Басты жаңалықтар

Төлеген Айбергеновтің туғанына — 75 жыл

«Мен марттағы найзағай күркірімін» — деп өзі жазғандай,  күркіреп келіп,  «аймаңдай алуан дарынның» көкірегіндегі ұшқынды тұтандыра білген Төлеген Айбергенов қазақ өлеңіне тұтас бір дәуір сыйлады.

Төлеген жырларының  халыққа етенелігі соншалық, оның өлеңдерін жатқа оқымайтын қазақ аз.  «Өлгеннен кейін көп жоқтап жүрміз біз сені, Өлмеске аяқ басқаның шығар бұл сенің!» — деп Меңдекеш жазғандай,  қазақта  дәл Төлеген сықылды өлең арналып, естеліктер жазылып, жоқталған  ақын да көп емес.

8 наурызда туғанына 75 жыл толатын ақын туралы замандастары жазған естеліктердің бірсыпырасын ұсынып отырмыз.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы

 

Мен онда бұлай боларын білген жоқпын. Көктемнің жазға ұласар шағы еді. Алматының әсем бір таңында Жазушылар үйінің алдында оған жолықтым. Қайқы төсін жасыл теректердің арасынан жасырынып ескен майда лепке тосып, алыстан менің келе жатқанымды көріп, амандасқалы тоқтаған екен. Бұрын ылғи жолыққан сайын, Жазушылар одағының фойесіндегі шеттеу орындыққа жайғасып алып ол маған Қашағаннан жыр соғатын. Сол әдетіммен: «Қалай, Қашекеңді айтасың ба?» деп едім, ол: «Қызметке орналасатын болдым, бүгін-ертең бір-екі ақынды ертіп Қарақалпақстанға жүрмекпін», деді.

Бұл біздің ақырғы жолығысымыз екенін онда екеуіміз де білген жоқпыз. Ол майса көктемнің табиғаттың пісіп-толар сарша тамызға ұласар шағы еді.

«Құмдағы мұнараларды» оқып отырғанда сол біз ақырғы жолығысқан көктемнің жазға ұласар жайсаң шағы еске түседі. Бақсақ, Төлегеннен тек табиғаттың ғана емес, өз творчествосының да нағыз бабына келген келісті шағында айырылып қалыппыз.

Ол өз буыны өкілдерінің көбінен кейін келсе де, жедел ілгері шығып, көш басына оза бастап еді. Бұл, ең алдымен, Төлегеннің жер астынан бәрібір жарып шықпай тұрмайтын гейзер суындай қуатты да мол талантының арқасы. Сосын соңғы жылдардағы қазақ жырындағы қаулап өсу, қауырт биіктеудің арқасы. Мұндай шынайы творчестволық бәсеке шын талантты шығандатып өсіреді де, күйкі талантты күйретеді. Кейінгі жылдары Қ.Мырзалиев, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаевтардың кесек-кесек ақындық тұлғамен керінуі жас қауымда орынсыз көбейіп кеткен өлеңшілер тобының қатарын саралаңқырап, ақындықтан дәмелілерге өзінше бір еріксіз сұрыптау жасады. Сол сұрыптауда суырылып ілгері шыққандардың бірі — Төлеген Айбергенов.

Мұндай жүйрік көп, жүлде аз жыр бәйгесінде өзіңнің өнерпаздық құныңды, суреткерлік қасиетіңді, азаматтық абыройыңды сақтап қалу үшін шынайы талант-пен қоса дамылсыз ізденіс те керек. Ізденістің де із шиырлай беретін әшейін әуре-сарсаңы бар да, көкіректегі дарын мен көңілдегі ой-сезімді фонтан суындай көкке бір-ақ шапшытып, өнерпаз маңдайын айдай жарқырататын абыройлысы бар. Төлеген Айбергеновке сол абыройлы ізденіс тап болыпты.

Әдетте қалайда көш соңында салпақтап жүруді қаламай, өз шабысын көрсеткісі келген талабы биік жас суреткер я көштің басында кім кетіп бара жатса, соның соңынан салып қоя беретін соқыр шабысқа түседі, не тың сүрлеуге бұрылып, өзінше омбылайды.

Бұл жолдың алдыңғысы бір адамның көңілін я бірлеп, я бірлемейтін, бірақ әдебиет үшін еш пайдасы тимейтін әуейілік те, соңғысы — нағыз өнер жолы, өнерпаз жолы. Оның өзі де екіұдай. Жалпы, өнер атаулыда екіұдай емес жол бар дейсің бе? Күн сайын қыл көпірден тірілей өтіп отыратын өнерпаз өмірінің қиын болатыны да сондықтан. Біреулер, әйтеуір өзгелерге ұқсамауды мұрат қылады, енді біреулер басқаларға ұқсамаудың сырын өз бойынан, өз талантының сипатынан табады. Төлегеннің өз бетін табуы, Борис Пастернактың Шопен творчествосы туралы айтқан: «насквозь оригинально не из несходства с соперниками, а из сходства с натурой, с которой он писал» деген пікірі еске оралды. Төлегеннің де ақындық беті өзінен бұрынғыларға ұқсамауға тырысудан ғана емес, өзі жазып отырған өмір құбылысына барынша ұқсаңқырау талабынан туған тәрізді.

Төлегеннің өз буынынан өзгеше өмірбаяны жоқ, Жұмекен, Қадыр, Мұқағалиға өзек болған өмір шындықтары оған да ортақ. Бірақ Төлеген өзінің дарынды достары жеріне жеткізе жырлаған ұрпақ өмірбаянын қайтадан қозғап жатпайды, бірден Потебня айтқан формуланың екінші бунағына, «өз буынының рухани шежіресін жасауға» ат салысады. Қиын балалық шақ, соғыс зардаптары мұнда Мұқағали, Қадыр, Жұмекендердегідей өмірлік нақтылығымен көрінбейді, жалпы өлең әуенінен, бояу әлемінен ғана аңғарылып отырады. Т.Айбергенов творчествосы — өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры.

Сөз жоқ, Төлеген жырлары — қуаныш жырлары. Бірақ бұл гүлге елтіген, көбелек қуған серуеншінің қуанышы емес, қиынды көрген, қайғы мен қасіреттің де ащы дәмін татып байқаған азамат адамның жүзеге асқан мақсаты мен орындалған арманының қуанышы. Сондықтан мұндай қуаныштың бояу әлемі, әуен әлемі бір ғана гаммадан тұрмайды. Онда сонау көкірек айырар күрсіністен бастап барша сезім түгел бар, түгел көрінеді. Осындай сезім байлығы оған өмір байлығын танытады.

 

Қадыр МЫРЗА ӘЛИ

Қазақ жырына домбырадан келген

Мен Төлеген Айбергеновтің өлеңдері туралы өз пікірімді әр жерде жазып та, айтып та жүрмін. Қазақ поэзиясына сондай бір ақын келу керек еді, ол келді де, әттең… ұзақ тұрмады. Бізге мәлім бір-ақ Төлеген ғой бұл. Шын мәнінде, Алтай мен Атырау арасында қаншама Төлегендер болды. Олар әлі де бар. Айбергеновтің өмірі де, өлеңі де жаңа өспірім жас таланттарға қамқорлықпен, сеніммен қарау керек деген ақиқатты одан сайын ұқтыра түседі.

Оның тіл сындырып, әліп таныған мектебі домбыраның бауырынан өрбіген өлең-жырлар әлемі еді. Қазір қазақ жырына домбырадан келетін ақындар аз, ендігі жерде оңдайлар тіпті азая бермек. Мұның жақсылығы да, жамандығы да бар. Лайым, жақсылығы басым болғай. Бірақ бұл — тілек қана. Тілек жүзеге асу үшін күресу керек. Бардың нарқын, жоқтың парқын білмеумен күресу керек. Басбұзарлыққа қарсы жұмыс жасалынып жатса, тілбұзарлыққа қарсы сонша жұмыс атқарылуы тиіс.

Айбергеновтің самалдың желі секілді ақпа-төкпе, ақжарма өлеңдерін оқып отырғанда осындай ойлар келеді.

«Пайғамбар сынды қарттардан» тәлім-тәрбие алып өскен ол өнерге үлкен құрметпен қарайтын. Сыпыра жыраудан бастап, бергі Қашағанға дейінгі халық ақын-жырауларын түгел жатқа білетін. Соңғы жазған «Космонавт монологы» оның творчествосындағы жаңа бетбұрыстың басы еді. Жақсы ақындар өмір бойы ізденіп өтеді.

 

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Ғасырға жол

 

Шын дарын жаспен өлшенбейді. Нағыз поэзия иесінің том-том кітаптарының қалыңдығымен немесе санының көптігімен бағаланбайды.

Елуге келмесе, елемейтін әдеттің қасаң заңдылығын Төлеген де өлгесін бұзды, таласып-тартыспай, жағынып-жалбарынбай, бұғалыққа көнбес буырқанған жырларымен бұзды. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы оған өзі дүние салғаннан кейін берілді. Бұл баға — біздің ұрпақтың ақынға деген тағзымы. Бұл тағзым ұрпақ жаңарған сайын қайталанады. Өйткені Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы, біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә. Ол өзінің «Бір тойым бар» деген өлеңінде:

 

«Бір тойым болатыны сөзсіз менің.

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ… Бірақ…

Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

 

Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.

Кім білсін, талай түнгі тілегім ед —

мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның!» —

деп еді.

Сезімінен ақылы мен айласы басым боп бара жатқан ғаламда осындай тілек тілеудің өзі ірілік!

Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.

 

Сырбай МӘУЛЕНОВ

Өлеңнен жаралған жан

 

Жақында кітаптарымды жинастырып отырсам, Евгений Долматовскийдің Москвада шыққан «Өзіміз туралы өлеңдер» деп аталатын кітабы қолға ілікті. Кітаптың ішкі бірінші бетінен мынадай жазу ұшыраса кетті:

«Аса қадірменді ұстазға — Сырбай ағайға алыс Сарыағаштан шәкірттік, інілік ыстық жүректен, құрметтес көңілден естелікке!

Деніңіздің сау, үй-ішіңіздің аман, творчествоңыздың шабытты да шалқар болуына тілектеспін.

Аса құрметпен ақын ініңіз Төлеген Айбергенов.

12.06.1965 ж.».

Осыны оқып өмірден, өлеңнен ерте кеткен ақын інім туралы күрсіне ойға баттым. Өткен жылдар көз алдымда тұрып алды.

1965 жылдың күзінде оңтүстікке жолым түсті. Қасымда жазушы Танаш Дәуренбеков бар, жолшыбай Сарыағашқа соғып, Төлегеннің үйіне түстік.

— Сенің маған осы жазда Долматовскийдің кітабын сыйлағаныңа қайран қалдым, — дедім мен Төлегенге амандық сұрасқаннан кейін.

— Сіз Алматыда өз үйіңізде болғанымызда Долматовский сөзіне жазылған әскери әндерді айтып едіңіз, Долматовский кітабын жіберуіме сол себеп болды, — деді ол.

Содан кейін біраз ойланып отырды да:

— Аға, мына Сарыағаштағы кешкі мектептің бірқалыпты прозалық өмірі жалықтырып барады. Осы прозаны поэзияға айналдырайын, мені бір аптаға сұрап алып, қасыңызға ертіп әкетіңізші. Бір серпіліп, бір блокнот өлең жазып қайтайын, — деп өтініш айтты.

Оқу бөлімімен келісіп, орнына бір жолдасын уақытша қалдыратын болдық та, Ташкентке беттедік. Мирмухсин мен Миртемир үйлерінде мейман болып, өзбек жазушыларымен кездесіп, Сырдария облысына сапар шектік.

Ол үнемі машинаның арт жағында отырады. Көк блокнотын жан қалтасынан суырып алып, жол бойы жаза береді, жаза береді. Жазғанын жазғанынша оқып та үлгереді. Жол үстінде ол менен «Москва, Ленинград ақындарынан кімді жақсы көресіз? Кімдермен таныссыз?» — деп сұрайды.

— Ақын деген жалындап жанып жүруі керек қой. Оның сонында әр түрлі аңыз еріп жүрсе, ақынды биіктете бермек. Қарапайым өмірдің қалыбынан шыға алмай, қарабайыр күн кешкен адамның несі ақын, — деп қояды сөздерін ерекше бір екпінмен өрекпи айтып.

Сырдария облысында үш-төрт кездесу өткізілді. Төлеген жолда жазылған махаббат өлеңдерін оқып жүрді. Оның өлеңдерінде Шығыс поэзиясының сарыны молырақ жатқан сияқты көрінеді. Соны бір ескерткенімде:

— Мен Қарақалпақстанда туып-өстім ғой. Қазақ ақындарымен енді-енді араласып келемін. Сіз Абдолла мен Қасым жайында айтыңызшы. Оларға сенімді серік болдыңыз ғой, — дейді Төлеген.

Абдолланың жанының тым нәзіктігін, Қасымның қажыр-қайратын, өршіл рухын айтқанда оның жас баладай жаны толқиды.

— Шіркін, екеуі де ерлікке емтихан тапсырған қаһарман ақындар емес пе? Өздері батыр, сөздері батыл, халықтың ойын дөп басып, елдің арманын шертетін өлеңдерді жазып кеткен ғой, — дейді. Жолшыбай Сарығашқа қайта соғып, Төлегенмен үй алдында қоштастық:

— Сіздермен бірге болған бір апта мына блокнотқа өлең болып түсті. Амандық болса келесі шығатын кітабыма кіреді ғой, — дейді.

Ол өлеңнен жаралған жалынды жас еді.

 

Сейфолла ОСПАН, ақын

 

Құйма жырдың киесіндей ақын

 

Арғы тегі Ақтөбе өңірін жайлап, кейінгі кер заманда бірсыпырасы әрі кетіп, бірсыпырасы бері кетіп, яғни Кеңес үкіметінің қолдан жасаған аштық топалаңынан әркім ауған жаққа жол кезіп кеткен ұрпақтың ата-аналарының елімен қайта тоғысып, енді-енді ес жия бастаған сыңайлы. Соның кепілдігі болар жан-жаққа шашырап кеткен жандардың сәулелі санасы, ізгілікті істердің өз атамекеніне ойыса бастағаны. Біз де соған куә бола бастадық, әйтеуір. Осы жайдың бір куәгеріндей туған жері мен жүрген жерін, қала берді, ата-бабаларының атамекенін аңсап, сол өңірдің барша құнарын аталарының қанымен, аналарының ақ сүтімен бойына сіңірген Төлеген Айбергенов сияқты дүниеден жастай кеткен ұлы ақындарымыздың жөні бір бөлек еді. Мен білетін Төлеген сонау ертеректе Арал теңізінің солтүстігіне көзі жәудірей қарағанымен, оңтүстігінде дүниеге келген сағынышы қай елді мекенді болмасын көгертіп-көктетіп, әлсін-әлі жыр арқауына өзгеге өрнек төктіріп отырғандығы барша қазаққа аян.

Олай болса, бұл кісінің де өзінің түп-тамырындағы ұлы ағынға қайта оралып қауышып жатқандығы содан болар. Өз заманында қолы жетпей-ақ кеткен ақын арманының орындалуы ғажап десе болғандай, үлкен қуаныш екендігінде сөз жоқ. Сол үшін де ол барша қазақ еліне өзінің дән ырзалығын айтып, сәулелі сөз қанатымен қара бұлтты қақ жарып дегендей, көктегі күннің әппақ нұрын жыр арқауына қондырып, сол кездегі астанамыз Алматыға келген еді. Ақындық жүрегін қолына ұстап, алып-ұшып келгені тап кешегідей көз алдымызда. Және жай келмей өзінің бойына жаратылысымен біткен үш қасиетімен жүрегі жарыла келіп еді. Ол өзінің ата-бабаларының мәңгілік ірге тепкен «Атамекен» және бұған қоса «Адамға» деген сүйіспеншілігін «Ақындық» жоралғысымен ала келгендей. Енді біз сол жырларға құлақ түрейік:

 

Көл-дария көкірегімнен бір тұнба ашып,

Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.

Жаутаңдап қазір менің жанарымда

Тұп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.

 

Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,

Туған жер, мен сен салған құс түлетіп,

Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа

Тұрғаны өз топырағыңның ыстық өтіп.

 

О, менің мәңгі басар нық тұрағым,

Қалайша махаббатымды ұқтырамын?

Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте

Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын!

 

Бұл тұста Жұмекен, Мұқағали бастаған көп ақындардың әлі сара жолға түсе қоймаған шағы еді. Бұл уақытта заманымыздың ұлы ақыны Әбділда Тәжібаевтың тілімен айтқанда «…Біз поэзиямыздың тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық та, Төлеген дүниесін көрдік». — дегізген және тағы бір классик майталман ақынымыз Қуандық Шаңғытбаевтың «…Ақынның асқақ жырын ғажайып ғұлама жылдардың шежірелі беттерінде сөйлеп тұрған сырға балап, осынау сыр жылдар парағы аударылғанда жабылып кетуі мүмкін екенін тыңнан тауып айту арқылы өлімнің өзін сылқым образға айналдырған Айбергенов өлеңдеріндегі су жаңа нұсқалылықты эпитет көлегейлеп, көрсетпей тұрған жоқ, қайта айқындап, аша түсіп тұр», — дегізген сөздеріне куә болдық. Шындығы керек, сол кездегі кендір жіптей өрілген бір жағы ұранды сөздің ұңғысын танытатын жырлардың қабатына бұл ақынның жыр жолдары жібектей елдің жүрегін жібітіп жібергені ақиқат. Ә дегеннен елдің аузына іліккен Төлегеннің тұтастай тұнба жырлары елдің арасына бейне аңыздай тез тарады.

 

Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

 

Бір тойым бар

 

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ…бірақ…

Ешкімді де билетпей қайтармаймын.

Онда ортаға тасталар ұран сондай:

Қайта алмайды қартың да бір ән салмай.

Жиырма бестің бәрін де сабылдыртам,

Кемпірлерге қыз күнін сағындыртам…

Сәбилерге ағаны үлгі етемін,

Жеңгейлердің толтырам гүлге етегін.

Менің жарым бұл түні кірпік ілмей,

Ақ көңілімен ақ қайың бүртігіндей,

Омырауынан бір сәуір шайқап есіп,

Ажырасқанды жүреді қайта қосып.

Мен өзім де ән салам түн ауғанша,

Менің жаным бұл күнге құмар қанша!

Бәйгі берем жығылған палуанға да,

Адалдығы сезіліп тұрар болса.

Қыз қуатын жігітке ат беремін,

Жанам деген жүрекке от беремін.

Мен әйтеуір бар жиған-тергенімді,

Бір тамаша той қылып өткеремін.

Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,

Нысанаға ап қуаныш тоқталмауын.

Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,

Қазанымда бір асым ет қалмауын.

Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.

Кім білсін талай түнгі тілегім ед,

Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның.

 

Мен сені көргем

 

Жатады сенің құз кеудең толқып-басылып,

Ойнайды сезім жүзіңде сенің от болып,

Әндерің сенің тауларға заңғар басы бұлт,

Барады мені бөктеріп.

 

Ақ дидарыңнан жаныма бір шоқ түсті ме,

Алдымда менің алаулап жатқан қыр қандай.

Қатпар да қатпар мың жылдық қарлар үстінде,

Қызғалдақ қаптап тұрғандай.

 

Қалай мен келгем бүгінге дейін мән бермей,

Қалай мен келгем ән білмей,

Мен сені қазір теңіздерге ертіп кетер ем,

Тек маған ерсең жанға ермей.

 

Қай жақтан жүрсің, қай тұстан естің арман-ән,

Шығар-ау саған сан арман қанат қармаған.

Бір жерде сені көргендеймін-ау осы мен,

Қызғалдақ, гүлін жармаған!

 

Көрдім бе сені әлде мен жазық алшақтан,

Көрдім бе әлде қырлардан жұпар аңсатқан.

Тұлғаңды сенің вагоннан көрдім әлде мен

Бұрылыстарда алдымнан состав қарсы аққан.

 

Онан соң сені өткелде көрдім өрде мен,

Тереңін толқын тербеген.

Сондағы сотқар, тебіренген ағыс мен саған,

Өтуге мұрша бермеген…

 

Мен сені көргем жырақ армандай лаулаған,

Жырлап жатқанда тау маған.

Сондағы тентек тәкаппар аспан мен саған

Шатырлап тұрып жаумаған!

 

Мен сені көргем көктемде көктен назар сап,

Ұшқанда тырна азан сап…

Жоқ, сені қазір, дәл қазір көріп тұрмын мен

Шалқыған көлім қалғып қалғанда қаз аңсап.

 

Мені ойла

 

Сеземін сүйген жүрекке

Сағыну соқпас оңайға.

Дегенмен, қалқам, қалайда

Қалт еткен шақта мені ойла.

 

Таңертең тұр да шықты көр…

Оянған шақта мені ойла.

Шұғылаға шығыс түп-түгел

Боялған шақта мені ойла.

 

Дүниені нұрлы кірпігің

Қамастырғанда мені ойла.

Талдарға көктем бүртігін

Жаңа аштырғанда мені ойла.

 

Арадай балға тоймаған

Бал қызғанғанда мені ойла.

Жым-жырт боп тегіс айналаң

Жалғыз қалғанда мені ойла.

 

Тағатсыз аңсар ынтық үн,

Жаралы хал ғой ғашық хал,

Рояль көрсең бір тілін

Мені ойлап бар да басып қал.

 

Тек қана көзге жас алма,

Ойлай бер мені күніге.

Махаббаттардың қашанда

Ойламау жеткен түбіне.

 

***

Бір жетсе менің ажалым жетеді

Найзағай оттарынан,

Сатқындар оқтарынан,

Өйткені мен теңіз боп ақтарылам.

 

Бір жетсе менің ажалым жетеді

Адам қолы жасаған ұяттардан,

Қалыңдығы осынау сияқты орман.

Әйтпесе пасықтыққа пысқырмайды

Мендегі қуатты арман.

 

Мен күн сайын теңіз боп ақтарылам,

Бұлбұл болып шулаймын бақтарыңнан.

Көктем жаққа аққулар ұшырамын,

Жазираның ақ түтек ақпанынан.

 

Басқасынан ажалым жетпес менің,

Жауыздықпен өйткені шектеспедім.

Мен жарақат салмаған семсер едім

Сондықтан жарқылдаймын,

Әйтпесе өтпес те едім.

 

Өле берсін күншілдер күйігінде,

Өз ғасырым өзімнің иінімде.

Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты

Мен өлемін өзімнің биігімде.

 

Мені ізде

 

Сен мені ізде, аяулым,

Шұғыладан барлық түн қашқан.

Сен мені ізде, аяулым,

Көктемнен барлық гүл басқан.

 

Сен мені ізде, аяулым,

Қарап қанбаған бөктерден.

Сен мені ізде, аяулым,

Парақталмаған беттерден.

 

Сен мені ізде, аяулым,

Ашылмай жатқан кендерден.

Сен мені ізде, аяулым,

Бұзылып жатқан сеңдерден.

 

Көлдерден қанат қақпасам,

Даусынан ізде сырнайдың.

Онан да іздеп таппасаң,

Көркіне көз тік нұрлы айдың.

Әйтеуір, қалқам,

мен саған

Нұр түсер жақтан жырлаймын.

 

 

 

Атамекен

 

Көл-дария көкірегімнен бір тұнба ашып.

Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.

Жаутаңдап қазір менің жанарымда

Тұп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.

 

Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,

Туған жер, мен сен салған құс түлетіп,

Дүние-ай, қандай жақсы ед табаныңа

Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп.

 

О, менің мәңгі басар нық тұрағым,

Қалайша махаббатымды ұқтырамын?

Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте

Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын.

 

Мен сендік азаматтық сертімменен,

Даусыңа дауыс қосам шертілмеген.

Мен сенің серпілмеген күніңе де

Қараймын кереметтей серпінменен.

 

Бәрін де мендегінің анамша ұғып,

Тұрсың ба болашағыма алаңшы үміт.

Мен сенің жалғыз тамшы тасқыныңмын

Кететін сенен шығып, саған сіңіп.

 

Қайғы да, мұң да менен көп табылар

Бәрі де жалғыз сен деп ақтарылар.

Баурайы мәңгі көктем заңғарлардың

Басында мәңгі жатқан ақ қары бар.

 

Ақындық

 

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,

Қосудың арпалысы бұл — тоғыспас жолдар торабын.

 

Нахақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,

Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың.

Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,

Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың.

Басқа жаңалықтар

9 Comments

  1. Төлеген ағамыз Алаштын ардакты азаматы. Жырларында тамаша мән мен мағына жатыр ғой. Әттең ас тұзы ерте таусылған. Дегенмен Абай атамыз айтқандай «Өлді деуге болама, өлмейтұғын артына із қалдырса» демекші халық барда Төлеген Айбергенов ешқашан өлмек емес.

  2. АҚЫН РУХЫНА .
    (1974 жылы Темірлан ауылынан көше бергіздім. )
    Дейтіндер бар өз биігімде құласам , Соның бірі ақын болар сұрасаң . Өлең жазып – ой маржанын тізгілеп Мәңгілікке үлгі болар жыр содан .
    Жыр арқауы бостан – босқа өшеме ? , Ақын жаны тас мүсін боп кетеме ? Шабытпенен сілкінгенде өлеңге Білесің бе ақын жасы нешеде ?
    Есте қалды кездескен күн өзіңмен , Нұр бейнеңді елестетем сөзіңнен . Бір тойыңды қазағыңа жасадың Жыр туындап оттай ыстық сезімнен.
    Өлең – жырлар өз тұлғғаңан өрілген , Дүниеге бір құдырет келтірген . « Құлагерін» ерттеп мінген Ақандай Аққан жұлдыз – Илияс болдың Төлеген.
    Айтқан сөзің жыр шумаққа айналған , Өткен өмір келсе шіркін қайтадан . Ұрпағыңа бәйтерексің бұл күнде Көрінесің ашық көңіл айнадан .
    Махаббаттың жырларына сөз берген, Есіміңе көше бердік көз көрген. Естелікпен жазып шыққан жырларым Ақын рухын бар әлемге тербеген.

  3. Төлеген – қазақ оқырманына сүйікті ақын. Оны оқырманына сұлу жырлары сүйікті етеді. Ерін сүйер ел барда Төлеген есімі ұмытылмақ емес.

  4. АРАҚ ПЕН ШАМПАН :
    (мысал) Мен Төлегенмен бір жылдары 1937 жылы 29 – шілдеде дүниеге келіппін , бір жылғы төл болғасын құрдас едік .1963- жылдары
    жаз айлары болатын . Қазақстан жазушылар одағының үйінің
    алдында Шәмші Қалдаяқов , Балта Исаев , Дүкенбай Досжанов және
    мен барлығымыз әңгімелесіп тұрғанбыз , Одақ үйінің ішінен орта
    бойлы сылыңғыр аққұбалау келген бір жас жігіт шығып , есік алдында тұрған біздермен амандасып болғаннан соң бірден дауысын
    көтере “мен сендерді үйде дастархан жайып күттім , келмедіңдер
    енді неменеге келіп тұрсыңдар дегені .
    Мен қасымда тұрған Шәмші ағадан “мына жігіт кім , өкпесін айтып
    тұрған ” дедім үйткені бірінші көруім Төлегенді .
    Әңгіменің барысы былай екен . Төлеген үйіне быраз жолдастарын
    қонаққа шақырады , келген жолдастары аз екен ,соған өкпелеп тұр
    – деді Шәмші аға .
    МЕН жас жігітке қарап , Өкпелеме жігітім , бір тойың
    болары сөзсіз мүмкін “депін.Сол жерде Төлегенмен танысып ресторан
    кофелерге қарай бет алдық барлығымыз тамақтануға .
    “Бір тойым бар менің” деген өлеңі осылай шыққан еді .
    1965- жылы үйленіп Алматыдан Темірланға келдім .
    7

    Елге келген
    соң Бердуәлі Тұрмаханбетов деген журналист ағамыз көшеде мені
    тоқтатып “Серік інім сен Төлеген Айбергеновтың “Бір тойым бар”
    өлеңін жатқа біледі дейді , рас па ? деп сұрады . Мен шынымды айттым , Жатқа білмеймін , мәнерлеп оқып бере аламын дедім .
    Сол өлеңге ұйытқы болған сен екенсің деп Төлеген өзі айтты маған . Мен Төлегенге ұстаз болғанмын Сарыағашта деді .
    1967 – жылы Алматыға бір іс – сапармен бардым ,Кластас досым
    Балта Исаевтың үйіне соқтым . Балта мен Сақыш екеуі Төлегеннің үйіне бара жатырмыз дегені . Жайша ма дедім мен .
    Төлеген Нүкіс қаласында қайтыс балыпты , сол жаққа жерлепті
    деген сөзі төбемнен жайдың оғы тигендей әсер етті маған .
    Отыз жас орда бұзар кезде о дүниелік болып кетті қас пен
    көздің арасында бір ұшқын болоып .
    Ол ұшқын борлған жоқ . Жанып тұрған жанар тау болды қазақ әдебиетіне жазған жырлары мәңгі тірі, ұрпақтарға үлгі болмақ .

    Серікбай Маханұлы .
    тыл – еңбек ардагері .
    Ордабасы ауданы .
    Темірлан ауылы .
    Т. Айбергенов көшесі № 10 үй .

  5. Серікбай Маханұлы ақын – сазгер | 17 марта 2012 04:38

    Гости Мен Төлегенмен бір жылдары 1937 жылы 29 – шілдеде дүниеге келіппін , бір жылғы төл болғасын құрдас едік .1963- жылдары
    жаз айлары болатын . Қазақстан жазушылар одағының үйінің
    алдында Шәмші Қалдаяқов , Балта Исаев , Дүкенбай Досжанов және
    мен барлығымыз әңгімелесіп тұрғанбыз , Одақ үйінің ішінен орта
    бойлы сылыңғыр аққұбалау келген бір жас жігіт шығып , есік алдында тұрған біздермен амандасып болғаннан соң бірден дауысын
    көтере “мен сендерді үйде дастархан жайып күттім , келмедіңдер
    енді неменеге келіп тұрсыңдар дегені .
    Мен қасымда тұрған Шәмші ағадан “мына жігіт кім , өкпесін айтып
    тұрған ” дедім үйткені бірінші көруім Төлегенді .
    Әңгіменің барысы былай екен . Төлеген үйіне быраз жолдастарын
    қонаққа шақырады , келген жолдастары аз екен ,соған өкпелеп тұр
    – деді Шәмші аға .
    МЕН жас жігітке қарап , Өкпелеме жігітім , бір тойың
    болары сөзсіз мүмкін “депін.Сол жерде Төлегенмен танысып ресторан
    кофелерге қарай бет алдық барлығымыз тамақтануға .
    “Бір тойым бар менің” деген өлеңі осылай шыққан еді .
    1965- жылы үйленіп Алматыдан Темірланға келдім .
    Елге келген
    соң Бердуәлі Тұрмаханбетов деген журналист ағамыз көшеде мені
    тоқтатып “Серік інім сен Төлеген Айбергеновтың “Бір тойым бар”
    өлеңін жатқа біледі дейді , рас па ? деп сұрады . Мен шынымды айттым , Жатқа білмеймін , мәнерлеп оқып бере аламын дедім .
    Сол өлеңге ұйытқы болған сен екенсің деп Төлеген өзі айтты маған . Мен Төлегенге ұстаз болғанмын Сарыағашта деді .
    1967 – жылы Алматыға бір іс – сапармен бардым ,Кластас досым
    Балта Исаевтың үйіне соқтым . Балта мен Сақыш екеуі Төлегеннің үйіне бара жатырмыз дегені . Жайша ма дедім мен .
    Төлеген Нүкіс қаласында қайтыс балыпты , сол жаққа жерлепті
    деген сөзі төбемнен жайдың оғы тигендей әсер етті маған .
    Отыз жас орда бұзар кезде о дүниелік болып кетті қас пен
    көздің арасында бір ұшқын болоып .
    Ол ұшқын борлған жоқ . Жанып тұрған жанар тау болды қазақ әдебиетіне жазған жырлары мәңгі тірі, ұрпақтарға үлгі болмақ .

    Серікбай Маханұлы .
    тыл – еңбек ардагері .
    Ордабасы ауданы .
    Темірлан ауылы .
    Т. Айбергенов көшесі № 10 үй .

  6. НҰР ОТАН .

    Сөзі , әні
    Шаттықпен . Серікбай Маханұлынікі .

    Нұр Отаным әнге қостым толғана ,
    Аймағында Қазақстан ел жаңа .
    Орман – тауын , көл мен суын сүйемін
    Бейбіт елдің тірегісің сен ғана .

    Қайырмасы :
    Нұр Отаным неткен ыстық есімің ,
    Сақтай білем қасиетін елімнің .
    Орнатылған «Отан біреу» О, бастан
    «Отан үшін отқа түскін күймейсің» .

    Нұр Отаным көкке туын көтерген ,
    Барлық ұлттар бір кісідей мен білген .
    Бостандықтың әділетін қорғаған
    Болашақтың сеніміне сендірген .

    Қайырмасы :
    Нұр Отаным от басынан басталар ,
    Басқа жердің топырағы жат болар .
    Мақтанамын тілім – дінім тұрғанда
    Жалғыз сөзің бар жүрекке жатталар .

    Қайырмасы :

  7. 1937 – ЖЫЛ ТУҒАН ЖЫЛЫМ .

    Кағынған жыл , еңіреп шер толған ,
    1937 – жылдары мен туылыппын .
    Кінә артып айталам , кімді оған
    Көз жасына көл етіп жуылыппын .

    Арғымақтар бәйгеде торға түсті ,
    Есіл ерлер тіл қатпай жараланып .
    Қанталаған үкімі қандай күшті
    Аш қасқырдай етін жеп пайдаланып .

    Жазықсыздан атылды талай ерлер ,
    Өлік жатты таудай боп әрбір сайда .
    Шырқырайды нәр татпай аш сәбилер
    Тас емшегін « Ананың » тартқылауда .

    Ай менен Күн зырлады көк жүзінен ,
    Еңіреді , жылады нар қазағың .
    Бір — біріне ор қазып «көр» үйінен
    Көтерді кеп қара жер бар азабын ,

    Жел ұйытқып тынбайды «зарын» салып ,
    Жоқтау айтып түнімен елдің жайын .
    Сол жылдарда туылып аман қалып
    Бостандыққа кенелдім жылдар сайын .

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button