Мереке

Медиация және қоғам

5 тамыз — Қазақстан медиаторларының кәсіби мерекесі. Осыған орай Ақтөбеде «Медиация бітімгебастаржол» атты конференция өтті. Аталған іс-шарағамемлекеттік және құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, қалалық және аудандық қоғамдық медиаторлар, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиында облыстық  ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арыстанбек Төлеуов жиналғандарды медиация күнімен құттықтап, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде ауылдағы медиаторлардың еңбегі туралы айтты.

— Қазіргі таңда ауылдағы дау-дамайлардың сотқа жетпей шешілуінде медиаторлардың еңбегі зор. Мәселен, ауылдағы әкім де, полиция қызметкері мен мектеп директоры да кәсіби деген атағы болмаса да  барлығы — медиаторлар. Жалпы басқарма тарапынан ауыл медиациясын дамытуға қатысты бірқатар шаруа қолға алынды. Аудандарда медиация жұмысы нәтижелі жүргізілуде. Медиация шетелдерде жақсы дамыған. Дау-дамайдың 30-40 пайызы медиация арқылы рәсімделсе, оның 85 пайызы оң нәтижемен шешіледі екен. Сондықтан біздің елімізде де осы салаға баса көңіл бөлініп жатыр, — деді Арыстанбек Төлеуов

Сондай-ақ жиында заң ғылымдарының докторы, медиатор-жаттықтырушы Светлана Балпеисова, Ақтөбе қалалық сотының судьясы Айна Абдраева,  кәсіби медиатор, заң ғылымдарының магистрі, құқық негіздері пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Мария Раева, Ырғыз ауданының кәсіби медиаторы Ләйла Ізімғалиева медиация саласына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Ал ауданнан келген медиаторлар бұндай іс-шара мамандардың жұмысына тың серпін беретінін айтты.

Медиацияның негізгі мақсаты — дауласушы екі тарапты бейбіт түрде және екі жаққа да тиімді болатындай  келісімге келтіру.  Ауылда әр түрлі дау-дамайлар медиация арқылы оң шешімін тауып жатады.  Мәселен, Жайсаңда ұрлық бойынша екі дауласушыны татуластырдым. Екеуі де шешімге риза болды. Ал бүгінгі шара ауылдағы медиаторларға үлкен серпін береді деп ойлаймын. Еңбектің еленгені өз жұмысыңа деген жауапкершілікті одан әрі күшейте түседі, — деді Мәртөктен келген медиатор Гүлжамал Өтепбергенова.

Жиын соңында қалалық және аудандық үздік медиаторлар облыс әкім орынбасарыныңАлғыс хаттарымен марапатталды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button