Мереке

Қожайын жайған дастарқан

Ұлттық менталитетімізге сай қазан-ошаққа икемі жоқ, одан он метр қашық жүретін, оны «әйелдің ісі» деп қарайтын қазақ жігіттері жетерлік. Дегенмен көктемнің алғашқы мерекесі Халықаралық әйелдер күнінде ер азаматтардың талайының бізге белгісіз сыры ашылып қалады. Талай отағасы  білекті сыбанып жіберіп, анасы мен келіншегіне, қарындастары мен қыздарына арнап мерекелік дастарқан жайып, оны  тосын сый ретінде ұсынатыны жасырын емес. Негізі, теледидардан көрсетіліп жатқан ас пісіруге арналған хабарларда жігіттер жағы небір дәмді асты дайындауда талай келіншекті жолда тастап  кететініне куә болып жүрміз.

Ақтөбелік азаматтардың ішінде де тамақты «қатырып жасайтын» жігіттер жоқ емес екен, бірақ олардың көбі өздерін газет бетінде жарнамалауға жоқ. Сондықтан құмнан ине іздегендей болып әрең тапқан азаматтармен арада болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

«12 сағат бойы асүйде жүремін»

«Амстердам» қонақүйі мейрамханасының кәнігі аспазы (шеф аспазы) Асан Шағыровты әңгімеге тартқанбыз.

—Тамақ пісіруге жасыңыздан епті болдыңыз ба?

— Мен отбасында 4 ұлдың бірімін, ал анамызға «қыздың жұмысы» деп ешқандай көмек қолын созбасақ, өзіміз аш қалмаймыз ба? Ол кісіге қыздардан кем көмекші болғанымыз жоқ. Бұрынғы Исатай, қазіргі Қобда ауданының  Ақырап ауылында өстік. Ауылдың тірлігі де ер балаларға аз жүк емес, ұлдар соны бөлісіп істейміз.  Оның үстіне үйдің ішінің тазалығы, ыдыс-аяқ жуу, тамақ пісіру — біз үшін үйреншікті жай. Менің анам Қарлығаш — тамақты өте дәмді пісіретін, қолының берекесі бар адам. Жоқтан бар жасай алады. 1990 жылдардағы елдегі қиын уақыт естеріңізде шығар, сол кезде жоғары сыныпта оқитын мен де тапсырыспен торт дайындап жүрдім. Осы талабымның соңы аспаз мамандығын таңдауыма себепші болды. Кәсіптік училищеде үш жыл оқып, аспаздық өнердің қыр-сырына ден қойдым. Қалғанын іс жүзінде игердім.

— Үйдегі келінге рахат екен ғой, дүкеннен торт сатып алмайды.  Асүйде көп жүресіз бе?

— Жоқ. Келіншегім Венераның да қолынан ас пісіру, қонақ күту келеді. Торт табу қалада қиын емес. Мен мейрамханада 12 сағат бойы асүйде жүремін, сосын үйге келгенде бір мезгіл демалғанды дұрыс санаймын.

— Дегенмен үйге қонақ шақырғанда қарап қалмайтын шығарсыз?

— Әрине, ондайда екеулеп қана қоймаймыз, үшінші сыныпта оқитын ұлым Диас та дастарханға қол орамал, шанышқы, қасық, пышақты орын-орнымен қойып, бізге қолынан келгенше қолғабысын тигізеді. Кішкентай ұлым Ілияс ағасының соңынан еріп жүреді. Салаттардың әр кезде әртүрлі болуына мен атсалысамын.

— Қонаққа қазақтың үлкен тамағы ет асылады, оған нан илеп көрдіңіз бе?

— Үйде жүргенде бойдақ кезімізде болды ғой, торт пісіретін адамның қолынан нан илеу де келетіні белгілі емес пе.

—    Қазіргі әйелдер  дүкендегі «Жайма нан» дегенге құмар болды…

Қолдан илеген қамырдан жайған дәмнің жөні бөлек, онда отанасы алақанының жылуы бар. Негізі қыз-келіншектерге еріншектік жараспайды. Иә, олар жұмысбасты шығар. Бір-екі күлше қамыр илеп, оны жаю үшін көп уақыттың керегі жоқ.

— Достарыңыздың сіздің үйге қонаққа келгісі келіп тұратын шығар?

Ол жағын өздерінен сұрағаныңыз дұрыс. Әйтеуір қонаққа  келгенде риза болып, «Тура мейрамханадағыдай болды» деп алғыстарын білдіріп жатады. Кейде «Мына салат қалай жасалады?» деп сұрап жатады.

— Асан,  8 наурызда үйдегі асүйден табыласыз ба?

— Анама, келіншегіме міндетті түрде мерекелік  сыйлық даярлаймын, бірақ үйде дастархан жайғаннан гөрі бір мейрамханаға шақырып, сол жерде құрмет көрсеткенді жөн көремін.

— «Амстердам» мейрамханасында қашаннан бері жұмыс жасайсыз?

— Бұдан он жыл бұрын сол жерде «Аспан» деген шағын қонақүй болды, сонда 3 жыл, кейін «Амстердам» болып атауы өзгергелі 7 жыл, бас-аяғы 10 жыл болды.

Мұнда қазір негізінен теңіз өнімдерінен жасалатын тағамдарды әзірлеймін. Ұлттық тағамдардан қазақша ет, қуырдақ, кеспе жасаймыз. Шетелдіктер қазақтың еті мен қуырдағына көп тапсырыс береді. Жылқы, сиыр, қой еті пайдаланылады.

— 8 наурызға әйелдер қауымына қандай тілек айтасыз?

— Аналарымыздың ақ жүзі жайнап, аман жүрсін, қыз-келіншектер  құлпыра берсін! Еліміз тыныш болсын деймін.

 

«Ықыластың дәмі тіл үйіреді»

Т.Ахтанов атындағы драма театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Мағзом Бақытжановты театр тарланы ретінде халық жақсы таниды. Ал оның ас пісірудің шебері екенін біреу білсе, біреу білмес. Осы театрдың директоры Жеңіс Қалқабеков екеуінің басы қосылғанда асүйде әйел затына орын қалмайды. «Талант егіз болады» демекші, екеуі де балықтан түрлі тағамдар әзірлеп, салаттың түр-түрін жасап, келіншектердің «қолын ұзартып тастайды». Жеңіс Әбетбекұлы асүйдің дизайнын ауық-ауық өзгертіп тұруға, асүй жиһазын таңдауға шебер. Азық-түлікті де өз тасиды. Ал Мағзом ағамыз бұрын Електен балық аулап жүретін.

— Мағзом Сәпиұлы, сіз асүйде де киелі сахнада жүргендей еркінсіз, тамақ жасауға да шабыт керек шығар, ә?

Енді ше? Тамағың дәмді болсын десең, бар ықыласыңды сал. Сонда оның дәмі тіл үйірерлік болады.

— Асүйге неғып жақын болдыңыз?

—    Менің анам Зәкира марқұм  бәліш, құймақ, торт, чак-чак дейсің бе, әйтеуір ұннан дайындалатын тағамдарды әзірлегенде еш ерінбейтін, дастарқан үсті қашан көрсең сарыала болып, тоқаш-бәліштен сыңсып тұратын. Үйде бір топ бала бармыз. Қаз бен үйректің басын қағып, жүнін жұлып береміз. Сол құстардың жүнінен жасалған көпшіктер әлі күнге үйімізде бар. Анам қаз-үйректің ішіне бірдеңелерді тығып, пешке  салып, өте дәмді етіп пісіріп береді. Өзіміз аулап әкелген балықтан небір асты дайындайды, асады, қуырады, котлет жасайды, пешке салады. Соның бәрін көріп жүрген адамның ойында қалмай ма, есейе келе мен де анда-санда дәмді ас пісіргенді ұнататын болдым.

—    Қазір қандай тағамдар әзірлеп жүрсіз?

—    Бүгінде ақсақалды атамын, кемпірім бар, келін бар, асүйде олармен жағаласып жүруге ұяласың кәдімгідей. Бүгінде тіпті жоламаймын десем де болады. Кезінде палау жасауды Шалқия менен үйренген, қазір менен озып кетті.

Дегенмен 8 наурызда зайыбыма, келіндеріме, қыздарыма, немерелеріме арнап дастарқан мәзірін әзірлеймін, жайын балықты алып, ішін тазалап, орнына көкөністерді салып, пешке салып қоямын. Жемістерден салат жасаймын. Қалғанын немерем Абзал екеуіміз  дүкеннен сатып әкелеміз. Ал жалақымды Шалқия жеңгелеріңнің  өзі алады, сондықтан сыйлық сатам алам деп қиналмаймын, өздері біледі.

—    Мерекелік тілегіңіз…

—    «Әйел күлсе, әлем күледі» дегендей, ақ жаулықты аналарымыздың, қызғалдақтай қыздарымыздың, бәйбішелеріміздің, келіндеріміздің жүзінен күлкі кетпесін деп тілеймін.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button