Білім

Ерқанаттың биігі

«Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы Ерқанат Кеңшілік Австралияда өткен халықаралық математикалық олимпиадада қола медальға ие болды. 

16-19 шілдеде Австралияның Квинсленд штатындағы Саншайн-Кост қаласында мектеп оқушыларына арналған ең беделді зияткерлік жарыстардың бірі — Халықаралық математикалық олимпиада (International Mathematical Olympiad, IMO-2025) өтті. Биыл олимпиадаға әлемнің 100-ден астам елінен 600-ге жуық жас математик қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасы бұл додада жоғары нәтиже көрсетті: құрамында 6 оқушы болып, барлығы да жүлделі орындарға ие болды. Олар елімізге төрт күміс және екі қола медаль алып келді. Жүлдегерлердің арасында дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушысы, халықаралық деңгейдегі қола жүлдегер Ерқанат Кеңшілік бар. Ерқанат өзінің білімі мен табандылығының арқасында ауыл мектептері арасында ұйымдастырылған «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаз атанған болатын. Сөйтіп,ол еліміздегі ең үздік мамандандырылған лицейлердің біріне конкурссыз қабылдану мүмкіндігіне ие болған еді.

Бүгінде Ерқанат — өз жетістіктерімен көпшіліктің назарын аударып жүрген жас математик. Оның ерекше қабілеті тек сыныптастарын ғана емес, ұстаздарын да таңғалдырады. Математикаға деген сүйіспеншілігі оған ең күрделі есептерді шығарып қана қоймай, теорияны терең түсініп, білімін жетілдіруге және жаңа белестерді бағындыруға жол ашуда.

Жас математик 2021-2025 жылдар аралығында республикалық және халықаралық олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, математикадан үздік оқушылар қатарынан көрінді. Ол «Қазақстан Білім», республикалық пәндік, жасөспірімдер, «Жібек жолы», «Жәутіков», Азия-Тынық мұхиты, Балқан және Иран олимпиадаларында жүлделі орындарды иеленіп, еліміздің құрама командасына енді. IMO-2025 халықаралық олимпиадасының қатысушысы.

Г.Базылқызы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button