Әдебиет

Нұрпейіс БАЙҒАНИН

Нұрпейіс Байғаниннің туғанына — 165 жыл

 Биыл Нұрпейіс Байғаниннің туғанына — 165 жыл, өмірден өткеніне 80 жыл толады.

Халық ақыны, жырау, жыршы НұрпейісБайғанин Темір ауданында туған.

17 жасынанбастапжыршы ретінде таныла бастады. Бастапқыда репертуарында Абыл Тілеуұлы, Алаша Байтоқ, Шернияз Жарылғасұлы, Нұрым Шыршығұлұлы сынды ақындардың өлең-жырлары болды.Бірте-бірте эпикалық жырларға көшіп, оларды өзінің жанынан шығарған шумақтармен жандандырды. Нұрпейіс Байғанин «Құбығұл», «Төрехан», «Қобыланды», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» сынды жырларды жарлаған.

«Қобыланды» эпосының сақталып қалған 26 нұсқасының ішіндегі ең көлемділерінің бірі — Нұрпейіс Байғанин жырлаған нұсқа. Ол 9300 жолдан тұрады. 1940 жылы табысталған бұл жырды ақынның әдеби хатшысы Ахмет Ескендіров жазып алған.

1939 жылы Нұрпейіс Байғанин Жазушылар одағына қабылданды. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

«Өрістенген өмір» (1939 жыл), «Ақын шабыты» (1940 жыл), «Таңдамалы» (1945 жыл), «Шығармалар жинағы» (1956 жыл), «Нарқыз», «Ақтөбе кітапханасы» сериясының ІІ томы, т.б. кітаптары жарық көрген.

Бесік жыры

Ұйықтай ғой, бөбек, ұйықтай ғой,

Ұйықтай ғой, балғын балапан.

Жырына бөлеп ұйқыңды

Тербетсін бұлбұл кәрі атаң.

Қара көзіңді жұмбайсың,

Тербетіп шайқап қарасам.

Не сездің, нені білесің,

Ұйықтамай сонша, балақан?

Әлде майдан елестеп,

Боласың ба, бала, таң?

Сол жерден сені күлімдеп,

Шақыра ма, я, папаң?

Түсті ме, әлде есіңе,

Жұмыста жүрген жан апаң?

 

Ұйықтай ғой, бөбек, ұйықтай ғой,

Ұйықтай ғой, сәби, шырағым.

Тербетейін ағызып,

Жүректен жырдың бұлағын.

Неге көзің жұмбайсың,

Тосасың неге құлағың?

Папаң жүр шалғай майданда,

Зулатып желдей пырағын.

Екі жүзді семсердің

Қанға бояп қияғын.

Білемін оны, немерем,

Ел үшін жанын қиярын.

Өйткені ол да бөбегі

Батырлар ұшқан ұяның.

 

Ұйықтай ғой, бөбек, ұйықтай ғой,

Ұйықтай ғой, тыңдап бабаңды.

Аман-сау папаң майданда

Қырып жүр фашист — тағы аңды.

Жапырып жауды дауылдай

Жоғалтса жерден арамды:

Күн күлімдеп төбеден

Мейірмен сүйсе адамды;

Қайтады туған ауылына

Даңқы жарып ғаламды.

Алдынан шығам сені алып,

Көруге сонда баламды.

 

Ұйықтай бер, бөбек, ұйықтай бер,

Ұйықтай бер тыныш, қарағым.

Тыныштығын қорғап жүр,

Папаң сендей баланың.

Жаудың қолын жапырып,

Қыранындай даланың.

Алдырмас жауға мазаңды,

Тайсалмай бұзар қамалын,

Жылжытпас арам табанын.

Көктен түскен жасылдай

Өшірер күнін, заманын.

Ұйықтай бер, бөбек, ұйықтай бер,

Ұйықтай бер, балғын балапан.

Жырына бөлеп ұйқыңды,

Тербетсін бұлбұл кәрі атаң.

 

Біздің көл

 

Күміс сулы біздің көл —

Күндік жерден көрінген.

Май айында маужырап,

Мәуесі иіліп төгілген.

Салтанатты көлдерді

Жыр қылуға ерінбен.

Шалғынының биігі —

Атты кісі адасқан.

Көк торқадай майсасы —

Көл көркіне жарасқан.

Шама қылсаң айдыны —

Ат шаптырса жеткісіз.

Өсімдігі — шекер, бал,

Татқан жануар кеткісіз.

Нарын қамыс, қалың ну,

Кесе шауып өткісіз.

Балығы арда — бесті асау,

Шортандары бақандай.

Жайыны шөккен атандай,

Аулағанға біткісіз.

Отанымда осындай

Күміс сулы көлдер көп,

Татсаң естен кеткісіз.

Жапырағы жайқалған,

Ерлер киген шапандай.

Қымыздығы күректей,

Баттауығы жүректей.

Шиесінің сабағы —

Әуелеп өскен теректей.

Ауызға салсаң атады,

Фонтан атқан шүмектей.

Бүлдіргені алқызыл,

Қызыл ала жібектей.

Тобылғысы құрықтай,

Қамысышынар сырықтай.

Сүйегі жоқ қызыл тіл

Сөз кезегін береді.

Күйлендірген жаһанды

Отанның қызық заманы.

Сексендегі шайырмын,

Сауатым жоқ, айыбым.

Қартайғанда табады

Сөздің талай қайырын.

 

Жамбылға

(үзінді)

 

Жамбыл ағам ұсынып,

Домбырасын берген соң,

Домбыраңды алайын.

Шын айқайыма салайын,

Жиынның көрдім талайын.

Мына кең, қызық заманда

Алдан алға барайын.

Жәкем рұқсат берген соң,

Бұлбұлдай сайрап қалайын.

Тегін жырды терейін,

Байтақ сөзді төгейін.

Сексенге келген жасымда

Жастармен бірге өрейін.

Жәкем — басшы, мен — қосшы,

Қапталына ерейін.

 

Таудан аққан тас бұлақ,

Жырдың ағыс көзі едің.

Ағысы құлаш ақ дария,

Ақ теңізбен тең едің.

Сөз қисығын түзеткен

Құрулы алтын тез едің.

Бақытты Жәке ағамыз,

Білікке асқан данамыз.

Мәшһүр болған халыққа

Көңіліңнен өрген санаңыз.

Білікке асқан дүлдүлім,

Сөйлеген сөзі үлгілім.

Топтан озған жұлдызым,

Тоқсаннан жасың асқанда

Тұғырыңда толықсып,

Ор киіктей ырғыдың.

Қарт тұлпардай шұлғыдың.

Ақындардың данасы,

Сен едің, Жәкем, бұлбұлым.

 

Сілтеу берді бұл Жәкем:

«Сен Нұрпейіс, жырла!» деп.

Аға — басшы, біз — қосшы,

Ағаның тілін аламыз.

Жасы үлкеннің хақы көп,

Алмасқа бар ма шарамыз?

Ақындарым сайрасын,

Қызық күнім жайнасын.

Артымнан өскен сүйеуім,

Ақындарым, қайдасың?..

 

Қош, Шығанақ!

 

Құлазып жаны қарт жырау

Домбырасын қолға алсын.

Жырға қосып Шығанақ —

Замандасы, жолдасын.

Қапалы күйді шертемін

Бақұлдаспай, көріспей,

Құшақтасып, сүйіспей,

Қоштаса алмай қалғасын.

Көркі едік екеуміз

Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз —

Жарыса аққан саланың.

Қатар жүрсек алшаңдап,

Сақалымыз тербеліп,

Желі сүйіп даланың.

Есіттік қайтқан хабарын,

Кәрі-жасым құлазып,

Қарыс түсті қабағым.

Өзің көрген домбырам

Қолыма қайта аламын.

Бейнесі әлі алдымда,

Сөздері әлі жадымда.

Елес беріп кетпейді

Ұқсап жазғы сағымға.

Қалай ғана өмірі
Шарпылды екен мейірімсіз

Ажал атты жалынға?!

Жасынан еңбек, ел сүйіп,

Ержеткені есімде.

Атадан алып мейірімді

Еңбектің жомарт бесігін

Тербеткені есімде.

Жер тәңірісі сияқты

Ноқталап долы тағдырды

Терлеткені есімде!

Есімде ойнақ салғаны

Қара жердің төсінде.

Кім білмейді елімде

Қадірлі сондай қарияны,

Әлемге аты жарияны?!

Туған жері Ойылдың

Тар құрсағын кеңітіп,

Тас емшегін жібітіп,

Аймағына ағызған

Ақ тарыдан дарияны!

Еліме есер жау тиіп,

Қызғанда соғыс майданда,

Оқ боп тиген дұшпанға

Маңдай термен суарып

Өсірген оның әр дәні!

 

Бір кездерде құлазып,

Құлан тепкен топырағын

Ойылдай туған далаңның

Күміс еттің атырабын.

«Өмірім Отан жолында» —

Деген асыл сөзіңді

Есіме алып отырмын.

Ел ұмытпас атыңды,

Ғасырларға апарар.

Ұйықта тыныш, Шығанағым,

Торқа болсын топырағың!

 

Еңбек туралы жыр

 

Көмейден құйылады жырдың басы,

Өлеңнің тасығандай дариясы.

Күй тартсам, ән шырқасам ширай берем,

Сұңқардай қияға ұшқан кең құлашы.

 

Екі елі Нұрпейістен қалыспайды

Қосылып дүмбірлеген домбырасы.

Жырында Нұрпейістің жаңалық бар,

Зейінмен құлақ салып, ал, тыңдашы.

 

Өлең-жыр, ән менен күй бұ да еңбек,

Шығарған еріккеннен емес ермек.

Адамның ақыл-ойы, қол күшіне

Сай болып дүниеде  не тең келмек?

 

Қызықты тұрмысыңды етем десең,

Аянбай істе қызмет маңдай терлеп.

Елімде қол қусырып бекер қарап,

Отырған кемпір, шал жоқ үйде меңдеп,

 

Жастықта еңбек ету қандай қызық,

Қуаныш билемей ме бойды кернеп?

Мен дағы өлең — еңбек деп түсініп

Маржандай сөзді тердім, ойды тербеп.

 

Еңбекпен абыройың арта берсін,

Жұмысқа қолдарыңды тигіз дендеп.

«Кім?» десе  стахановшы өндірісте?

Тамаша, қандай жақсы тұрсаң «мен!» деп.

 

Станок, құралыңыз жалтылдасын,

Өзіңе мін болады тұрса кірлеп.

Жалқаулық, бойкүйездік жанның қасы,

Еңбек ет ықыласпен құлаш сермеп.

 

Жалқаулар жатып ішер арамтамақ,

Ондайлар болыпты ғой елге салмақ,

Жарымай ішер асқа, азып-тозып,

Өзінің қатарынан кейін қалмақ.

 

Борышын ел алдында өтемесе

Жұрт алған абыройды қайдан алмақ?

Жұмысқа әлдеқалай қолы тисе,

Кеш келіп, мезгіл бұрын кетіп қалмақ.

 

Еңбекте, адалдықта бақыт, ырыс,

Қоғамға сыйыспайды делбе жүріс.

Еңбекке жалқауларды шақырамын,

Өмірге еңбекпенен келген дұрыс.

 

Отанға тартуыңды лайықтап,

Беруге жан аямай істе жұмыс.

Әркім-ақ еңбегімен бағаланад,

Сондықтан еңбек ету — күшті борыш.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button