Тағзым

Тура жолдың адамы еді…

Тіршілік жолында талай адамдармен кездесесің. Олардың тағдырлары да бір-біріне ұқсамайды, өмірлік ұстанымдары да бөлек.

Түр-тұлғасы, мінез-құлқы көп жандарға ұқсай бермейтін сондай азамат ағалардың бірі Тұрарбек Смағұлов еді.

Егер ол арамызда болғанда, бүгінде тоқсан жасқа толар еді.

Өзім талай жанында болып, жақсы істерінен үлгі алған, үлкенге қамқорлық, кішіге қолдау жасап жүретін қасиетіне талай куә болған сол бір ерекше кісінің адами келбеті, жігерлі іс-қимылдары қазір де көз алдымда…

Балалық шақтағы ұмтылыс

Оның өмір жолдары да қарапайым. 1935 жылы қатардағы шаруа отбасында дүниеге келген ауыл баласы сол бір кезеңнің қиындықтарын сезініп өседі. Бірақ көкірегі таза, шынайы көңіл алға талпынып, келер күндерден бір жақсылық болатынын сезгендей, қай істе де қатардан қалмауды алдына мақсат етіп қояды. Балалық шағы соғыстың қым-қуыт кездеріне тап келеді. Үлкендердің жанында жүріп, әйтеуір бір көмегін тигізу күнделікті дағдылы ісіне айналады.

Сабағын да жақсы үлгеруге ұмтылады. Мектепті бітірген соң Ақтөбе қаласындағы фабрика-зауыт жұмысшыларын дайындайтын оқуға жібереді. Ол уақытта үлкені болсын, кішісі болсын, бәрі үкіметтің бақылауында.

Жиырмадан енді асқан шағында өзі тұстас Ақілгек атты арумен сөз байласып, шаңырақ көтереді.

Елуінші жылдардың орта тұсында елде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Бір жағынан, тың игеру қызу қарқынмен жүргізіліп жатты, сонымен бірге төрт түлік малды өз төлі есебінен өсіруге бағыт ұсталды. Осындай жағдайда орта буын мал мамандарына сұраныс арта түсті. Жер-жерде ауыл шаруашылығы техникумдары ашылып жатты. Соның бірі Орал облысы аумағындағы Бөрлі техникумы болатын. Осы оқу орнының агрономдық бөлімін бітірген оны жолдамамен Ақтөбе қаласының іргесіндегі «Елек» кеңшарына жұмысқа жібереді. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты, өзінің туып-өскен өңірі — «Сағыз» совхозында қалды. Шаруашылықтың сан-салалық жұмыстарына белсене араласып жүріп, еңбектен қол үзбей, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінің сырттай бөлімін бітірді.

Жас буынға жол көрсеткен…

Тұрарбек ағаның өзін ел тірлігінен бөлек ұстамайтын қалпы оны көпшіліктің адамы етіп жібергендей еді. Шынында да,ол ауылдың қандай шаруасы болсын, кірісіп кете беретін. Сондықтан да оған үлкеннің де, кішінің де айналсоқтап келе беретіні осындай тартымды мінезінен болар-ау деп ойлаймын.

Бір кездері ол Сағыз орта мектебінде трактор және машина жүргізу пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды. Бұған бір жағы техника тілін жақсы білетіндігі де себепші болған шығар. Екіншіден, бірдеңе үйренсем, білсем деген талапты жастың бетін қайтармай, жанына жақын ұстап, баулып шығаруға шеберлігі де болатын.

1974 жылы қой шаруашылығын дамыту саясатына сәйкес «Ата жолы»өндірістік шопандар бригадасын құрып, мектеп оқушыларымен еңбек етті. Бұл ұжым бастапқыда мектептің өндірістік бригадасы іспетті болды. Жоғары сынып оқушылары кезекпен бір айдан еңбек етіп, біріншіден, шаруашылыққа пайдасын тигізеді, екіншіден, тәжірибеден өтеді.

Тұрарбек ағаның өмір көргендігі, тәрбие мен тәлімді тең ұстап, жас буынды еңбекке үйретудегі өнегесі кейіннен ойлап отырсам, өз алдына бір мектеп іспетті екен.

Сол уақыттарда «Сағыз» совхозында қой шаруашылығы бұрын-соңды болмаған дәрежеде өркендеп, шопандар көптеген ірі көрсеткіштерге қол жеткізді. Ақтылы қой өсірудің кәнігі шебері Қылыш Төлеповке 1966 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Тоқсан жас ғұмыр кешкен қадірлі қарияның жас буынға берер өнегесі мол болатын. Ол өзінің ақ таяғын баласына тапсырып, жақсы істі жалғастыра берсін деген ниетпен батасын берді.

Осы бір салтанатты сәт бәріміздің көз алдымызда.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сматолла Беркімбаев Орталық комитеттен және облыстан келген өкілдермен шаруашылықта болып, мал шаруашылығын одан әрі дамытудың ендігі тетігі жастардың қолында екенін айтып, олар үлкендердің үлгісін лайықты қабылдайды деген сенімін білдірген-ді.

Сол бастаманы дереу қолдап, қашанғы әдетімен елгезектік танытып, жаңа істі қолға алған да Тұрарбек Смағұлов ағамыз еді.

Тұрарбек ағамыз «Ата жолы» бригадасының тізгінін қолға ұстаған соң ұйымдастырушы және тәлімгер ретінде жаңа қырынан танылды. №1 ферма аумағындағы бөгет суына жақын жерден үш ағаш үй тігілді. Оның екеуіне бригада мүшелері орналасты да, үшіншісі қызыл отау болып белгіленді. Онда киноқондырғы, газет-журналдар, түрлі кітаптар, шахмат-дойбы, басқа да түрлі спорттық құрал-жабдықтар қойылды. Аудандағы, тіпті облыстағы алғашқы оқу-өндірістік бригадасы осылайша «Сағыз» совхозында қанат қақты.

Одан кейін осы ізбен аталған шаруашылықта мектеп түлектерінен «Алтын арай», «Жас дәурен» және «Жас ұлан» комсомол жас шопандар бригадалары құрылды.

Тұрекеңнің тағы бір ерекшелігі, шаруашылықтың бірінен соң бірі қызу жүріп жататын науқандық жұмыстарының қай-қайсысына да белесене араласатын, сол шаруалардың нақ ортасынан табылатын. Совхоздың бас мамандары Бақберген Ахметов, Жұмаш Ізбасаров, Жеңіс Смағұлов, Сайын Қошқарбаев, ферма меңгерушісі Шайхы Дәржанов, мал маманы Өмірхан Мұхтарбаевтармен тығыз араласып, алға қойылған міндеттердің жүзеге асырылуына көп көмегі тиетін.

Тұрарбек Смағұловтың жастарды өндіріске тартып, тәрбиелеудегі еңбегі еленіп, бірнеше рет республикалық жиын-слеттерге қатысып, Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері» медалімен, Мақтау грамоталарымен марапатталды.

Ол әуелден адамның көңілін жықпайтын, көпшіл кісі болатын. Алды-артынан ерген бауыры жоқ, жалғыз өскендіктен бе, басқаны жатырқамайтын, бәрін туыс көретін. Ешкімді алаламай, үйне келген адамды ерекше ақжүрекпен қарсы алатын. Сондықтан болар, ауылдың үлкен-кішісі демей Тұрекеңді жақсы көріп,сыйлап оған үйірсек болатын.

Көк дәптердің сыры

Негізінде, әрбір ұқыпты адамның өзіндік қалыптасқан тәртібі болады. Тұрекеңде де ешкімге ұқсай бермейтін сондай қасиеттер бар еді.

Мәселен, ол кейбір маңызды деген жайларды күнделікке түсіріп отырған. Соның бірін сол қалпында оқып көрелік. Онда былай делініпті:

«1990 жылғы 5 июнь. Кешкі пойызбен Құлымбекті шығарып салу үшін Ақтөбеге қарай міндім. Алтыншы июнь күні балалармен кездесіп, түсте үй-үйге таратып жіберді. Құлымбек, Жәрдем үшеуміз Болаттікіне қондық.

7 маусым күні кешкі сағат тоғызда жөнелту болады деп хабарлады. Мен алтыдағы пойызбен ауылға жүріп кеттім. Өмірбек, Шырақбай, Мәкай, Дыбыс, Пароходтар қалды. Жолаушының жолы болсын!

1990 жылғы 7 июньде сағат 7.30-да пойыздың үстінде жаздым».

Бұл — осыдан отыз бес жыл бұрын қағазға түскен жазба. Тұрарбек ағамыз ол уақытта елу бес жаста.

Тұрарбек ағамыздан қалған көк дәптерде ол кісінің өзі қолымен жазған біраз естелігі бар екен. Осы жазбалардан біраз жайды ұғынуға болады. Ол өз өмірбаянын қағазға былайша түсірген екен. Сол қалпында ұсынғымыз келеді:

«Мен 1935 жылы Байғанин ауданы «Чкалов» колхозында дүниеге келдім. Әкем Әбділ қолы шебер етікші де, тігінші де бола береді. Шешем Ақзия. Әке-шешемнің атақонысы Маңғыстауда. Өзара жылап туған жерлерін айтып отыратындарын талай естігем.

Әкемнің әкесі кезінде Смағұл сұпы атанған, Кеңес үкіметінен қуғын көріп, содан жоқ болды деседі. Маған осы жайлар түсініксіз болады да тұрады.

Ақ боз атпен Жем өзенін бойлап кетіп бара жатқанын көргендерден басқа хабар жоқ. Шешемнің әкелері молда-ишан болған. Маңғыстау жерінде мешіт ұстап, бала оқытып отырған жерінде ұсталып, қуғындалған. Әйтеуір тірі қалған ешкім жоқ.

Әке-шешем бейнетті көп көрген. Менің алдымдағы балалары шешек ауруынан айналасы бір-екі күнде өліп, есіміз кетіп отырғанда, әскер келіп, үстіміздегі киімді өртеп, басқа киіммен қара пойызга тиеп, айлап жүргенде тұрақтаған жері осы болыпты.

1938 жылы Қазақстанның өндірісінде мұнай, көмір шығатын жерлерге әр колхоздан екі семья жіберілетін болып, менің әкем Әбділ мен Нұржігіт (қазір Қарауылкелдіде) сол тізімге іліккен.

Бізді жаңадан ашылған Бершүгір шахтасына апарды. Әкем мамандығы бойынша Жамбыл атындағы артельге етікші болып орналасты. Өзімен бірге Бәшәй деген кісі болды. Әкеммен түйдей құрдас. Артельдің күнбатыс тұсынан екі бөлмелі үй салып алдық.

1941 жылы әкемді армияға шақырды. Көкбұлақта, сол кездегі аты Қарабатырда тұратын жездеміз Шопанов Ижанның үйінен бұзаулы сиыр әкеліп беріп, әкем Шалқарға кетті. Коммиссияға кеткен әкем бәлен күні Орынборға өтеміз деп хабар жіберген. Қотыртас деген станциядан әкеммен жолығып, қоштасып қалдық.

Бұл кезде елімізде Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қиын-қыстау кез болатын. Шешем артельде тазалаушы. Өзі өте қайратты. Күндіз артельдің жұмысында, түнде армияға қолғап, шұлық тоқиды.

Мен оған қарап жатып ұйықтап қаламын. Шешемнің қашан ұйықтап, қашан демалатынын білмеуші едім. 1942 жылы мектепке бардым. Көршімізде Амантай деген бала, сосын Даража деген қыз болды.

Шешем екеуміз карточкамен азық-түлік алып тұрдық. Шешем арасында ауылдағы басшы, ауқатты адамдардың шаруасын да істей қояды.

Бір күні Таңқаев деген бастықтың үйі қонақ шақырып, жәрдемге барған шешем банкіге құйған сорпаны әкеліп, «құлыным, тұра ғой, тамақ әкелдім» деп қасыма қоя қойғанда, бес саусағының терісі банкіге жабысып қалғаны әлі есімде… Кілең бейнет қой, әйтеуір осындай.

Соғыс ұзаққа созылып кетті. Шешемді қайратты, жас әйел деп теміржолдың қарын аршу жұмысына жіберді. Иесізүйде жалғыз қаламын. Ауладасиырымыз бар, ит те жоқ. Құдайқарасқанда,сиырөтетентек, біреуауладанқараса,тұраұмтылады. Ұры-қарыкөп. Ауылда ер-азаматтарболмағасын, бала-шаға, әйелдерденқорықпайды.

Солжылдарышахтадасотталғандардыңлагеріболды. Біздіңұрыдепжүргенімізсоларекенінкейінбілдім. Сельсовет бірәскерсемьясынүстімізгекіргізіпберді. Жарымжанәйелбөлмесіненшықпайды, мағанқайырышамалы.

Олкездесабақтанқалудегенжоқ. Үлкенүзілісте бала басына 50грамнаннанбереді. Соған бола қандайжағдайболмасын,сабақтанқалмаймыз. Дәптержоқ, күйеменкітапқажазамыз.

Әкемнің құрдасы Бәшәй үш ағайынды еді. Зәкула, Жансүгір деген інілері бар. Бәшәйдың кемпірі бір аяғы жоқ, балдақпен жүреді. Атын білмеймін, шешей дейміз. Зәкуланың әйелі, екі қызы болды.

Жансүгір соғысқа кетер алдында үйленген. Баласы жоқ. Бір үйде жалғыз келіншек, шешем екеумізді үйіне кіргізіп алды. Үшеуміз бір жерде тамақ ішіп, бірге жатамыз.

Бір күні шешем кино көріп келді де, мені құшақтап жылады. «Балам, әкең аман келеді деп дәмеленбе. Қырылып жатқан солдаттың есебі жоқ» деп.

Шешем стансаға барыпнан сатады, мені аш қалдырмады.

Ауылда бір соқыр шал болды. Соны сельсоветтің қасына әкелемін, айналасына шал-шауқан жиналады, әңгіме-дүкен құрады. Кешке жетектеп алып қайтамын. Балалар тиіссе, сол шалдың артына тығыламын. Осы жағдайға әбден қанықты-ау деймін.

Бір күні дауыстап, адамдарды жинап алды да, мені жетектеп, ортаға шығып: «Мына жетімді енді кемсітпеңдер! Бұл —  құр жетім емес, батыр, қасиетті адамның тұқымы. Жылата берсеңдер, атасының киесі ұрар» деп айтты. Сол күннен бастап менің жағдайым күрт өзгерді. Біреулер ырым етіп кіндік кестіреді. Шалдар шашымды алып береді, әйтеуір ешкім бұрынғыдай тиіспейтін болды.

Әкем соғыс біткен жылы Польшаны қалпына келтіруге қалып, келер жылы келді. Әкем келген соң бүкіл қиындық-қайғы ұмытылды…».

Бұл күнделікті Тұрарбек ағамыздың Жаңаөзенде тұратын қызы Орынгүл Смағұлова сақтаған екен.

Шынында да, байқап отырсаңыз, осы жазбаларда қаншама деректер айтылған десеңізші…

Бұл еңбекте Тұрекеңнің өмір жолы ғана емес, халқымыз бастан кешкен қиындықтар, елдің жағдайы, адамдардың психологиясы, түрлі көңіл күйлер байыпты суреттелген.

* * *

Тұрарбек ағамыз зайыбы Ақілгек апа екеуі төрт қыз, төрт ұл тәрбиеледі.

Әке ретінде Тұрарбек ағамыз өте еңбекқор, жаны жаңалыққа құмар, білім алудан ерінбейтін, өнегелі өмірімен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді.

Ұл-қыздары Орынгүл, Өмірбек, Сәнсұлу, Балсұлу, Қансұлу, Құлымбек, Тұрлыбек бір-бір мамандық иелері атанып, жақсы жолды жалғастыруда. Әулеттегі кенже бала Қуаныштың ғұмыры ғана қысқа болды, оның артында қалған екі перзенті бүгінде ел қатарына қосылды.

Тұрарбек ағаның бәйтеректей биік тұлғасы бүгінде жапырақтарымен жайқалуда. Еңбекпен елге танылған жақсы ағаның есімі ылғи да жадымызда сақталып тұрады.

 Ибраһим ЕРМЕКБАЙҰЛЫ,

Байғанин ауданының құрметті азаматы.

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button