнының химия факультетінің 1-курс студенттері академик Персидскийге математика пәнінен емтихан тапсыруда екен. Алғашқы емтиханның барысы туралы сұрауға енді оқтала бергенімізде іштен қараторы, қарақат көзді сүйкімді қыз шықты…».
Болашақ журналистің, сол кезгі студенттің бұл мақаласы арада жарты ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін өзінде сақтаулы. Алматыдағы сол бір жастық шағын, университеттегі Темірбек Қожакеев, Қайыржан Бекқожин, Тауман Амандосов, Қабижан Құсайынов, Әбілпайыз Ыдырысов секілді бұл күнде бақилық ғұмыр кешкен ұстаздарын еске алғанда өзінің мұрағатындағы осындай жәдігер дүниелеріне көз салатыны бар.
Кейін де «Лениншіл жасынан» қол үзген жоқ. 1980 жылы «Жолдама неге жатып қалады?» деген сын мақала жазыпты. Сол уақыттарда еңбек етіп жүрген жастардың жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсуі үшін немесе еліміздің көрікті орындарында, шетелдерде, халықаралық лагерьлерде демалуы үшін жолдамалар берілетін.
Автор осындай игі шаралар, жеңілдіктердің ауданда тиімді пайдаланылмай келе жатқанын сынға алады. Мәселен, жоғары оқу орындарына түсу үшін берілетін 42 жолдаманың он бірі ғана өндірісте еңбек ететін жастарға берілген. Қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларының мүшелеріне, не жас өндіріс озаттарына жолдама беруде совхоз басшылары қамқорлық жасамайтыны былай тұрсын, қайта оларды оқуға жібергілері келмейді екен. Мәселе түсінікті ғой, оларға жұмыс күші сақталуы керек.
Жас журналист осы жайларды ашып айтады, жастар газеті арқылы жастардың жанайқайын білдіреді.
Ғибратты жолдар
Рахымжан Жаңабергенұлы өзінің журналистік жолында көптеген жақсы адамдармен жүздескенін ерекше бір тебіреністі күйде баяндайды.
Заманында Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары болған Кемейдулла Төлеубаев, Рахымжан Сәкенов ағалардың, одан кейінгі ел басқарған Кенжеғали Толықбаев, Жеткерген Оралмағамбетовтердің баспасөзбен берік байланысын, қалам иелеріне құрмет-ілтипатын көрді.
Бірі Алматыда, бірі Жезқазғанда тұрып, елді сағынып келетін қарымды қаламгер ағалар Үмбетбай Уайдин, Қуаныш Ахметовті талай мәрте алдарынан шығып қарсы алып, әңгімелерін тыңдап, жанынан табылған күндер қайда десеңізші…
Ырғыз өңірінің тарихы, осы өлкеден шыққан мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге есімдері белгілі тұлғалар туралы көптеген зерттеу мақалалары — Рахымжан Өтемістің тағы бір қырын танытады.
Оның мемлекет және қоғам қайраткерлері Ұ Құлымбетов, М.Тұңғашин, репрессияға ұшыраған ару Ш.Шонанова, қазақтың тұңғыш дәрігері М.Қарабаев, Алашорда қайраткерлері, «Алаш» партиясының мүшелері Ж. Ақбаев, Б.Сисекенов, 1916 жылғы Ырғыздағы ұлт азаттық көтерілісі туралы көптеген архивтік зерттеу мақалалары жарияланды.
Журналист еңбегі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс және Ақтөбе қаласы әкімдерінің, Ырғыз ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен, Қазақстан Журналистер одағының дипломымен атап өтілді.
2014 жылы оған «Ауданның жыл адамы» атағы берілді.
2024 жылы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде оның отбасы бірінші орынға ие болып, дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Осы мерейлі отбасында журналистің жан-жары, үлгілі ұстаз Маржан ханым екеуі бес перзент тәрбиелеп өсірді. Үлкені Қанат — көркемсурет мектебінің директоры, Рауаны — кәсіпкер, Гүлфайрус — ағылшын тәлі маманы, Руслан — жеке кәсіпкер, Дархан — «Қазақстан» телеарнасында редактор болып еңбек етеді. Келіндері Индира, Гүлнара, Гауһар, Гүлім — бір-бірімен сыйласқан тату-тәтті абысындар, әулетке немерелер сыйлап отырған инабатты жандар.
* * *
…Ол Тәуелсіздігіміздің туы көтерілер сонау 1991 жылы аудандық «Ырғыз» газетінде шыққан бір мақаласының атауын «Ақылдасу аудиториясы» деп қойған екен.
Жарты ғасырдай уақыт бойы қаламын қолына берік ұстап келе жатқан әріптесіміздің басылымды ақылдасу аудиториясына айналдыру, оқырманмен ойласу басты парыз екенін ұғыну ұстанымы оның өз мамандығына деген қапысыз сүйіспеншілігін білдірсе керек.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.



